Екі таңдау қыспағы: Еуропа елдері қайдан газ сатып аларын білмей жатыр

193

Бұған дейін ресейлік газдан бас тартқан Еуропа енді америкалық газға тым тәуелді болып барады. Бір тараптан тартынып, келесі бір тарапқа ұрынған кәрі құрлық елдері бұны қауіпті сигнал ретінде қабылдауда.

Екі таңдау қыспағы: Еуропа елдері қайдан газ сатып аларын білмей жатыр Фото: REUTERS / ALI OWIDHA

Bloomberg мәліметінше, осыдан 10 жыл бұрын Еуропада АҚШ-тан әкелінетін сұйытылған табиғи газға тыйым салу мәселесі талқыланған. Бұған тақтатас газын өндірудің экологияға тигізетін кері әсері себеп болып еді. Осындай көзқарасына қарамастан Еуропа елдері сұйытылған газдың 60 пайызын қазір АҚШ-тан сатып алып отыр.

Бәрі сол 2022 жылғы Ресей мен Украина қақтығысынан басталған. Басқыншылық саясаты үшін кәрі құрлық Ресейдің газынан бас тартып, басқа нарықты іздей бастады. Соның кесірінен өздері энергетикалық дағдарысқа ұшырады. Осы тұста АҚШ-тың газы дағдарыстан құтқарып қалды.  

Жоғарыда айтқанымыздай, Еуропа осылайша бір тәуелділіктен құтылғанымен, екіншісіне ұрынды. Енді еуропалық шенеуніктер АҚШ-қа шамадан тыс тәуелді болудың қатерлері туралы ашық айта бастады. Мәселе тек саясатта ғана емес, газдың басым бөлігі АҚШ-тың Мексика шығанағы жағалауындағы экспорттық терминалдары арқылы келеді. Бұл аймақта соғатын дауылдар экспорт көлеміне елеулі әсер етуі мүмкін.

Кәрі құрлық сарапшылары сондықтан бір көзге ғана тәуелді болмай, импортты әртараптандыру қажет екенін айтып жатыр. Яғни, газды бір елден емес, әртүрлі елдерден алуы қажет. Егер тек америкалық газға арқа сүйеп отыра берсе, алдағы жылдары бұл ел өнімінің нарықтағы үлесі 75 пайызға жетуі мүмкін.

Қазақстанның экспорты тарыла бастады

Осы тұста мол жер асты байлығына ие Қазақстанның әлеуетін айтпай кетуге болмас. Оның үстіне бейтарап саясатының арқасында кәрі құрлық елдерімен байланысы едәуір жақсы. Әйтсе де экспортқа жөнелтетін мөлшерге қатысты сұрақ бар. Елімізде жылына 68 млрд текше метр газ өндірілгенімен (тауарлық газы 28-30 млрд текше метр ғана), оның тең жартысы ішкі қажеттілікке кетеді. 5-6 млрд текше метр Қытайдың да алатын үлесі бар. Бірақ бұл ел 10 млрд текше метр алуы керек. Демек, экспортты кем-кетік көрінеді.

Бұған дейін де Қазақстан билігі Еуропаға газ жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдегені есте. Тіпті Ресей жері арқылы Италияға газ жеткізуді жоспарлағаны бар. Бірақ басқадан бұрын, Қазақстанның өзі де 2023 жылдан бері Ресейден газ сатып ала бастағанын ұмытпаған жөн. Алғашқы жылы жарты млрд, 2024 жылы – 4 млрд текше метр газ алдық. Бұл көлем бірнеше есе ұлғаюы да мүмкін.

Қарап отырсақ, Қазақстан газ мәселесіне келгенде экспорттаушыдан импорттаушыға айналып барады. Ең басты түйткіл – ішкі тұтынудың артуы. Кейінгі 10 жылда ішкі қажеттілік 75 пайызға өскен. Болжамдарға сәйкес, 2028 жылға қарай тұтыну көлемі 30 млрд текше метрден асып, қазіргі тауарлық газ өндірісі деңгейімен теңеседі. Ол уақытта экспорт дегенді мүлде ұмытуымыз мүмкін.

Қазірдің өзінде Үкімет газ тапшылығы барын мойындап отыр. Ресми бағалауларға сәйкес, тапшылық 2026 жылдың өзінде-ақ туындауы ықтимал. Мұны мемлекеттің жүргізіп отырған саясатынан да аңғарасыз, газ тұтыну нормалары мен үнемдеуді ынталандыратын сараланған тарифтер енгізіліп бастады.

Алдағы уақытта солтүстік пен шығыс өңірлерді газдандыру ісі белсенді атқарылмақ. Ол кезде тапшылық тіпті еселенбек. 2027-2030 жылдары Ресейден газ жеткізілетін "Ишим – Астана" магистральдық газ құбырын салу жоспарланып отыр. Оның жобалық өткізу қуаты жылына 10 млрд текше метрге дейін жетеді. Ал солтүстік және шығыс өңірлердің жалпы қажеттілігі 3 млрд текше метрден аз деп бағаланады. Демек, бұл аумақтарды энергиямен қамтамасыз етудің негізгі көзі ресейлік газ болуы мүмкін.

Қазір жұмыс істеп тұрған "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының өткізу қабілетін кеңейту мәселесі де қарастырылып жатыр. Оның негізгі көлемі қазірдің өзінде оңтүстік өңірлерге, энергетика саласына және Қытайға экспортқа бағытталған. Сондықтан ел ішінде газды солтүстік пен шығысқа ауқымды көлемде қайта бөлуге жеткілікті ресурс жоқ деп айтса болады.

Жаңа схемалар пайда болуы мүмкін бе?

Сонымен, Еуропалық одақ ресейлік газдан кезең-кезеңімен бас тарту туралы шешім қабылдады. 2027 жылдан бастап Ресейден сұйытылған табиғи газды импорттауға толық тыйым салынбақ. Ал осы тұста Қазақстан жаңа жеткізуші ретінде таныла ала ма? Экспорттаған күннің өзінде де еуропалық тарап газдың шығу тегіне міндетті түрде қарайды. Екіншіден, осындай жағдайда кәрі құрлық бәрібір газсыз отырмайды. Сондықтан ресейлік газды реэкспорттау мүмкіндігі туралы сөз болып жатыр.

Мәселен, әуелі Қазақстан Ресейден газ импорттайды, оның бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттайды да, қалған бөлігін басқа елдерге сатады. Бірақ бұны жүзеге асыру оңай емес, құқықтық жағымен қоса, санкция ілігу мәселесі де бар. Егер мұндай әрекет санкцияларды айналып өту әрекеті ретінде бағаланса, Қазақстан екінші деңгейлі санкцияларға немесе қаржылық операцияларға қатысты шектеулерге тап болуы мүмкін.

Не десек те, Еуропа ресейлік газдан бас тартқалы басқа бағыт іздеп, Орталық Азиямен де мәміле құруға ниетті. Оның үстіне Қазақстан транзиттік аймаққа айналып үлгерді. Бірақ қазір Қазақстанның Еуропаға газ экспорттай қоятындай жеткілікті ресурстары жоқ. Сондықтан "екі оттың ортасында қалған" кәрі құрлық елдері Қазақстаннан газ сатып алады деу әлі негізсіз көзқарас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу