Екібастұздық мұғалімдер "әжетхана күзеттіретін" директордың үстінен шағымданды

3337

Екібастұз қаласындағы №24 мектептің ұстаздары inbusiness.kz тілшісіне мектеп директоры міндеттеріне жатпайтын жұмыстарды істеуге мәжбүрлеп отырғанын айтып мұңдарын шақты. 

Екібастұздық мұғалімдер "әжетхана күзеттіретін" директордың үстінен шағымданды

"Оқушылардың әжетханасын күзетеміз. Ондағы есіктің тұтқасына дейін сау тұруы – біздің мойынымызда. Әлденесі бүлінсе, ұрыс естиміз. Осы кезекшілік үшін мектеп директорының мөрі басылған арнайы кесте де ілулі тұр. Көктемде мектеп төбесінің қарын күредік. Жаңа құрал-жабдықтар келіп қалса да, жүкші боламыз. Түнгі уақыт па, жексенбі күні ме – оған қарамайды. Айта берсе көп... Осының бәрін еркімізден тыс істейміз. Директор тарапынан қысым болады. Айтқанына көнбесең, қырына ілінесің", – дейді аты-жөнін атамауды өтінген бір мұғалім. 

"Бұл жерде заң бойынша мұндай жұмыс атқаруға міндетті емес екенімізді білеміз. Бірақ ұрсып, психологиялық тұрғыда қысады. Мысалы, өткенде маған сабағың басталып кетті, қайда жүрсің деп қоңырау соқты. Кезекшілік кестесі бойынша бірінші сағатта мен емес деп едім, өзгеріс болғанын айтып шақырды. Асығыс жетіп едім, кезекшілік еш өзгермепті, менің сабағым емес екен", – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Олжас Жанабілов.

Айта кету керек, Олжас Жанабілов бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт митингке барғаны үшін жұмыстан шыққанын мәлімдеген болатын. Қоғамдық резонанс туындағаннан кейін, ол аяқ асты қайта жұмысқа шақырылған. Бірақ мектеп басшылығы бұл жағдай бейбіт шерумен байланысты емес деген. 

Шағым иелерінің айтуына қарағанда, мектеп директоры қызметін Құралай Рахметжанова 13 жылдан бері атқарып келеді. "Білім ордасын жеке ләпкесіне айналдырып алды. Өзінің айналасына команда жасақтап, бір-бірімізге қарсы қойды" деп сипаттайды.

Біз шағым айтылған күні мектеп директорына қоңырау шалдық. Жиналысты отырғанын айтып байланысты үзді. Артынан сөйлесуге уәде бергенімен, бірнеше рет тұтқаны көтермеді.

Директор бұрын тәртіптік жазаға тартылған

Қалалық білім бөліміне жазбаша сұрақ жолдадық. Олардың жауабындағы директор туралы сипаттама "директор бұдан бұрын тәртіптік жазаға тартылған, бірақ өзі сондай білікті басшы" дегенге келіп саяды. 

Әжетханаға мұғалімдердің кезекші болуы себебі төмендегіше түсіндіріледі.

"Құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылар арасындағы бейресми қарым-қатынастарды, сондай-ақ тыйым салынған заттарды пайдалануды болдырмау мақсатында мектептегі барлық мұғалімнің үзіліс кезіндегі кезекшілік кестесі жасалды. Атап айтқанда, ер балалардың әжетханасына ер мұғалімдер кіре алады. Мектепте мұғалімдердің көпшілігі әйел", – деп жазылған жауапта.  

Ал "жүкші" қызметін атқару себебі туралы былай делінеді. "Заманауи мектеп" бағдарламасы бойынша, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты мүліктің сақталуы үшін педагогтар ұжымының күшімен, ата-аналарды тарта отырып жиһаздар шығарылды. Мектеп басшылығы ер мұғалімдерден ауыр заттарды тасуды сұрады, бірақ барлығы ерікті болды. Қатыспағандарға әкімшілік тарапынан ешқандай жаза қолданылған жоқ".

Айта кету керек, бұдан бұрын әлеуметтік желіде осы мектептің директоры мұғалімдерді жазғы еңбек демалысы уақытында өз міндетінен тыс жұмыс істеуге шақырғаны туралы ақпарат шықты. Бұл факті білім басқармасының тәртіптік кеңесінде қаралып, отырыс нәтижесінде директорға қатысты тәртіптік жаза қолданылған. 

Соған қарамастан, білім бөлімі оның "білікті басшы" және "ұйымдастырушы" екенін атап өтеді.

Мұғалімдердің шағымы бойынша жауапты қорыта келе "Педагог мәртебесі туралы" Заңды бұзу фактілері анықталмады" деп түйіндейді.

"Сотқа берсін, заң шешуі керек"

Екібастұз қалалық білім бөлімінен келген жауапта келтірілген фактілер бір-біріне қарама-қайшы келетіндей. Бір жағдайда мұғалімдерді негізсіз жұмысқа шақырғаны үшін директор тәртіптік жауапқа тартылады. Ал екінші жағдай Заңға қайшы әрекеті байқалмайды. 

Біз "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбековке хабарласып, осы жағдай бойынша пікірін сұрадық.

"Мұғалімдер бірлесіп күреспесе, айтқанмен бәрі бекер. Дәлелдері болса, сотқа беруі керек, заң шешуі керек. Мұғалімдер арасында ауызбіршілік болмауы мүмкін. Жалпы қар күреу, әжетхана күзету педагог міндетіне жатпайды. Қазір мұндай проблема барлық мектепке ортақ деп айта алмаймыз. Көп жерде мәселе педагог мәртебесі заңы аясында шешілген", – дейді Мейіржан Темірбеков.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу