Екібастұзда алғашқы жекеменшік индустриялық аймақ ашылады

4761

Оны Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы басқарады. 

Екібастұзда алғашқы жекеменшік индустриялық аймақ ашылады

БАӘ "Canarax" компаниясы мен Павлодар облысының әкімдігі осы жылдың наурыз айында тиісті меморандумға қол қойған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сол құжаттың негізінде Екібастұз қаласының аумағынан индустриялық аймаққа арнайы орын берілді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтің сөзінше, бұл – облыстағы алғашқы, ал еліміздегі екінші жекеменшік аймақ болмақ. Қазіргі уақытта жеке инвесторлар ашқан осы іспетті аймақ Ақтөбе облысында ғана жұмыс істейді.

"Бүгінде "Canarax" компаниясы тиісті органдарда тіркеуден өтуде. Кейін Павлодар облысы әкімінің өкімімен оған басқарушы компания деген мәртебе беріледі. Яғни, индустриялық аймақ толығымен жекеменшік болады. Жаңа өндірістік жобаларға қатысты мәселелерді инвестор мен оның серіктестері өзара жүргізіп жатыр", - деді Сәкен Шаяхметов.

Жоспар бойынша, мұнда ферроқорытпа, көмірсутекті анод, кокс зауыттары мен электромеханикалық жөндеу кәсіпорны ашылады. Соның нәтижесінде Екібастұз қаласына барлығы 42 млн АҚШ доллары болатын инвестиция құйылмақ.

Сонымен қатар, "Canarax" компаниясы техникалық кремний шығару бойынша жеке жобасын жүзеге асыруды көздейді. Шетелдік инвестор қуаттылығы жылына 135 мың тонна болатын зауытқа 38 млрд теңге көлемінде қаражат салуды жоспарлап отыр. Әзірше кәсіпорынның құрылысы басталған жоқ. Биыл электр энергиясымен қамту орындары ғана салынбақ.

Айта кетейік, облыс тұрғындары мен экологтар техникалық кремний өндірісінің жобасына бірнеше рет қарсылық білдірді. Себебі қоршаған ортаға шығарылатын қалдық көлемі көп және қытайлық құрал-жабдықтар техникалық талаптарға сай келмейді. Сондықтан бірнеше рет өткен қоғамдық тыңдау еш нәтижесіз аяқталған еді.

Сәкен Шаяхметовтің айтуынша, былтыр жыл соңында болған қоғамдық тыңдау өтті деп есептеледі. Экологиялық қорытынды шығарылған соң кәсіпорынды іске қосу бойынша жұмыстар басталады.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !