Екібастұз қаласында өткен қыста орын алған жылу желілері мен жылу-электр орталығындағы апаттық жағдай біраз мәселенің бетін ашып берді. Олардың қатарында тариф көлемі де бар. Монополист компания тұрғындардың жылу үшін төлейтін коммуналдық ақысы шығындарды жаппайтынын алға тартады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жылыту маусымының қақ ортасында кеншілер қаласында орын алған оқыс жағдай біраз адамды әуре-сарсаңға салды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарына орталықтандырылған жылу беру аяқтала сала мұнда кең ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгінде мұнда 70 шақырымға жуық желі толығымен қайта жаңартылды. Жылу-электр орталығындағы қазандықтар мен қосымша құралдарды күрделі жөндеу әлі жалғасуда. Жергілікті билік жылыту маусымы басталғанға дейін тиісті істі сапалы түрде аяқтауды жоспарлап отыр. Десе де, осындай ауқымды жұмыстың атқарылғанына қарамастан қаладағы құбырлардың тозу деңгейі 90% болмақ.
Қаланы жылумен қамтуға жауапты "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС желілердің ескіруін, сондай-ақ жөндеу кампаниясына жұмсалған миллиардаған қаржыны, алдағы уақытқа салынатын инвестицияны ескерген болуы керек, тарифті бірден екі есеге арттыруға өтініш берді. Бұған қатысты жергілікті билік не дейді?
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мұнымен үзілді-кесілді келіспейтінін айтты. Бұл ойын тарифті бекітетін Ұлттық экономика министрлігіне де жеткізген көрінеді. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы бар дегендей, коммуналдық қызмет ақысын арттырмасқа болмайтынын да алға тартты.
"Екібастұзжылуэнерго" кәсіпорны тарапынан алдын-ала түскен ұсынысқа сүйенсек, тарифті 109%-ға арттыруды сұрап отыр. Әрине, біз бұған келіспейміз. Тарифтің өсуі компанияның инвестициялық бағдарламасы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсартуға жұмсайтын қаржысына байланысты қалыптасады. Сондықтан бұл мәселеде жан-жақты саралау қажет. Тұрғындардың отбасылық бюджетіне салмақ түсуіне жол бермеуіміз керек. Екінші жағынан, "ЕкібастұзЖылуЭнерго" кәсіпорнының жылу желілеріне, сорғы станцияларына, қызметкерлердің жалақысына қаржы бөлетін мүмкіндігі болуы тиіс. Мұндағы үлкен проблемалардың бірі де – кадр мәселесі. Жылу-электр станциясында ылғи 200-300 бос орын тұрады. Мұнда жалақы басқа өндірістік орындармен аз болғандықтан, ешкімнің келгісі жоқ. Екібастұздағы кәсіпорындардың қызметкерлері орта есеппен 250 мың теңге айлық алса, станция жұмысшыларының жалақасы 150 мың теңгені құрайды. Оны өсіру тарифке де байланысты екенін ескерген жөн", - деген ойын білдірді аймақтың басшысы.
Айта кетейік, бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұзға жұмыс сапарымен келіп, қаланың жылу маусымына дайындығын байқады.