Экологиялық талапты экономикалық тұрғыдан ынталандыру қажет

2477

Kazenergy қауымдастығы өткен жылдың қорытындысын жариялады. 

Экологиялық талапты экономикалық тұрғыдан ынталандыру қажет

Мұнай-газ және энергетикалық кешен кәсіпорындары экологиялық заңнан үміт күтіп отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Kazenergy қауымдастығы кеңесінің 26-отырысында айтылды.

Салалық қауымдастық төрағасы Тимур Құлыбаев мұнай-газ компаниялары қоршаған ортаны қорғаудың жауапкершілігін сезінетінін жеткізді.

"Біз жаңа талаптар мүдде теңгерімін сақтай отырып енгізілуге тиіс деп санаймыз. Экологиялық талап экономикалық тұрғыдан ынталандырылуға тиіс. Мемлекет пен кәсіпорындардың бірлескен жұмысының нәтижесі тараптарға қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып, елдің тұрақты дамуына негіз болуы керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Қауымдастық төрағасы өткен жылы атқарылған ауқымды шараларды ой елегінен өткізді. Ол жаңа экологиялық кодекс жобасы, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізу үшін әзірленген толықтырулар, есеп берудің халықаралық жүйесіне өтуге дайындық бойынша жүргізілген  жұмыстар сонымен қатар жоғары өңделген кен орындары мен қиын алынатын көмірсетугі кен орындарына инвестиция тарту бойынша ұсынылған ұсыныстарды атап өтіп, жоспарланған жұмысты тиісінше атқару қажеттігіне тоқталды.

Оның сөзінше, бұл істе Kazenergy қауымдастығын үкімет пен мүдделі министрліктердің сенімді серіктесі деп білу қажет.

Басқосу барысында  NCOC басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев "Жер қойнауы туралы кодекске" толықтыру енгізу мәселесін қозғады. Ол энергетика министрлігіне ілеспе газды қолдану тәсілдерін жетілдіруді ұсынды.

Өз кезегінде "Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мұнай өнімдерінің бағасын күн тәртібіне қойды.

"Елімізде мұнай өңдейтін зауыттар жаңартылғаннан кейін бензин мен дизельдің профициті сезілуі тиіс еді. Алайда біз профицитті көріп отырған жоқпыз.Мұнай өңдеу зауыттарын  жаңғыртқаннан кейін де дефицит қаупі байқалады. Қазақстанда мұнай бағасы төмен, сол себепті мұнай өнімдері жақын шетелге экпортталуда. Бұл мәселе келесі жылы да өзектілігін жоймайды. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеуіміз керек", – деді ұлттық компания басшысы. Сондай ақ ол газ секторы мәселесін тілге тиек етті. Оның сөзінше, елде жылдан жылға газ қолданушылар саны артып келеді. Ал "КазТрансГаз" еншілес ұйымы бірнеше жыл бойы газ бағасының өспеуінен  шығынға батып жатыр.

Жиынды қорытындылаған Тимур Құлыбаев экологиялық ахуалды жақсарту міндеттін орындауға бел буып отырған кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндігі әртүрлі екеніне назар аударды.

"Біз мәжілістегі талқылауда осы мәселені шешкіміз келеді. Мысалы энергетика кәсіпорындары экология бойынша ауқымды шаралар өткізу үшін тиісті инвестицияны қажет етеді, ал шығын тарифтің қымбаттауы арқылы халықтан өндіріледі. Мұны да ескеру керек, себебі біз бір мәселені шешу барысында  екінші мәселені туындатуымыз мүмкін", – деді қауымдастық төрағасы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу