Екінші жыл қатарынан қазақ қыздары әлем чемпионы атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5232

Шахматтан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында талантты қызымыз Жансая Әбдімәлік жеңімпаз атанды.

Екінші жыл қатарынан қазақ қыздары әлем чемпионы атанды

Италияның Тарвизио қаласында 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Қыздар арасында 17 жастағы Жансая Әбдімәлік әлем чемпионы атанды. Осы ретте айта кетерлігі, былтыр дәл осы бүкіләлемдік біріншілікте Динара Садуақасова теңдессіз шығып, чемпион атанған болатын. Яғни, соңғы екі жылда бойжеткендер арасындағы шахмат әлеміне қазақ қыздары үстемдік құрып тұр.

13-25 қараша аралығында өткен биылғы әлем чемпионаты швейцар жүйесімен 11 турға бөлініп өткізілді. Қыздар арасындағы әлем чемпионатына дүние жүзінің 89 таңдаулы таланты қатысты. Жансая 9,5 ұпаймен бірінші орынға ие болды. Ол тоғыз рет жеңіске жетіп, бір рет тең түсті де, тек сегізінші турда ұтылып қалды.

Бір көңіл аударарлығы, Жансая соңғы турда өзімен үзеңгі қағыстырып келе жатқан АҚШ аруы Джениффер Юмен кездесіп, оны жеңді де, жеңімпаз атанды. Америка қызы 8,0 ұпаймен үшінші орынға түсіп қалды. Екінші орынды 8,5 ұпаймен біздің Жансаяны ұтқан Анастасия Парамзина иеленді.

Басқа қыздарымыздың қорытынды кестедегі нәтижелеріне тоқталар болсақ, 13 жастағы Назерке Нұрғали 26-орынды (6,0 ұпай), 15 жастағы Әсел Серікбай 28-орынды (6,0 ұпай) қанағат тұтты. Ал Ресейге кетіп қалған 13 жастағы қызымыз Бибісара Асаубаева 24-орынға (6,0 ұпай) ие болды.

Енді, Жансаяның 11 турдағы ойындарының нәтижесіне көз жүгіртіңіздер:

І тур: Жансая Әбдімәлік – Назерке Нұрғали (Қазақстан) – 1:0

ІІ тур: Жансая Әбдімәлік – Сирануш Гукасян (Армения) – 1:0

ІІІ тур: Жансая Әбдімәлік – Вайшали Р. (Үндістан) – 1:0

ІV тур: Жансая Әбдімәлік – Юлия Осьмак (Украина) – 0,5:0,5

V тур: Жансая Әбдімәлік – Номин-Эрдене Даваадемберел (Моңғолия) – 1:0

VІ тур: Жансая Әбдімәлік – Бибісара Асаубаева (Ресей) – 1:0

VІІ тур: Жансая Әбдімәлік – Нино Хомерики (Грузия) – 1:0

VІІ тур: Жансая Әбдімәлік – Анастасия Парамзина (Ресей) – 0:1

ІХ тур: Жансая Әбдімәлік – Гулрухбегим Тохиржонова (Өзбекстан) – 1:0

Х тур: Жансая Әбдімәлік – Ставрула Цолакиду (Грекия) – 1:0

ХІ тур: Жансая Әбдімәлік – Джениффер Ю (АҚШ) – 1:0

Айтпақшы, бірінші орынға ие болған шахматшыға 2 500 еуро сыйақы табысталады. Екінші орынға 1 500 еуро, ал үшінші орынға 750 еуро қарастырылған. Жалпы жүлде қоры – 9 500 еуро (бозбалалар мен бойжеткендерге тең бөлінген).

Ал бозбалалар арасында 18 жастағы Норвегия шахматшысы Тари Арьян әлем чемпионы атанды. Өкінішке қарай, жігіттеріміз жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмады. Жанат Сайын 6,5 ұпаймен 41-орынға (19-да), Денис Махнёв 6,0 ұпаймен 60-орынға (17-де), ал Арыстанбек Оразаев 5,0 ұпаймен 92-орынға (19-да) табан тіреді. Бозбалалар арасында 148 шахматшы сынға түскен болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу