RU KZ
Екібастұз қаласында индустриялық аймақ ашылады

Екібастұз қаласында индустриялық аймақ ашылады

10:44 06 Тамыз 2019 14235

Екібастұз қаласында индустриялық аймақ ашылады

Автор:

Ақтоты Қабдықайыр

Қазіргі уақытта оны электр энергиясымен қамту мәселесі талқылануда.

Екібастұз қаласында бірқатар жаңа кәсіпорынды біріктіретін индустриялық аймақ құру жоспарда бар. Бірақ алдымен оған инженерлік желілерді тарту мәселелерін шешу қажет. Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 аумағындағы 350 гектар жерді алатын аймақты электрмен қамтудың бірнеше нұсқасы қарастырылып отыр. Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, бүгінгі күні екі нұсқа бар. Алғашқысы – жарықты ГРЭС-1 станциясының ашық тарату қондырғысынан алуды көздейді. Бұл жобаны «KEGOC» АҚ қолдап отыр. Оған шамамен 23,1 млрд теңге қажет. «KEGOC» компаниясы бұл мақсатқа 10,5 млрд теңге бөлуге әзір. Қалған сома республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлінбек. Ал екінші нұсқаға сәйкес, электр энергиясы «миллионник» деп аталатын 1150 киловольттік қосалқы станциядан тартылмақ. Сонымен қатар Екібастұздағы индустриялық аймақ аумағында қосалық станция мен электр желілерін тартуға кореялық инвесторлар ынта білдіріп отыр. Бірақ әзірше олардың нақты жобасы дайын емес.

«Екібастұздағы индустриялық аймақтың болашағы жарқын болмақ. Екі жыл аралығында барлық инженерлік желілерді тартуды көздеп оытрмыз. Мұнда қазірдің өзінде-ақ электр энергиясын молынан пайдаланатын кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлар бар. Оларға энергияны төмен бағамен, яғни 10,7 теңгемен ұсынатын боламыз»,– дейді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.

Аймақ басшысы бұл бағыттағы жоба-жоспарларды ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановпен де жан-жақты талқылады.

«Бізге электр қуатын алатын көз берсеңіздер болғаны. Сол кезде инвесторларды тартуға мол мүмкіндік туындайды. Көмірді қазіргіден де көп өндіріп, мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашамыз»,– деп сендірді аймақ басшысы.

Министр орынбасары бұл мәселе министрлік деңгейінде сарапталып, жақын уақытта тараптар индустриялық аймақты электр энергиясымен қамту жолдарын қарастыратынын айтты.

Ақтоты Қабдықайыр