Екібастұз жылу станциясындағы адам өліміне жұмыс беруші кінәлі деп танылды

3124

Жұмыскердің өліміне қатысты  тергеу ісі аяқталды.

Екібастұз жылу станциясындағы адам өліміне жұмыс беруші кінәлі деп танылды

Апатқа байланысты құрылған ресми комиссия оқиға орнында көз жұмған жұмыскердің қазасына жұмыс беруші кінәлі деген қорытындыға келді.

26 қаңтардағы қайғылы оқиғаны екібастұздықтар әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Дәл осы күні ертеңгілік 10-ның шамасында қазандық құбыры жарылып, Екібастұз жылу электр орталығының ауысым басшысы Ержан Жақсыбаев қайнап тұрған суға күйіп, қайтыс болғанын жазған едік.

Станцияда орын алған қайғылы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, бір айға жуық тексеру жұмыстарын жүргізді. Жақында Павлодар облыстық еңбек басқармасы тексеру қорытындысын жариялады:

"Біріншіден, кәсіпорын заңды тұлға – ЖШС  ретінде қайта құрылған кезде Е.Жақсыбаев  (қайтыс болған ауысым цехының басшысы) бұған дейін де осы нысанда еңбек еткенімен, басқа кәсіпорынның қарамағында қалды. 2018 жылы жаңа кәсіпорынға ауысқанда, нұсқаулықпен таныспаған. Құбырдың жарылуына келсек, негізгі себеп – металл іштен коррозияға ұшыраған. Яғни, құбыр ішінен шіри бастаған, соның салдарынан жарылған, – дейді Павлодар облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов. – Құбырдағы тесікті бітеудің бірнеше тәсілі бар: газбен, арнайы сұйықтықтармен толтыру. Егер осы амалдарды ертерек қарастырғанда, металл коррозиясының алдын алуға болар еді. Бірақ ешкім де мұндай қадамға бармаған. 2017 жылы да қауіпсіздік шарасы сақталмағаны анықталды. Бұдан бөлек, құбыр жылдар бойы ылғал тартып тұрған. Олар мұны желтоқсан айында байқаған. Оны жұмыскерлер ғана емес, ауысым басшылары да, соның ішінде зардап шегуші де аңғарған. Олар мұны тәуліктік мәліметте (ведомость) жазғанымен, ақау журналында көрсетпеген. Жоғарыдағы басшылар, цех басшысы да тәуліктік мәліметке назар аудармаған. Құбырдың ылғал тартып тұрғанынан бейхабар басшылар ешбір шара қолданбаған". 

Комиссия қорытындысына сәйкес 15 лауазымды тұлға апатты оқиғаға жауапты деп танылды. Комиссия "100 пайыз – жұмыс берушінің кінәсі", деген қорытындыға келді.   

Александр Закарьянның сөзінше, бүгінде марқұмның отбасына 1 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіпорын Ержан Құсайынұлының  банктегі несиесін жапты. Компания марқұмның қызы кәмелеттік жасқа толғанша  жәрдемақы тағайындады. Бірінші жәрдемақысы сәуір айынан беріледі. Мамыр айында кәсіпорын есебінен марқұмның зираты көтеріледі.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу