Екінші деңгейлі банктер бармақтарын бүгіп отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
24363

Қаржы реттеушісінің ипотекалық қарыздың комиссиясына қатысты шешімі халықтың қалтасын қағуы мүмкін.

Екінші деңгейлі банктер бармақтарын бүгіп отыр

Ұлттық банк өзінің ресми интернет-ресурсына 31 шілде мен 1 тамыз күндері үш ақпараттық хабарлама жариялады. Алғашқысында банктердің қарыз алушылардан несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңсыз екені, екіншісінде 2018 жылғы 16 шілдеден бастап банктердің ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуына тыйым салынғаны, үшіншісінде коллекторлық агенттіктер банктердің берешегімен жұмыс істеу кезінде көрсеткен қызметі үшін комиссия талап ету құқығынан айырылғаны мәлімделді.

Аbctv.kz тілшісіне қаржы реттеушісінің алғашқы хабарламасы уақыт тұрғысынан алғанда тым кеш шығуына байланысты өзектілігін жойған болып көрінді. Себебі банктердің қарыз алушылардан несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңсыз екені осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі болған және адамдар сот арқылы банктерден ақшаларын өндіріп ала бастаған.

Қаржы реттеушісінің 16 шілдеден бастап банктердің ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуына тыйым салуы да көңілге күдік ұялатып, неге ипотекалық қарыз ғана деген сұрақ туғызды. Жауап алу үшін тілші қаржы мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы, заңгер Нұржан Биякаевқа хабарласты.

Маман Ұлттық банктің сайтында 31.07.2018 күні жарық көрген хабарлама әлдеқашан маңыздылығын жоғалтқанын, хабарламада ешқандай жаңалық жоқ екенін айтты.

"Қаржы реттеушісінің банктердің қарыз алушылардан несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңсыз екені туралы хабарламасында ҚР заң нормаларының баптары түсіндірілген. Басқа ештеңе айтылмаған. Мұндай ақпараттың не үшін, кім үшін таратылғаны түсініксіз. 2012 жылдан бері ел аумағында "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңдарға сонымен қатар "Банктік қызметтерді көрсету және банктердің банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау ережесін бекіту туралы" қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің 28.07.2017 жылғы №136 қаулысына қайшы әрекетке барған банктерден несие шотын жүргізгені үшін алған заңсыз комиссиялары сот арқылы қайтарылып жатыр", – деді Нұржан Биякаев.

Тәуелсіз сарапшының сөзінше, несие шоты банк шотына жатпайды. Банктің бухгалтерлік есебінде қарыз алушыға берілген займды көрсету және Ұлттық банкке есеп беру үшін қолданылатын шоттан комиссия алынбауға тиіс.

"Екінші деңгейлі банк несие шотын ашуға, оған қызмет көрсетуге және Ұлттық банкке осы шотқа қатысты есеп беріп отыруға міндетті. 2012 жылғы 9 ақпанда Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге ресми хат жолдап, несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуды тоқтатуды талап етті. Бірақ қаржы нарығындағы екінші деңгейдегі ойыншылар халықтан заңсыз алып отырған ақшадан қағылмаудың қамына кірісіп, Ұлттық банктің талабы қаншалықты заңды екенін анықтау үшін Бас прокуратураға шықты. Бір қызығы, Бас прокуратура екінші деңгейлі банктерге несие шотын жүргізгені үшін алынатын комиссияның атауын өзгертіп, бұрынғыша әрекет ете беруге рұқсат берді. Кейін Ұлттық банк бұл бассыздықты тоқтату туралы талабын қайта жаңғырты. Алайда екінші деңгейлі банктер қарапайым  қазақстандықтардың қалтасына қол сұғуды жалғастыра берді. Уақыт өте келе адамдар заңгерлердің көмегіне жүгініп, екінші деңгейлі банктерге "соғыс" жариялады. Осылайша екінші деңгейлі банктерден заңсыз алынған комиссияларды қайтару үдерісі басталып кетті", – деді Нұржан Биякаев.

Заңгердің айтуынша, Ұлттық банктің 31 шілде күні өзінің сайтына банктердің қарыз алушылардан несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңсыз екені туралы орналастырған хабарламасы дәл қазіргі уақытта өзекті әрі маңызды емес. Себебі екінші деңгейлі банктер 2012 жылдың шілдесінен бастап несие шотын жүргізгені үшін комиссия алмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, екінші деңгейлі банктер несие шотын жүргізгені үшін алынатын комиссияның атауын өзгертіп жіберген.

"Халықтың басым бөлігі 2006-2012 жылдар аралығында рәсімдеген несиелерін төлеп болған. Қарыздарын қайтарып отырған адамдардың саны өте аз. Сондықтан осы жылдардағы келісімшарттардың комиссиясына қатысты мәселе көтерудің маңызы жоқ", – деді Нұржан Биякаев.

(Банктердің қарыз алушылардан несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуы заңсыз екеніне қатысты Ұлттық банктің хабарламасымен танысу үшін сілтемені басыңыз).

Нұржан Биякаев аbctv.kz  тілшісінің Ұлттық банк неге тек ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуға тыйым салды деген сауалына да жауап берді.

Заңгердің пікірінше Ұлттық банктің сайтында 01.08.2018 күні жарық көрген хабарламада шикілік бар. Кейін мұның салдары банк клиенттерін түрлі қиындықпен бетпе-бет келтіреді.

"07.12.2017жылы Ұлттық банкке жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз бен микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы №134 қаулысына өзгеріс енгізуді ұсынып, хат жолдадым. Хатта жоғарыдағы қаулыдан екінші деңгейлі банктердің займға қатысты шот ашқаны және оған қызмет көрсеткені үшін комиссия талап етуін алып тастау қажеттігін жаздым. Ұлттық банк 21. 12. 2017 жылы жауап беріп, бұл сұрақ мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқықтарын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң аясында қаралатынын мәлімдеді", – деді қаржы мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы.

Оның айтуынша, банктердің бекітілген тарифінде заңды тұлғалардың  ағымдағы шотына қызмет көрсету үшін 500-1000 теңге комиссия ұсталады. Жеке тұлғаларға ағымдағы шот тегін ашылады.  Атап өтерлігі қарыз алушыға да, клиентке де валютаның қай түрі болмасын бір шот ашылады. Шот түрлі операцияларға бөлінбейді. Ол барлық операцияға ортақ болады.

"Ұлттық банк жариялаған хабарламада 16 шілдеден бастап банктердің ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін  комиссия алуына тыйым салынғаны мәлімделді.  Негізі комиссия ипотекалық қарыздан ғана емес, қарыздың барлық түрінен алынып тасталуға тиіс. Себебі Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы №134 қаулысының банк қарызының барлық түріне және жеке тұлғалар алған микрокредитке тікелей қатысы бар. Өкінішке қарай, Ұлттық банк менің хатымды дұрыс түсінбеген. Салдарынан тек банктердің ипотекалық қарыз бойынша банк шотын жүргізгені үшін комиссияны алып тастау туралы шешім шығарған. Алдағы уақытта екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің дәл осы шешімін негізге ала отырып, ипотекалық қарыз беруден басқа операциялар үшін комиссия сұрауы мүмкін. Бұл – тағы да қарапайым халық жем болады деген сөз",– деп қорытты сөзін Нұржан Биякаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу