Екібастұз екі жыл бұрынғы рекордын жаңартты

4340

12 мың тонна көмір тиелген жүк пойызы Ресейге жол тартты.

Екібастұз екі жыл бұрынғы рекордын жаңартты

Екібастұз-2 станциясынан 12 мың тонна көмір артқан KZ8A сериялы ауыр құрамды жүк пойызы Ресейге аттанды. Алдын ала есептелгендей, 129 вагон тіркеген үш секциялы электровоз Ресей Федерациясының Малорефтинк станциясына 30 сағатта жетеді.  

"ҚТЖ ҰК" АҚ тіркемелі жылжымалы құрамды пайдалану жөніндегі департамент директоры Ерлан Жұмасиловтың айтуынша, соңғы жылдары ауыр жүк тасымалдайтын пойыздарды жасақтауға ерекше назар аударылуда. "Қарапайым жылжымалы құрамдар 6 мың тонна көмір тартады. Олар негізінен 2 локомотивтен тұрады. 129 вагон тіркелген 3 секциялы локомотивтің артықшылығы аз бригадамен көп жүк тасымалдайды. Яғни мұнда екі бригаданың орнына бір бригада жұмыс істейді", – деді ол.

Біле жүріңіздер, мұндай ірі көлемде көмір экспорттау Екібастұз станциясының тарихында осыдан 2 жыл бұрын болған. Ол кезде 2 локомотивтен тұратын ауыр жүк пойызы Екібастұз станциясынан Ресей Федерациясына 9 мың тонна көмір жеткізген. Бұл көрсеткіш рекорд деп танылған.

Осы оқиғаның екібастұздықтар үшін маңызы зор. Себебі қазіргі таңда жергілікті кен өндіруші кәсіпорындар қатты отынның сапасын жақсартумен қатар өнімді саудалау үшін жаңа нарық көзін қарастырып жатыр.

Жасыратыны жоқ, әу баста ресейлік бірқатар кәсіпорын Екібастұз көмірін тұтынуға лайықталып салынған. Сондықтан Қазақстан үшін бұрыннан жолға қойылған экспорттық бағытты сақтап қалу өте маңызды.

"Қазақстан Темір жолы ҰК" АҚ таратқан мәліметке сүйенсек, 2017 жылы Екібастұз станциясынан тұтынушыларға 103 млн тонна көмір жөнелтілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 14%-ға көп көрсеткіш. Нақтылайтын болсақ,  72 млн тонна көмірді ел азаматтары сатып алса, 31 млн тонна көмір экспортқа шығарылған.

Айта кетейік, биыл көмір тасымалдау көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 3 млн тоннаға артады деп болжанып отыр.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу