Еліміздегі электр энергиясы мен көмірдің жартысынан астамын өндіріп отырған Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде апаттың болғанына 1 жылға жуық уақыт өтті. Былтырғы қарашадағы төтенше жағдай жергілікті жұртшылықты әжептеуір әуре-сарсаңға салды. Қыс бойы жылуға онша-мұнша жарымаған көпшілік алдағы жылыту маусымының барысы қалай боларына да алаңдаулы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өткен жылы жылыту маусымы басталғанына екі ай өтер-өтпесте қаладағы жылу желілері жарылып, жылу-электр станциясындағы қазандықтар істен шығып, 100-ден астам көпқабатты баспана мен жеке сектор үйлері әп-сәтте жылусыз қалған-ды. Қыстың қақаған суығында дірдектеп қалған жұрттың мәселесін шешуге бүкіл ел жұмылды. Еріктілер жылытқыш құралдарын жинап, билік қолдан келгенше төтенше жағдайдың салдарын жоюға кірісті. Сол уақыттан бері кеншілер шаһарында бір уақытқа да тыным жоқ.
Ерте көктемде басталған жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қала көшелерінде қазылған шұңқырлар көп. Жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де діттеген жерге жету үшін көп жағдайда сол шұңқырларды айналып жүреді. Тұрғындардың басым бөлігі ала жаздай ыстық сусыз отырды. Олардың ендігі тілегі – осы қолайсыздықтар соңының нәтижелі болуы.
"Қыста көрген қиындығымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Екі бөлмелі пәтерде үш жылытқыш құрал қосып, қабат-қабат көрпенің астында жатуға тура келді. Ата-анамыздың пәтерінде жылу батареясы жарылып, төр бөлмесі тұруға жарамай қалды. Әйтеуір, оны "Екібастұзжылуэнерго" компаниясы өз қаржысына жөндеп берді. Көктемнен бері қаланың барлық дерлік аумағы қазылып жатыр. Мамыр айынан бері ыстық су жоқ. Мұның барлығы жылыту маусымына дайындық екенін жақсы түсінеміз, бірақ қашанғы шыдай береміз? Тым құрығанда ыстық суды берсе екен. Мектепке баратын балаларға қиын. Осынша қолайсыз жағдайға көніп келеміз. Соған қарай қыста пәтеріміз жылу болса екен деп тілеп отырмыз", - дейді қала тұрғыны Алмагүл Исабекова.
Иә, шынымен жаздың кезінде де екібастұздықтар тартқан су мен жол азабы аз емес. Жергілікті билік жөндеу жұмыстарын осы айдың соңына дейін аяқтап, 1 қазанға қарай ыстық суды да, жылуды да беруге уәде беріп отыр. Айталық, осы аптада Абай көшесіндегі барлық үш жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, бұзылған жерлер қалпына келтіріледі. Мәшһүр Жүсіп көшесінде де монтаждау ісі жалғасуда.
"Екібастұз қаласы құрылғалы бері мұндай кең ауқымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Қазіргі құбырлардың барлығы дерлік 1957-1978 жылдар аралығында салынған. Олардың 92%-ы әбден тозған. Бірақ 382 шақырым құбырдың бәрін бірдей бір уақытта жаңарту – оңай іс емес. Биыл 65 шақырым желі жөндеуден өтті. Станциядағы 10 қазандықтың алтауындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Олар жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен дайын болады. Жалпы, Екібастұздағы жағдай жіті бақылауымызда", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Айта кетейік, кеншілер қаласында соңғы жылдары алғаш рет көпқабатты үйлердің 90%-дан астамы дайындық актісін алды. Бүгінде көппәтерлі 690 баспананың 663-інде тиісті жұмыстар жүргізілді. Басқарушы компаниясы болмаған 182 үйді қала құраушы кәсіпорындар өз мойнына алып, дайындады. Сондықтан осы жылы былтырғыдай қиындықтар бола қоймас, деген болжам жасап отыр жергілікті билік.
қ