Германияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық конькимен жүгіруші Кристина Шумекова тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Отандасымыз турнирдегі екінші алтын медалін жеңіп алып, өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
500 метр қашықтықта чемпион атанған Шумекова бұл жолы 1500 метрде де қарсылас шақ келтірмеді. Ол аталған қашықтықты 1:56.06 уақыт көрсеткішімен бағындырып, жеке рекордын жаңартты. Жарыс барысында қазақстандық спортшы жоғары қарқын мен тамаша тактикалық дайындық көрсетті.
Күміс медаль 1:56.36 нәтижесімен аустриялық Джанин Роснерге бұйырды. Ал жапониялық Аяно Секигучи 1:57.97 уақыт көрсеткішімен қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Кристина Шумекова әлемдік додада екі бірдей алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан жасөспірімдер коньки спорты тарихында жарқын жетістікке қол жеткізді.