Екібастұз энергетиктерінің 11-і коронавирусқа шалдыққан

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15384

COVID-19-ға шалдыққандардың екеуі емделіп шықты. 272 адам үй жағдайындағы карантинде жатыр. 

Екібастұз энергетиктерінің 11-і коронавирусқа шалдыққан

Екібастұз қаласындағы "Богатырь Көмір" ЖШС, "Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС және "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" АҚ кәсіпорындарында коронавирус жұқтырудың 11 жағдайы тіркелді. Бүгінде олардың екеуі емделіп шықты. COVID-19 жұқтырғандармен қатынаста болған энергетикалық кешен кәсіпорындарының 272 қызметкері үй жағдайындағы карантинде жатыр.

Екібастұздағы бұл кәсіпорындардың барлығы "Самұрық-Энерго" АҚ-ға қарайды. Компаниялар елдегі төтенше жағдай режиміне қарамастан, штаттық режимде жұмыс істеді. Ресми мәліметке сүйенсек, төтенше жағдай кезінде, яғни 2020 жылғы наурыз бен 11 мамыр аралығында "Самұрық-Энерго" АҚ-ға қарасты электр станциялары 4 984 109 кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Дәл осы кезеңде сатылған көмір көлемі 9 464 590 тоннаны құрады. Екібастұздағы ГРЭС-1  ГРЭС-2 және АлЭС тұтынушыларға 1 млн Гкал-дан астам жылудың жіберілуін қамтамасыз етті.

"Богатырь көмір" кәсіпорнында 6500-ден астам адам жұмыс істейді. Төтенше жағдай кезінде компанияның 251 жұмыскері үй жағдайындағы карантинде болды. Кеншілердің тиянақты жұмыс істеуі арқасында көмірдің өндірілуі мен жөнелтілуі штаттық режимде өтті. Үйде орындай алатын қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Жұмыс орнына қауіпсіз жеткізу үшін қосымша 16 автобус жұмылдырылды.

Екібастұз ГРЭС-2 станциясында жұмыс процесінің үзілмеүін қамтамасыз ету мақсатында, қатерлі топқа жататын жұмыскерлердің 12,4%-ын үйде оқшаулау үшін оларға демалыс күндері берілді. Персонал жетіспегендіктен және уақытша ауыстыратын адам болмағандықтан, станцияның ауысым бастықтары, сондай-ақ электр цехы мен химия цехы жұмыскерлерінің бір бөлігі үш ауысымды жұмысқа (демалыссыз) көшірілген.

Екібастұз ГРЭС-1 станциясында жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы іс-шаралар әзірленіп, жүзеге асырылуда. "Санитарлық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар жоспары" қолданысқа енгізілді. Бүгіндері 90 жұмыскер карантинде жүр. Персоналдың жетіспеушілігі станция жұмысының қуаттылығы мен жұмыс кестесіне әсер етпеді. Бұл жағдай технологиялық процеске де әсерін тигізген жоқ.

Еске сала кетейік, 13 мамырдағы дерек бойынша 154 павлодарлық коронавирусқа шалдыққан болатын. Олардың денін екібастұздықтар құрады. Бүгінде вирусты жұқтырған адамдардың 89-ы емделіп шықты. Өкінішке қарай, екі адам індеттен көз жұмды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу