Екібастұздағы жылу-электр орталығының мәселесі қашан және қалай шешіледі?

Қала тұрғындары жылумен қамту мәселесіне алаңдаулы.

Екібастұздағы жылу-электр орталығының мәселесі қашан және қалай шешіледі? Фото: pavlodarnews.kz

Елдегі көмірдің жартысынан астамын шығаратын шаһарда биыл жылу маусымы қалай болары белгісіз. Себебі жалғыз станция – "Орталық-Азия электр энергетикалық корпорациясы" АҚ қарасты жылу-электр орталығының қондырғылары әбден тозған. Жөндеу жұмыстарының барысы да көңіл көншітпейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын станцияның жағдайы мәз емес екені белгілі болды. Бұған дейін жұмған аузын ашпаған компания басшылығы енді қондырғылар мен желілердің ескі екенін айта бастады. Қолданыстағы тариф оларды жөндеп, қалпына келтіруге жетпейтін көрінеді. Басқа қондырғылар түгілі биылға жоспарланған бірлі-жарым құрал-жабдық пен қазандықтарды жаңғырту ісі баяу жүріп жатыр. Жоспар бойынша, осы уақытта жұмыстың 93%-ы аяқталуы тиіс. Алайда бүгінде 75%-ға жетер-жетпес іс атқарылды.

Сондықтан станция басшылығы активі 11 млрд теңгеден жарты млрд теңгеге дейін бір-ақ түскен кәсіпорынды қала әкімдігіне тегін беріп, оңай құтылуды ойлады. Әлде сол арқылы тағы да тариф көтеруді көкседі ме, кім білсін?! Алайда кеше Екібастұзда өткен жиын барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов тарифтің көбеймейтінін әрі станцияның мемлекет меншігіне өтпейтінін кесіп айтты.

Аймақ басшысының пайымынша, мұндай қадамдар жылдар бойы қордаланып қалған түйткілдерді тарқатуға мүлде көмектеспейді.

Керісінше, бұған дейін қазанды жылы күйінде жауып, жоба-жоспарларын жергілікті билікке айтпаған, жүйелі жұмысты ұйымдастыра алмаған компания басшылықтарын сынға алды.

Айталық, қазірдің өзінде жылу орталығындағы бес бу қазандығынан еш қайран жоқ. Олардың жұмысы мүлде тиімсіз. Есесіне жағдайды сәл де болсын реттеу үшін жаңа турбина салу қажет.

"Орталық-Азия электр энергетикалық корпорациясында" бұған қатысты техникалық-экономикалық негіздеме бар. Бірақ әлі күнге дейін қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Шешімдер мен қаржыландырудың оңтайлы нұсқалары қаралған жоқ, әкімдікпен ештеңе талқыланған жоқ. Компания басшылығы мен акционерлер жылу желілерін күрделі түрде жаңартуға байланысты жоспар да ұсынған жоқ. Соның салдарынан жылу беру маусымына сапалы дайындық та, станцияның одан әрі дамуының нақты көрінісі де жоқ. Десе де, тарифті көтеру туралы ұсыныс бар. Түптеп келгенде, тариф қанша болса да жылу-электр орталығындағы күрмеулі мәселенің барлығын бірдей шешіп бермейді. Орталықты коммуналдық меншікке беру де мәселені шешпейді", – деді өңірдің әкімі.

Облыс басшылығы олардың орнына техникалық аудит жүргізуді ұсынып отыр. Соның нәтижесіне байланысты орталықты дамытудың іс-қимыл бағдарламасы әзірленбек. Бірақ аудиттің көп уақыт пен қыруар қаражатты талап ететіні белгілі. Ол бүгін-ертең бітетін шаруа емес.

Соған қарамастан, Әбілқайыр Сқақов аймақтың басшысы ретінде "Қаланы жылусыз қалдыруға мүмкіндік бермейміз, көмірлі өлкені қыста "қатырып" қоймаймыз" деп уәде беріп отыр. Станцияның акционерлері де жылу маусымын уақытылы бастап, оны штаттық режимде өткізуге міндеттенді. Бірақ бұл уәделердің қалай орындалары – уақыт еншісінде. Қазіргі таңдағы басты мәселе – жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу