Екібастұздағы жылу желілерінде апаттық жағдай орын алғалы үш айға жуық уақыт өтті. Алайда кеншілер шаһарында жылумен қамту мәселесі әлі күнге дейін толығымен шешілген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазандықтар "қатырды"
Былтыр жыл соңында негізгі ақаулар жылу желілерінде болған-ды. Қысымды көтере алмаған тозған құбырлар қайта-қайта жарылып, мамандар оларды жамап-жасқаумен болды. Ал биыл жыл басталғаны жылу-электр станциясының өзінде қиындықтар туындады. Соның салдарынан қалаға берілетін жылу температурасы күрт төмендеді. Қаңтар айының өзінде мұндағы қазандықтар 17 рет (!) тоқтады. Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылдың қараша айында қондырғылар бес рет істен шыққан еді.
"Орталық-Азиялық электр энергетикалық корпорация" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Оралдың айтуынша, қазандықтың қайта-қайта тоқтауына бірнеше себеп бар.
"Былтыр желілердегі ақауларды жойып, судың көп ағуының алдын алып, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін суды станцияға қарай жіберуге мәжбүр болдық. Соның салдарынан орталықтағы қондырғыларға кір су, басқа да қоспалар түсіп кетті. Бұл өз кезегінде қазандықтардың жұмысына кедергі келтіріп отыр. Екіншіден, жаңа жылдың қарсаңында техникалық су құбыры жарылып, станцияда "шикі" су пайдаланылды. Бұл да кері әсерін тигізбей қоймады. Ал бүгінде орталық техникалық және химиялық таза сумен қамтылып отыр. Станциядан шығатын жылудың температурасы – 71 градус. Бұл – тиісті нормаға жақын көрсеткіш", - дейді Бағдат Орал.
Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Станциядағы қазандықтардың жұмысы әлі де "қыл үстінде". Мұнда алты бірдей қазандық бір уақытта жұмыс істеп, біреуі резервте тұрған кезде ғана жылумен қамту көрсеткіші көңілдегідей болады. Бүгін сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, алты қазандық агрегаты іске қосулы болғанымен, төрт қазандық жөнделіп жатыр. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына тартылған 120 адам тәулік бойы еңбек етуде. Сондықтан алдағы 10 күн аралығында станцияның жұмысын тұрақты деңгейге келтіру көзделуде.
Айта кетейік, бұған дейін "Павлодарэнерго" АҚ басшысы Вадим Лесин станциядағы жағдайды жылыту маусымының соңына дейін қалпына келтіру мүмкін емес деп мәлімдеген болатын. Бұл сөзі үшін "басы бәлеге" қалып, қызметінен айырылды. Сенбі күні Екібастұзға келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жылумен қамтуға қатысты қордаланып қалған мәселелер Үкіметтің емес, нысанның меншік иесі деңгейінде шешілуі тиіс еді дегенді алға тартып, аталмыш компанияның құрылтайшысы – "Орталық-Азиялық энергетикалық корпорациясы" АҚ иелерінің бірі Сергей Канға Вадим Лесинді жұмыстан босатуға мәселе қойды. Инвестор Үкімет басшысы орынбасарының бетін қайтарған жоқ. Монополист компанияның жетекшісі орнын босатты.
Айтпақшы, қазандықарға қатысты тағы бір мәселе: биыл станциядағы 10 қазандықтың сегізін күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш энергетикалық және бес су жылыту қазандығы бар. Сол арқылы жылу-электр орталығының қуаттылығын әу бастағы көрсеткіш – 750 гКал-ға жеткізбек ой бар.
Кейбір тұрғын үйлер мен мектептер әлі суық
Апаттық, жөндеу-қалпына келтіру бригадалары тынымсыз еңбек етіп жатқанымен, қаладағы 26 көпқабатты үйде жылу әлі де төмен. Белгілі болғандай, бұл – апаттың салдары ғана емес. Аталған баспаналар соңғы бірнеше жыл бойы жылудан қиындық көріп келеді. Себебі жылыту маусымына дайындық барысында жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмайды. Енді мамандар үй ішіндегі желілерді тазалап, қысымын реттеу ісіне мықтап кіріспек. Содан соң жағдай реттелуі тиіс.
Сонымен қатар, шаһардағы 21 мектепте жылу параметрлері көтеріліп, бір апта қашықтықтан білім алған балалар қайтадан парталарға отырды. Ал 4 мектептегі температура әзірше көтеріле қойған жоқ. Мұндағы жағдай ертең реттеледі деп жоспарланып отыр.
"Әзірше 4 мектепте температура тиісті деңгейде емес. Мекемедегі параметр санитарлық деңгей – 18 градусқа жеткен кезде ғана балалар мектепке оралады. Ал қалған 21 мектепте бұл санитарлық норма орындалып отыр. Соның өзінде кейбір сыныптар салқын болса, электр жылытқыш қондырғылар қойылады", - деді бүгінгі брифингте облыс әкімі Асайын Байханов.
Сонымен қатар, аймақтың басшысы станциядағы жағдайды алдағы 10 күн аралығында тұрақты қалыпқа келтіру ойда барын айтты.
"Қазандықтардың жұмыс істеуі, параметрлерді көтеру бойынша жұмыстарды бір ізге келтіріп, мәселені реттеу керек. Бұл – оңай міндет емес. Соған қарамастан, барлық күш-жігерімізді осы бағытқа жұмсап жатырмыз. Алдағы 10 күн аралығында алты қазандық тұрақты түрде жұмыс істеп, біреуі резервте қойылатын жағдайға жетуіміз керек. Екінші мәселе – станцияда қазандық агрегаттары жиі істен шығады. Біреуі жұмысын тоқтатса, параметрлер бірден төмендейді. Басқа қазандықты іске қосу үшін уақыт пен адами ресурс керек. Бұл жайтты да реттеу қажет", - деді облыс әкімі.
Коммуналдық ақыны кім төлейді?
Қазіргі таңда екібастұздықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – коммуналдық қызметтің ақысы. Кейбір тұрғындардың айтуынша, жылу ақысына жеңілдік жасалып жатқандықтан, ай сайынғы сома қатты қымбаттай қойған жоқ. Ал электр энергиясы үшін төленетін ақы аспандап кетті. Электр жылытқыштарды қосуға тура келгендіктен, ай сайын 15-25 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр. Мұндай сома қалтаға салмақ салары анық.
Өткен жылдың желтоқсан айында "ОАЭК" АҚ электр энергиясының шығынын өтеу үшін "Горэлектросеть" компаниясына 241,8 млн теңге төлеген болатын. Ал қаңтар айында монополист кәсіпорын тек жылу энергиясына 70 пайыздық жеңілдік жасап отыр. Атап айтқанда, қалыпты жағдайда екібастұздықтар жылу үшін 240 млн теңге төлесе, қаңтар айы үшін 80 млн теңге шамасында өтейді. Ал электр энергиясына өткендегідей өтемақы беру әзірше қаралып жатқан жоқ.
"Жалпы, жылумен қамтуға қатысты проблема басталғалы біздің компания 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсады. Оның 1,3 млрд теңгесі жөндеу жұмыстарына, электр жылытқыш, радиаторлар, басқа да қажетті материалдар сатып алуға бөлінді. Тағы 241,8 млн теңгені желтоқсан айында тұтынған электр энергиясының ақысы ретінде аударылды. Одан басқа жекелеген шығындар бар. Яғни, қазіргі уақытта қаңтар айында тұтынған электр энергиясы үшін тағы да өтемақы қарастыратын қаржылай мүмкіндік жоқ. Ол жеке мекеме болғандықтан, оның тарифіне де әсер ете алмаймыз. Дегенмен, аталған кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіп көреміз", - деп уәде берді Бағдат Орал.
Жылу желілері жаңғырып, жөнделеді
Жылумен қамтуға қатысты түйткіл алдағы жылыту маусымында қайталанбас үшін қазірден-ақ дайындық жұмыстары басталып кетті. "Екібастұзжылуэнерго" кәсіпорнының акционерлері техникалық аудитке тапсырыс берді. Оның алғашқы нәтижесі сәуір айында шығуы тиіс. Соған қарай алдағы жұмыс жоспары түзіледі.
Одан бөлек, станциядағы 10 қазандықтың сегізі күрделі жөндеуден өтпек. Қала ішіндегі 350 шақырым желіге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тағы 14 шақырым магистарльдік құбыр толығымен жаңғыртылады.
"Бұл жағдай бәрімізге сынақ әрі сабақ болды. Сынның астында қалғанымыз да рас. Бастысы, содан дұрыс нәтиже шығарып, нақты қадамдар жасауымыз қажет. Материалдар, құралдар, бригадалар – барлығы бар. Сондықтан температуралық режимді қалпына келтіру үшін барымызды саламыз. Ендігі мәселе – келесі жылыту маусымына дайындалу. Көктем мен жазда жоспарлы істердің барлығын тиісті деңгейде атқару – алдымызда тұрған зор міндет", - дейді Асайын Байханов.
Жоспарлы істер жүзеге сәтті асса екен дейміз. Әйтпегенде, кеншілер шаһарының тағы да бүрсең қағатын қауқары жоқ.