Адамзат баласы Жер-Анадан пана тауып, оның игілігімен өз ырыздығын есейді. Алайда теріс пайдалана берсе, сол мейірімнің де шегі, сарқылатын кезі болады. Оны әлемнің қазба отындарды шектен тыс пайдаланып, экологияны күйреуінен туындаған климаттық өзгерістер мен жаһандық жылыну паш етіп отыр.
Бүгінде экологиялық мәселелер жаһандық деңгейде ғана емес, Қазақстанда да өткір тұр. Сондықтан экологияны қорғау бұдан былай баршаның конституциялық міндетіне айналды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Ол биылғы 1 шілдеден бастап, еліміздің жаңа Ата Заңы ресми түрде күшіне енгенін еске салды.
"Бұл құжат мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың қоршаған ортаны қорғау мен сақтаудағы жауапкершілігін мүлде жаңа деңгейге көтереді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет әрбір азаматтың табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыпты қарау міндеті конституциялық деңгейде нақты бекітілді. Бұл – экологиялық жауапкершілікті нығайтуға және қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам", – деді министр Нысанбаев.
Конституцияның преамбуласында азаматтардың келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігі көрініс тапқан. Бұл – бізге дейінгі ата-бабалар аялап сақтаған табиғи ресурстарды бүгінгі буынның ұтымды әрі ұқыпты пайдалануының маңызымен тікелей байланысты ұғым. Сонымен қатар, Ата Заңның 37-бабында әрбір азаматтың табиғатты қорғау міндеті арнайы бекітіліп отыр.
"Экологияға деген шынайы жанашырлық әр адамның күнделікті қарапайым іс-әрекетінен басталады. Қоқыс қалдырмау, суды үнемдеп пайдалану, ағаш отырғызу, өз ауласы мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – осындай қарапайым қадамдардың нәтижесінде қалаларымыз бен ауылдарымыз таза, жайлы әрі көрікті бола түседі. Сенбіліктерге белсенді қатысу да осы ігі істің маңызды бөлігі", – деді министр Нысанбаев.
Ол барлық ел тұрғындарын "Таза Қазақстан" бастамасын белсенді қолдауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Нағыз экологиялық мәдениет әрқашан әр адамның жеке үлгісінен басталады, ал, ауқымды қоғамдық өзгерістер әркімнің өзінен бастау алатын шағын қадамдарынан құралады. "Тазалық – табалдырықтан, имандылық – ыдыстан басталады" деген қазақтың қанатты сөзі бүгінгі экологиялық этиканың алтын діңгегі іспетті. Өз ауласын тазаламаған жанның тұтас елдің тағдырына алаңдайды деп күту бос әурешілік қана.
Сөзден – іске: Экологиялық қылмыс пен жаза
Әдемі сөз бен асқақ ұрандардың нәтижесін нақты іс қана көрсете алады. Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі табиғат қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстың қорытындысын шығарды. Мәліметінше, Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзудың 3 мыңға жуық фактісі анықталған.
"2025 жыл қорытындысында экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты 1 105 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 2 945 құқық бұзушылық әшкереленді. Бұзушылықтарды жою туралы 1 701 нұсқама берілді", – деп мәлім етті ведомство.
Бұл – жай статистика емес, табиғат анаға жасалған қиянаттың тікелей айғағы. Сол себепті елде компания-кәсіпорындарға жаппай тексерулер жүргізіліп, экологиялық заңнамаға теріс қарайтындарды жазалау шаралары қарқын алған. Бүгінде оларға жалпы сомасы 2,38 триллион теңгені құрайтын 2 602 әкімшілік айыппұл салынды.
Алайда, заңның қаталдығы оның орындалуымен өлшенсе керек. Әзірге заң бұзушылар жалпы сомасы 5,06 миллиард теңгені құрайтын 2 357 ұсақ әкімшілік айыппұлды ғана төледі, деп назар аудартты Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офисі. Салыстырғанда, алдыңғы жылы жалпы сомасы небәрі 231,9 млн теңгені құрайтын 33 айыппұл өндіріп алынған екен.
Сондай-ақ, шаруашылық қызметті тоқтату туралы 12 материал сотқа жолданып, олардың 6-уы сот шешімімен қанағаттандырылды. Яғни, табиғатты бүлдірген осынша кәсіпорын біржола жабылып тынды. Табиғатты ластайтын табыс – ұрпақтың несібесін ұрлаумен тең. Айыппұлдардың еселеп өсуі және лас зауыттардың жабылуы тек заң үстемдігінің ғана емес, табиғат зарының жоғарыға естіле бастағанының белгісі.
Көк түтін мен уланған су: ластаудың аймақтық көрінісі
Қазақстан аспаны мен су айдындарының бүгінгі хал-ахуалы да көңіл көншітпейді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, бір жыл ішінде елімізде атмосфераға және су объектілеріне тасталған зиянды заттар ауқымы 3,4 млн тоннаны құрады.
"2025 жылы Қазақстанда ластаушы заттар эмиссиясының нақты көлемі келесідей: атмосфераға шығарындылар – 2,3 миллион тоннаны, су объектілеріне төгінділер – 1,1 миллион тоннаны құрады. Аталған эмиссия көлемі 2025 жылға белгіленген лимиттен айтарлықтай төмен екенін де атап өту қажет: газдар, аэрозольдер, шаң-тозаң бойынша атмосфераға шығарындылар лимиті – 4 млн 13 мың тонна, ал, су объектілеріне (өзендер, көлдер, теңіздер, жерасты сулары) немесе кәріз жүйелеріне (сұйықтықтар, сарқынды сулар) төгінділер бойынша – 2 млн 341 мың тонна болған еді", – деп түсіндірді министрлік.
Лимиттен төмен болғанымен, бұл сандардың артында адам және жан-жануардың өмірі мен денсаулығы тұрғанын ұмытуға болмайды. Бұл ретте атмосфераға шығарындылардың ең үлкен көлемі Павлодар облысында тіркелді – 698,1 мың тонна (лимиті – 989,1 мың тонна болатын). Осылайша, республика бойынша ауаны ластаудың жалпы көлемінің шамамен үштен бірі жалғыз ғана өңірдің үлесіне келіп отыр.
Екінші орында Қарағанды облысы тұр – 471 мың тонна (лимиті – 685,6 мың тонна). Атмосфераны ластау бойынша алғашқы үштікті Ақтөбе облысы тұйықтады: 153,75 мың тонна (лимиті – 223,3 мың тонна).
Су объектілеріне төгінділердің ең үлкен көлемі келесі аймақтарда тіркеліпті: Ұлытау облысы – 253 мың тонна (лимиті – 304,1 мың тонна), Қарағанды облысы – 161 мың тонна (лимиті – 317,1 мың тонна), Қостанай облысы – 114,5 мың тонна (лимиті – 449 мың тонна).
Атмосфераға шығарындылардың ең төмен көлемі Жетісу облысында (10,05 мың тонна) тіркелсе, су объектілеріне немесе кәріз жүйелеріне төгінділердің ең төмен көлемі Алматы қаласында байқалған.
Өндірістің алып күші аймақтарды экономикалық тұрғыдан өрге сүйрегенімен, көгілдір аспан мен мөлдір бұлақтарды ластап, бағын байламауға тиіс. Көк түтінге тұншыққан ауыл-қала зары – ластаушы өркениеттің өмірге өгейлігінің бір көрінісі.
Қалдықты құндылыққа айналдыру: Атыраудың үлгісі
Қазіргі заман тек жазалауды ғана емес, мәселенің баламалы шешімдерін табуды да талап етеді. Қазақстан енді тау-тау қалдықтар түзетін пластиктерді өңдеп, одан тауардың түр-түрін жасауға болатын шикізат шығаруға көшті. Атырауда пластик қалдықтар сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімге айналғалы тұр. Бұл шаһарда "Фибратекс" ЖШС ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеп, полиэфирлі штапель талшығын өндіруге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске асыруда. Жобаның негізгі көрсеткіштері төмендегідей:
- қайта өңдеу қуаты: тәулігіне 20 тоннаға дейін пластик қалдықтары,
- дайын өнім өндірісі: жылына 7 000 тоннаға дейін,
- жұмыс орындары: 67 тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде,
- экономикалық әсері: өңірдің экспорттық әлеуеті артады.
Технологиялық үдеріс негізгі 3 кезеңнен тұрады: пайдаланылған пластик бөтелкелерді сұрыптау және тазалау, флекс өндіру және оны әрі қарай полиэфирлі талшыққа өңдеу.
Алынған өнім кәсіпорынның өзінде геосинтетикалық материалдар өндіруге пайдаланылып қана қоймай, шетел нарықтарына да экспортталады.
"Бұл жоба қалдықтарды құнды шикізат көзіне айналдыратын айналмалы экономика қағидаттарын енгізудің жарқын үлгісі болып табылады. Сонымен қатар, заманауи технологиялар экологиялық және экономикалық міндеттерді қатар шешуге мүмкіндік береді", – деп жоғары бағалады Экология министрлігі.
Қоқысты қажеттілікке, қалдықты қазынаға айналдыру – адамзат парасатының биік шыңы. Табиғатты ластаған пластиктің өмірге екінші рет пайдалы болып оралуы – жасампаздықтың озық көрінісі. Атырауда өндірілетін полиэфирлі талшықтан (полиэстер және лавсан) күнделікті киім-кешек пен үй тоқымасынан бастап өнеркәсіптік материалдарға дейінгі өнімдердің кең ассортименті жасалады.
Беріктігі мен ұзақ мерзім қолдануға жарамдылығы арқасында бұл материал көптеген салаларда үлкен сұранысқа ие. Дайын өнімнің негізгі санаттарын жіктеп көрсетсек:
- киім-кешек: спорттық киімдер, куртка, пальтолар, костюмдер, жейделер және термоішкиімдер. Одан жасанды былғары да жасалады.
- үй тоқымасы (текстиль): төсек-орын жабдықтары, пледтер, перделер, тюльдер, дастарқандар мен төсекжапқыштар.
- толықтырғыштар (толтырғыш материалдар): сыртқы киімдерді жылытуға, жастықтарды, көрпелерді және жұмсақ жиһаздарды толтыруға арналған синтепон, холлофайбер және синтепух.
- өнеркәсіптік және техникалық тоқыма: арқандар, жіптер, автомобиль шиналарын арматуралаушы-нығайтушы материалдар, геотекстиль және жабынды материалдар.
- медицина: хирургиялық жіптер мен тігіс материалдары және басқалары.
Осылайша, әр қоқыста шашылып, түз далада үйіліп жатқан пластик құтылар бүгін адам өміріне араша түсетін медициналық құралға, бойды жылытар, әбүйірді жабар киімге айналуда. Мұның өзі экологиялық мәдениет пен жаңа технологияның тоғысқан жерінде үлкен болашақ жатқанын аңғартады.
Табиғатқа берілген екінші дем – адамзаттың өз болашағына жасаған инвестициясы. Жасыл экономикаға бет бұру Жер-Ананың жарасын емдеп, ертеңгі күнге нық қадам басудың жалғыз тура жолы.