Екібастұз ГРЭС-1 экспортты ұлғайтпақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16919

Станция биыл Өзбекстанға 1,5 млрд кВт/сағат электр энергиясын жеткізуді көздеп отыр.

Екібастұз ГРЭС-1 экспортты ұлғайтпақ

Былтыр отандық энергетика үшін жаңа нарыққа – Өзбекстанға жол ашылды. Аяқ астынан оңтүстіктегі көршімізге электр энергиясын тасымалдауға Ресей түрткі болған еді. Өйткені, 2019 жылдың бірінші және екінші тоқсандарында отандық компаниялар Ресейге электр энергиясын экспорттаған жоқ. Мұның себебін "KEGOC" АҚ-ның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев "Самұрық-Энерго"-ның Ресейге электр энергиясын жеткізу бойынша келісімшарт жасамағанымен түсіндірген болатын.

Шындығына келсек, Ресейге электр энергиясын тасымалдау 2018 жылдың төртінші тоқсанында-ақ тоқтаған еді. Оған ненің себеп болғаны ашып айтылмаған болатын.

Экспорт тұралаған соң, қазақстандық компаниялардың көрсеткіші құлдырай бастады. Міне, осы кезде отандастарымыз Орталық Азия елдеріне электр энергиясын экспорттау бойынша келісім жүргізуге көшті. Осылайша, Өзбекстан нарығына жол ашылды.

Оңтүстіктегі көршімізге электр энергиясын тасымалдау 2019 жылдың үшінші тоқсанынан жүзеге асырыла бастады. Былтыр жыл соңына дейін біздің тарап Өзбекстанға шамамен 1 млрд кВт/сағат электр энергиясын экспорттады. Биылғы меже бұдан жоғары. Мәселен, Екібастұз ГРЭС-1 станциясы Өзбекстанға 1,5 млрд кВт/сағат электр энергиясын экспорттауды мойнына алып отыр.

Жалпы, Екібастұз ГРЭС-1 станциясы Өзбекстанға өнім экспорттауды былтыр жазда бастаған болатын. Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілхалықовтың дерегінше, станция 2019 жылдың шілде-желтоқсан аралығында оңтүстіктегі көршімізге 923 млн кВт/сағат электр энергиясын жеткізген. Бұл іс биыл да жалғасын тауып отыр.

Тарихқа үңілсек, былтыр Қазақстан Өзбекстанға алғаш рет электр энергиясын экспорттаған екен. Ал Екібастұз ГРЭС-1 станциясы 2015-2016 жылдары Қырғызстанға шамамен 130 млн кВт/сағат өнім жеткізген еді. Сондай-ақ, 2017-2018 жылдары Ресей Федерациясын электр энергиясымен қамтыды. Облыстық басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы Ресейге экспортталған өнім көлемі 3,75 млрд кВт/сағатты құраған.

Еске сала кетейік, Екібастұз ГРЭС-1 станциясы "Самұрық-Энерго" АҚ-ына қарайды. Станцияның тәуліктік қуаттылығы 4 мың МВт-ты құрайды. Станция 8 энергоблоктан тұрады. Бүгінде оның алтауы жұмыс істеп тұр.

Екібастұз ГРЭС-1 Қазақстандағы ең ірі электрстанциясы болып саналады. Ол республикадағы электр энергиясының 20 пайызын өндіріп отыр.

Былтыр станция 18,3 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Ал 2018 жылғы көрсеткіш 19,1 млрд кВт/сағатты құраған болатын.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу