Екібастұз қаласының көмір қоры 11,3 млрд тоннаны құрайды. Бұл жерде жылына 87 млн тонна көмір ашық әдіспен өндіріледі. Екібастұздың өнімін Қазақстан, Ресей және басқа көршілес мемлекеттердің ірі энергетикалық орталықтары пайдаланады.
Айта кетейік, Екібастұздың көмірін қалдықсыз игеру технологиясын кеніш қызметкерлеріне Қытай Халық Республикасының Хэцзинь қаласынан келген мамандар меңгертпекші.
Хэцзинь қаласы әкімінің орынбасары Хэ Хонглинг бастаған топ таяуда Екібастұзға келіп, кеніштердің тыныс-тіршілігімен танысты.
"ЕЭК" АҚ "Шығыс" кенішінің бас директоры Юрий Гончаров шетелдіктерге көмірдің сапасын арттыру үшін қандай шара қолданылып жатқанын баяндады. "Біздің елде ұсатылған, фракцияланған көмірге сұраныс жоғары. Кеніште кен аршу кешені іске қосылған. Жақында екінші кезектегі кешенді енгізу қолға алынады. Ол пайдалануға берілгенде 50 млн тонна қоры бар көмір қабатын игеруге мүмкіндік туып, жылына осы учаскеден 7 млн тонна қатты отын өндіріледі", – деді Юрий Гончаров.
"Богатырь" кеніші 2020-2021 жылдары конвейерлік технологияға көшуді көздеп отыр. Бұл туралы қытайлықтарға "БогатырьКөмір" ЖШС техникалық директорының орынбасары Ғалымбек Ергебаев баяндады.
"Северный" кенішінде ілкімді ізденіс бар екен. Мұндағылар көмірді байыту ісін қолға алуды көздеп отырған көрінеді.
Көмірді байыту мен терең өңдеу ісін ілгерілету бойынша "Богатырь" кеніші Қытай тарапынан тиімді ұсыныс күтіп отыр. Былтыр Екібастұздан Қытайға көмір сынамасы жіберілген болатын, осы жолы да мамандар арқылы аспан асты еліне түйір тас жөнелтілейін деп отыр.
"Көмір химиясы және технологиялар институты" ЖШС директоры Болат Ермағанбеттің сөзінше, Екібастұзда да көмірді терең өңдеу бойынша зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Біз қытайлықтардың да технологиясымен таныстық. Олар бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды", – деді Болат Ермағанбет.
Өз кезегінде "Янгуан корпорациясы" ЖШС директоры Ванг Генксуан да пікір білдірді.
"Біздің корпорация көмірді қалдықсыз игерумен шұғылданады. Көмірден кокс, бензол сияқты 70 түрлі өнім шығарамыз. Оның ішінде аэроғарыш саласында қолданылатын заттар да бар. Екібастұз көмірінің сынамасын зерттеп болғаннан кейін нақты шешім қабылдаймыз", – деді ол.
Дария Ерғазина