Екібастұздағы "Проммашкомплект" зауыты жұмысын тоқтатты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
18696

Кәсіпорынның 130 жұмыскері мәжбүрлі түрде демалысқа шықты.

Екібастұздағы "Проммашкомплект" зауыты жұмысын тоқтатты

Екібастұздағы "Проммашкомплект" зауыты жұмысын тоқтатты. Бұған жұмыс көлемінің жоқтығы себеп болған. Бұл туралы Екібастұз қаласы әкімдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарланды.

Белгілі болғандай, темір жол дөңгелектерін өндіретін зауыттың жұмысы осыдан төрт күн бұрын тоқтаған екен. Кәсіпорынның бас инженері Сергей Аханьконың сөзінше, зауыттың 130 жұмыскері мәжбүрлі түрде демалысқа шыққан. Бүгін Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов "Проммашкомплект" зауытында болып, өндіріс орнында қалыптасып отырған жағдаймен танысып қайтты.

"Зауыт жұмысының тоқтауына жұмыс көлемінің жоқтығы себеп болып отыр. Себебі, 2019 жылы кәсіпорынға "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы тарапынан өтінімдер түспеген. Осы аптада инвесторлар Нұр-Сұлтан қаласында "Проммашкомплект" кәсіпорнының және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшыларымен кездесу өткізді. Аталған кездесудің қорытындысы келер аптада белгілі болады. Әкімдік кәсіпорындағы жағдайды және жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін бақылауда ұстайтын болады", – делінген Екібастұз қалалық әкімдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында.

Бір қызығы, осыдан екі апта бұрын отандық БАҚ-тарда "Проммашкомплект" зауытының өнімдеріне Американың General Electric корпорациясы қызығушылық танытып отырғаны туралы ақпарат тараған еді.

"General Electric корпорациясы біздің зауыттан темір жол дөңгелектерін сатып алуға қызығушылық танытуда. Қазір олармен хат алмасып, хабарласып отырмыз. Өз ұсыныстарымызды жібердік. Енді олардың жауабын күтеміз", – деп хабарлаған болатын "Проммашкомплект" басшылығы.

Негізінен "Проммашкомплект" ЖШС Қазақстанның ішкі нарығына басымдық беріп отырғанын жақсы білеміз. Өнімнің аз ғана бөлігін Ресейге экспорттап отыр. Зауыт жылына 200 мың темір жол дөңгелегін өндіретін қуаттылыққа ие.

Еске сала кетейік, "Проммашкомплект" ЖШС базасында темір жол дөңгелектерін өндіру процесі 2018 жылдың желтоқсан айында іске қосылған болатын. Құны 54,1 млрд теңгені құрайтын жоба бір жылға жетер-жетпес уақытта тоқтап қалып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу