Екібастұзда бір топ жұмысшы ереуілге шықты

Алайда кәсіпорын басшылығы проблемалардың барын жоққа шығарды.

Екібастұзда бір топ жұмысшы ереуілге шықты Фото: Stroyservis.com

Бүгін ел көлемінде шахтер күні аталып өтуде. Кеше кәсіби мереке құрметіне Екібастұз қаласында сала өкілдеріне түрлі марапаттар табысталып, Қайрат Нұртас, Ғаділбек Жанай, Райм сынды белгілі әншілер өнер көрсетті. Алайда осы салада еңбек ететін азаматтардың кейбірінің көңіл күйі мүлде мерекелік емес. Жұмыс жағдайына, жалақының аздығына шағымданған олар бүгін наразылығын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кеншілер қаласында 2020 жылдың шілде айынан бастап "БАС Карьер" деп аталатып жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Аталған компания басқа кәсіпорындарға көліктік-логистикалық қызмет көрсетеді. Олардың қатарында жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың үлесі басым.

Бүгін осы "БАС Карьер" ЖШС бір топ қызметкері жұмыс алаңына жиналып, біраз уақыттан бері қордаланып қалған мәселенің бетін ашты. Өз наразылықтарын видеоға жазып, әлеуметтік желі арқылы таратты.

"Біздің жұмыс істеуімізге жақсы жағдай қарастырылмаған. Көліктерді жөндеуге жаңа бөлшектер берілмейді. Жалақы да аз. Кеншілер күні қарсаңында "шахтерский" (сыйақы) береміз деп уәде еткен, ол да жоқ. Осындай мәселелерді айтсақ "Жұмыстан қуамыз" деп қорқытады. Компания басшылығымен, құрылтайшылармен сөйлестірмейді", - делінген бейнежазбада.

Сергей Пашевкин басшысы ретінде көрсетілген "БАС Карьер" өкілдері тілшілер қауымымен тілдесуге де құлық танытпады. Тек жергілікті әкімдік арқылы "сәлемхат" жолдапты. Онда әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген видеодағы мәліметтер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.

Айтуларынша, жалақы уақытылы төленбейді, жұмысшыларға жағдай жасалмаған деген сөздің барлығы жалған.

"Осы жылдың сәуір айында өндірістік персоналдың еңбекақысын төлеу жүйесінде нәтижелі жұмыс атқарылды. Соның негізгі көрсеткіші – айлықтың 20%-ға өсуі. Қазіргі таңда жұмысшылардың орташа айлығы 400-450 мың теңге аралығында. 27 тамыздағы жағдай бойынша жалақы бойынша қарызымыз жоқ. Тиісті төлем уақытылы және толық көлемде аударылып келеді. Сонымен қатар компания басшылығы маңызды операциялық шығындарды қысқартып, соның есебінен өндірістік қызметкерлерге материалдық көмек көрсетуді ұйғарды. Соған сәйкес, 15 қыркүйекке дейін сыйақының 50%-ы, 15 қазанға дейін қалған 50%-ы берілетін болды", - делінген әкімдік арқылы таратқан хабарламада.

Бұл жерде компанияның өндірістік қызметкерлер деп отырғаны – жүк көліктерінің, экскаватор, трактор сынды арнайы техникалардың жүргізушілері.

Ал Екібастұз қаласының билігі аталған мәселеге қатысты өз позициясын әзірше білдірген жоқ. Есесіне аталмыш мәселеге қатысты желі қолданушылары жарыса пікір білдіруде. "Қарағандыда қайғылы жағдай орын алып, шахтерлер қаза тауып жатқанда кең ауқымды концерт өткізудің не қажеті бар еді", "Концертке келген "жұлдыздардың" гонорарын ереуілге шыққан адамдарға бөліп берген жөн болар еді" сынды ойларын ортаға салып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу