Экомәдениет мектеп партасынан басталады

7589

Қатты тұрмыстық қалдық жинаған оқушыларға кеңсе тауарлары һәм қомақты қаржы беріледі.

Экомәдениет мектеп партасынан басталады

Clean City NC компаниясы мен әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту қоры Астана қаласының білім басқармасымен бірлесіп, мектеп оқушыларына қатты тұрмыстық қалдық жинататын болды. Бұл үшін елорданың білім беру мекемелеріне арнайы контейнерлер орнатылады. Оған оқушылар қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп салуға міндеттеледі. Осы арқылы жас буынның бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімі мен экомәдениет қалыптастырылады.

"Күні бүгінге дейін бұл бастама Астананың №37 мектебінде сынақ ретінде жүзеге асырылды. Оқушылар қатты тұрмыстық қалдықтарды санатына қарай бөліп жинауға дағдыланды. Әр ай сайын орта есеппен алғанда оқушылар 400 келі қағаз қалдығы мен пластик бөтелке жинап отырды. Сұрыпталған қатты тұрмыстық қалдық қоқыс өңдеу зауыттарында қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Осылайша қатты тұрмыстық қалдықтан экологияға келетін зиянға тосқауыл қойылды. Бір сөзбен айтқанда оқушылар экологиялық жағдайымыздың жақсаруына үлес қосты. Бұл үшін оларға оқуға қажетті кеңсе тауарлары сыйланды", – деді abctv. kz-ке әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан.

Оның сөзінше, сынақ түрінде жүзеге асырылған жоба биылдан бастап елорданың ғана емес, Петропавл, Қарағанды, Қостанай қалаларының да мектептеріне енгізіледі.

"Кез келген аймақтың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сөзден іске көшу қажет. Бұл үшін экологиялық білім мен тәрбие тереңдетілуі тиіс. Адамдардың экологиялық сауатын арттыруға білім беру мекемелері өлшеусіз үлес қоса алады. Мектеп оқушыларының санасына тәжірибелік дәріс, зертханалық жұмыс арқылы көп нәрсе сіңіруге болады", – деді қор төрағасының орынбасары.

Татьяна Немцанның сөзінше, мектеп оқушыларын қатты тұрмыстық қалдық жинауға ынталандыру үшін жоғарыда аты аталған қалаларда "Эко-челлендж" байқауы ұйымдастырылады. Жоба жеңімпаздарына үшінші орын үшін - 500 мың, екінші орын үшін - 1 млн, бірінші орын үшін - 2 млн теңге беріледі.

"2018 жылы қыркүйек айының бірінен басталатын "Эко-челлендж" экомәдениетті алға ілгерілететін тың идеялар мен бастамаларды дүниеге әкеледі деп үміттенеміз. Жеңімпаздардың есімдері 2019 жылы тамыз конференциясында жарияланады. Жеңімпаздарға ақшалай гранттан бөлек демалыс орындарында тегін демалу құқығын беретін сертификаттар табысталады", – деді ол.

Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту қорының менеджері Гүлсая Қыдырбаеваның сөзінше, "Эко-челлендж" байқауына қатысу үшін  Privatefund.kz сайтына тіркелу қажет.

"Бұл байқау білім мен экологиялық мәдениетті ұштастыруды, сол арқылы адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуді көздейді", – деді қор менеджері.

Гүлсая Қыдырбаеваның мәлімдеуінше, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту қоры барлық мектептерге оқушылардың экомәдениетін қалыстастыруға ықпал ететін әдістемелік құрал үлестіреді. Оқулық мектептерде өткізілетін экологиялық факультативтерде оқушылардың экологиялық сауатын арттыру үшін қолданылады.

Аbctv. kz-ке арнайы сұхбат берген Clean City NC компаниясының бас директоры Дуслан Ахметов тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинауға жағдай жасау  үшін 1,5 млрд теңгеге сары және жасыл түсті 6 мыңнан астам контейнер сатып алынғанын айтты.

"Адамдарға түсінікті әрі ыңғайлы болу үшін екі түсті контейнер алдық. Оның біріне қатты тұрмыстық қалдықтарды, екіншісіне азық-түлік қалдығын салу керек. Өздеріңіз білесіздер, бізде тұрмыстық қалдықты сұрыптап, жіктеп, бір-біріне қоспай жинау және төгу мәдениеті қалыптаспаған. Соның салдарынан қоқыс өңдеу зауыттарының жұмысы тұралап тұр. Сәйкесінше қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Олқылықтың орны уақыт өте келе толады, азаматтардың бойында қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау дағдысы пайда болады деп үміттенеміз. Қатты тұрмыстық қалдық тиісінше сұрыпталса және өңделсе қоқыс полигондарының жұмыс жүктемесі жеңілдейді, қоршаған ортаның ластануы азаяды", – деді бас директор.

Айта кетейік, Clean City NC ЖШС Астана қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мамандандырылған компания. Ол тұрғын үй алаптары мен жеке ұйымдар аймағындағы қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін ұсынады. Күн сайын компанияның 66 қоқыс таситын және басқа да 25 бірлік техникасы екі ауысымда Астана қаласын тазалайды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу