Экология министрлігі Іле мен Ертіске Қытайдан келер қауіп бар екенін мойындап отыр

2974

Бейжің Шыңжанға 100 млн адам қоныстандырмақшы. 

Экология министрлігі Іле мен Ертіске Қытайдан келер қауіп бар екенін мойындап отыр

"Ашық НҚА" порталында жаңа Су кодексінің жобасы көпшілік талқылауына шығарылды. Құжаттың тұжырымдамасында трансшекаралық өзендердің проблемасына шолу жасалған. Онда ресми деңгейде көпшілікке айтыла бермейтін мәліметтер келтірілген. Соның бірі – Қытайдың Іле мен Ертіс суын тұтыну жоспары, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Мамандардың бағалауы бойынша Балқаш көлі Аралға ұқсас экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Көл деңгейі тау мұздықтарының тез еруі арқылы қоректенеді. Ал Қытай мұнай өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін Іле өзенінен су алуды арттыруды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, көлдің ауыр металдармен және өнеркәсіптік кәсіпорындардың сульфидтерімен ластануы жалғасуда", - делінген кодекс жобасының тұжырымдамасында.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіндегі мамандар Ертістің айналасында да қауіпті жағдай қалыптасып жатыр деп есептейді.

"Қытай алдағы уақытта су алуды жылына төрт-бес текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл осы аумақтағы демографиялық процестермен байланысты - ҚХР қоныс аудару бағдарламаларын пайдалана отырып, округ халқын 100 млн адамға дейін жеткізуді, сондай-ақ суармалы жерлер ауданын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін Қытай Қара Ертісте гидротехникалық құрылыстар салып жатыр", - делінген құжатта.

Тұжырымдаманы әзірлеушілер бұл деректің бәрін "G-Global жасыл экономика және даму коалициясы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекованың  Strategy2050.kz сайтына берген сұхбатынан алғанын көрсетіп, сілтемесін берген. 

Аталған сұхбатта "Балқашцветмет" кәсіпорны Балқаш көлін жыл сайын 1800 тоннадай сульфит тозаңымен лайстайтыны айтылған.  Бірақ кодекс тұжырымдамасында бұл проблема жалпылама аталып, кәсіпорынның атауы көрсетілмей қалған. Министрлік сарапшыларының Балқашқа Қытайдан төнуі мүмкін қатерді ашып айтқанымен, өзіміздегі компаниядан келіп жатқан нақты зардапты не үшін сипай қамшылап баяндағаны түсініксіз.

Құжатта елдегі су тұтыну саясаты табиғаттың мүддесін ескермей, ресурстық-шаруашылық көзқарас бойынша ғана реттелетіні айтылған. Ондай көзқарастың зардабы қалай болатынын Арал қасіреті айқын көрсетіп тұр.  

Су ресурстарын адамның жайлы тұрмысы мен ынсапсыз баю жолында құрбан етпеу үшін су заңнамасында су экожүйелерін сақтау, су пайдалану лимиттерін енгізу, су пайдалануға арнайы рұқсаттар беру тәжірибесін іске асыру сияқты шарарлар ұсынылып отыр.

Тұжырымдамада Қазақстан азаматтарының сумен байланысты қажетті ақпараттардың бәріне қол жеткізу құқығын заңмен бекіту қажеттігі айтылған. Біздіңше, бұл – аса маңызды әрі қажет қадам. Құжат авторлары қазақстандықтардың осы құқығы тапталғанның кесірінен, яғни, елге шынайы ақпарат берілмегендіктен, 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш, 2014 жылы Қарағанды облысындағы Көкпекті су қоймаларындағы, Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасындағы авариялар кезінде адам шығыны болғанын еске салады. 2021 жылғы құрғақшылық кезінде Батыстағы жұрттың малы қырылып, дағдарысқа түсуіне елдің ақпарат алу құқығы толық сақталмауы да себепкер болғаны айтылған.

Дүниежүзілік Банктің дерегі бойынша елдің жалпы ішкі өніміндегі 1 текше метр судың үлесі 8,7 доллар болып тұр. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 53,5 доллар, Жапонияда 23,5 доллар.

2030 жылға қарай Ертіс пен Іленің суын "жоғалтамыз"

Қазақстандағы жер бетінде жатқан судың 44 пайызы Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан кіреді. Уақыт өткен сайын өзен басында отырған көршілеріміздің су тұтыну деңгейі артып келе жатыр. Министрліктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай осы елдерден келетін судың көлемі 10-15% қысқаруы мүмкін. Бұл болжам орындалса, онсыз да ысырапшылдық пен саладағы жемқорлық кесірінен бар суды тиімді жеткізе алмай отырған Қазақстан үшін бұл орасан тапшылық тудыруы ықтимал. Оның сыртында жаһандық жылыну, мұздықтардың қарқынды еруі сияқты еңсеруі қиын проблемалар тағы бар.

Мамандар осының бәрін есептей келіп, 2030 жылға қарай елдегі су тапшылығы 23 км3 жететінін болжап отыр. Бұл санды қарапайым түсінікке сыйғызу үшін Ертіс пен Іле арқылы елге келетін судың көлемін есептеп көруге болады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, 2000-2020 жылдар аралығында "Добын" гидробекеті арқылы Іледен келіп түсетін судың орташа көлемі жылына 13,6 км3 болған. Ал Ертістен 2001-2021 жылдар кезеңінде "Боран" гидрологиялық жармасы арқылы жыл сайын 8,3 км3 су келіп түскен.

Сонда біз үшін ең сулы екі үлкен өзеннен жыл сайын келетін судың мөлшері орта есеппен 21,9 км3 деген сөз. Яғни, 2030 жылға қарай Ертіс пен Іледен келетін судың мөлшеріндей су тапшылығы пайда болады.

Бұл тапшылықтың орнын толтыру үшін су тұщытатын зауыттарды көптеп салып, арналардың асты-үстін бетондау, кей өзендердің арнасын жасанды жолмен өзгерту сияқты күрделі әрі кешенді жобаларды іске асыру қажет болады. Бұған дейінгі тәжірибе су ресурсымен байланысты кешенді жобалардың шығыны шаш етектен екенін көрсетті. Салада жемқорлықтың ауыздықталмағанын, комитет басшысына дейін жемқорлықпен сотталғанын еске алсақ, бұл шығындар еселеп артуы да ғажап емес.

2017 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстанның су күйзелісі деңгейін 31% шамасында бағалаған болатын. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қазақстандағы өзен бассейндерінің орташа жылдық ағыны 121,1 текше шақырым болса, қазір 102 текше шақырымнан сәл асады. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 99,4 текше шақырымға дейін азаяды.

Елімізде барлығы 377 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Осы бекеттер арқылы ел аумағына сәт сайын қанша су келіп, қанша су шығып жатқаны туралы мәлімет алынады. Министрлік өкілдері біздің жүйе бұл тұрғыда да дамыған елдерден едәуір артта қалғанын жазады.

"2021 жылы республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерінің жұмысын автоматтандыру деңгейі су қоймаларының 6%-ын (87-нің 17-сі), бөгеттер мен су тораптарының 9%-ын, магистральдық арналардың 0,5%-ын (2) және шаруашылықаралық арналардың 0,4%-ын (2) құрады. 3654 гидротехникалық құрылыстың  52-сі ғана толық автоматтандырылған (1,4%). Ал жерасты суларына мемлекеттік желінің бақылау пунктері мүлдем автоматтандырылмаған", - деп жазылған тұжырымдамада.

Жаңа Су кодексінде бұл мәселені шешу үшін Су ресурстарының бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйесін құру ұсынылған.

Суға субсидия емес, баға белгілеу керек

Қазақстандықтар суды үнедесін десек, субсидия төлегенді қойып, баға белгілеу керек. Тұжырымдаманың мазмұнында осындай түйін жатыр. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда су беру тарифтері әлемдегі ең төмен тарифтердің бірі болып есептеледі. Соған қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге суға кеткен шығынды ішінара субсидиялау саясаты қолданылып келеді.

Мысалы, күріш дақылдары үшін сатып алынған 1 м3 суармалы судың субсидиясы қосымша құн салығы мен тарифтің 50%-ына тең.

Тұжырымдамада суды үнемдеу саясатын мемлекет тарапынан қолдау шараларын қайта қарау қажеттігі айтылған.

"Суға баға белгілеу саясаты суды үнемді пайдалануға ынталандырады және ресурстарды құрылысқа, пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге тартуға ықпал етеді, суармалы сумен қамтамасыз ету жүйелерінің өтелімділігін арттырады . Тиісті қосалқы шаралармен ұштастыра отырып, баға белгілеу саясаты суды пайдаланудың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға қызмет ете алады. Бұл ретте, дақылдық нормаларды мойындау және адамдарға олардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті мөлшерде су беру қажет", - делінген құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу