ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев ендігі екі айда инфляция деңгейі билік мәлімдеген 6-8% шегіне қайта келеді деп есептейді.
"Өткен жылдың тамыз айында теңгенің айырбас бағамының өзгеруі 78%-ға, ал жылдық инфляция деңгейі 8,7%-ға жеткенде, бағамды ішкі бағаға сәйкес түзету үдерісі аяқталды десек те болады", – деді ол үкімет отырысында.
2016 жылдың қарашасының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 1,2%-ға, ал жыл басынан бері 7,5% шегінде тұрақтады.
"Отандық экономика айырбас бағамының өзгеруіне қарай бейімделе бастады. Ендігі 2 ай ішінде инфляция белгіленген 6-8% шегіне қайта оралып, 2017 жылдың ішінде сол шектен аспайды", – деп баса айтты Данияр Ақышев.
Ұлттық банк жұмысындағы негізгі басымдық ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемені қалыптастыруға бағытталады, бұл экономикадағы ақшаның нақты бағасын анықтауға мүмкіндік береді. Ол 2016 жылдың ішінде жоспарлы түрде негізгі мөлшерлеме 17%-дан 12%-ға дейін төмендетілгенін еске салды.
"2016 жылы мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығының қайта өрлегені байқалды. Пайыздық бағамның нарықтық құрылымын болжауға болады және ол нарыққа қатысушылардың үмітіне сәйкес қалыптасып келеді. Алғаш рет ұзақ уақыт ішінде шетелдік ойыншылар қайталама нарыққа қатыса бастады және ұлттық банктің ноталарына сұраныстың көбейгені байқалып тұр, бұл ұлттық валюта бағамының тұрақталып, нарықтағы пайыздық мөлшерлеменің дұрысталуына деген сенімділігін білдіреді", - дейді ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ, ұлттық банк өз портфелінен орташа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды сату бағдарламасын жалғастырады.
"19 млрд теңгенің 19 аукционы өткізілді. Соңғы бәссаудада 5 жылдық қағаздар мөлшерлемесі 9%-дан төмен болды. Қаржы министрлігі осы сәтті пайдаланып, болашақта, яғни, 2017-2019 жылдары бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарыққа орташа мерзімді ресурстарды тартса болар еді, алайда, нарықта олар әлі жоқ", – деп қадап айтты Ақышев.
Валюта нарығындағы ахуал тұрақталды және қыркүйектен бастап 3 айда ұлттық банк валюта нарығында өктемдік жүргізген жоқ. Оның айтуынша, қазіргі кезде жағымды әсер беріп отырған іргелі факторлар теңге бағамының құрылуына мүмкіндік берген.
"Ұлттық банк ішкі және сыртқы факторлар әсерінен болып жатқан іргелі жаңалықтарға кедергі келтірмейді. Қарашаның соңында теңгенің биржа бағамы 341,44 теңгеге жетті, яғни, жыл басынан бастап 0,4%-ға әлсіреді. Қазір теңге бағамының күнделікті білінер-білінбес ауытқуы байқалады", – дейді Данияр Ақышев.
Көптеген мұнай өндіруші елдердің мұнай өндіру көлемін азайту туралы келісімге келуі және әлемдік нарықтағы мұнай құнының қымбаттауы нәтижесінде теңгенің нығаю үрдісі байқалатынын еске салды ол.
"Еркін теңге бағамы саясаты қорды біртіндеп қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ұлттық банктің алтын валюта қоры қарашаның соңында 29,8 млрд. долларға жетті. Өсім жыл басынан бастап 2 млрд. долларға жетті. Алтын валюта қоры көлемінің ұлғаюы, негізінен, алтын құнының өсуімен және ішкі нарықта шетел валютасын сатып алумен қамтамасыз етілген", - деді ұлттық банк басшысы.
Ұлттық қордың валюталық активтері 61 млрд долларға жетті. Ел қорының жалпы көлемі 91 млрд долларға жеткен немесе ЖІӨ-нің 68%-ы.
Ұлттық валюта бағамының нығаюы аясында халық ақшасын теңгемен сақтап, оған деген сенімі артты.
"2016 жылы Қазақстанда депозит құрылымында оң өзгерістер болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, 11 ай ішінде теңгемен сақталатын депозиттердің саны 53,2%-ға өсті, ал шетел валютасындағы депозит 10%-ға төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді доллармен сақтау деңгейі 2016 жылдың қаңтар айында 70%-ға, 2016 жылы 56,7%-ға дейін төмендеді. Теңге мен шетел валютасында сақталған заңды тұлғалардың депозиттері теңесті десек болады. Жеке тұлғалардың салымдары ішінде шетел валютасындағы депозиттің үлесі 2016 жылдың қарашасында 64,4%-ға дейін төмендеді, ең үлкен көрсеткіш 2016 жылдың қаңтар айында 80% болған", – дейді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар, банктердің экономикаға несие беру көлемі жыл басынан бастап өзгеріссіз қалды деуге негіз бар, ол 12,8 трлн теңге болды.
"Алайда, портфель құрылымында оң өзгерістер байқалады. 10 ай ішінде өңдеу өнеркәсібіне несие беру 148,7 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығында – 40 млрд теңгеге, құрылыста – 24,7 млрд теңгеге жанданды, 10 айда шағын кәсіпкерлікке берілген несие көлемі 838 млрд теңгеге немесе 41%-ға 2,9 трлн теңгеге өсті", - деді Ақышев мырза.
Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратынын айтты.
"Еліміздің экономикасында дағдарыс құбылыстары етек жайған кезде Ұлттық банк қаржылық нарықты реттеудің шұғыл шараларын қолданатын болады, банк секторының жағымсыз көріністеріне төтеп бере алатын тұрақтылығына бағалау жүргізеді", - деді Данияр Ақышев.