Экономикалық еркіндігіміз қанағаттанарлық жағдайда

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2225

Құжат қарау мерзімін қысқартып, қағазбастылықтан құтылу қажет. 

Экономикалық еркіндігіміз қанағаттанарлық жағдайда

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "Сандж" зерттеу тобы мамандарының қатысуымен экономикалық зерттеулер институты (ERI) дайындаған 2016 жылғы "Іскерлік ахуал" әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы жарияланды.

"Әлеуметтік зерттеуді "Атамекен" КҰП –тың  тапсырысымен ұлттық экономика министрлігінің жанындағы экономикалық зерттеулер институты жүргізді. Сауалнамаға 2016 жылы 4100 респондент-кәсіпкер қатысты, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе көп", – деді өз сөзінде "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов.

Экономикалық зерттеулер институты АҚ салалық сараптама орталығының директоры Динара Ақынбекованың айтуынша, зерттеудің мақсаты Қазақстандағы іскерлік ахуалдың жағдайын зерттеу, кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы жағдай жасалған немесе жағдайы жоқ облыстарды анықтау болған. Осы мақсатта  рейтингті түзуде өңірлердегі әкімшілік реттеу, мемлекеттің бизнесті қолдауы, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым, адам ресурсы, қаржылық ресурс, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейі секілді көрсеткіштер ескерілген.

Зерттеу жұмысының нәтижесінде Алматы қаласы Қазақстан бойынша бизнес жасауға ең қолайлы қала деп танылды. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы рейтингте Алматы үшінші орыннан көрінген еді. Ал елорда биыл екінші орыннан табылса, Оңтүстік Қазақстан облысы үштікке кірді.

Бизнес жасау ең қиын өңірлер ретінде биыл Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары танылған көрінеді.

Сауалнамаға қатысушылардың дені кедендік органдарда, экономикалық зерттеу қызметі мен көлік инспекциясында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп көрсеткен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық деңгейі Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жоғары деп танылған.

Басқосуда зерттеу барысында мемлекеттік органдардың жұмысы да бағаланды. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау туралы ақпарат алуы 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан, ал "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасына қатысушылар үлесі 4,8%-ға өскен.

Сараптама бойынша мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына кедергі келтіретін негізгі мәселелер анықталды. Оның ішінде респонденттердің 29,53%-ы құжаттарды қарау мерзімінің ұзақтығы мен қағазбастылықты көрсеткен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың 14,75%-ы қызметкерлердің біліктілігі төмен екенін атаған.

Ал Динара Ақынбекованың айтуынша, маман мәселесіне қатысты сауалнамада кәсіпкерлердің барлығы өз ісімен айналысу үшін баспана мәселесін алға тартқан. Одан кейін медициналық қызмет пен әлеуметтік инфрақұрылымның жақсы болуын атап көрсеткен. Сол сияқты қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке көп көңіл бөлген.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда ғана облыс әкімдерінің рейтингін анықтауда олар басқарып отырған аймақтардағы бизнес ахуалдың, соның ішінде кәсіпкерлікке жайлы орта қалыпастырылуын ескеру туралы ұсыныс айтылған еді. Ал оның алдында белгілі Heritage Foundation зерттеу институты әлем елдерінің экономикасына жүргізген жыл сайынғы зерттеуінің қорытындысын жариялап, экономиканың еркіндігі жағынан Қазақстанды дүниежүзі бойынша 42-ші орында деп тапты. Осылайша Қазақстан өткен жылғымен салыстырғанда 5,4 пунктке көтеріліп, бір жылда тізімдегі 68-ші орыннан 42-ші орынға жоғарылаған.

Бұл рейтингте елдердегі меншік құқығының сақталуы, кәсіп ашуға және оны жүргізуге жағдай жасау, еңбекақының адал төленуі, сауда қатынастарында кедергінің болмауы, мемлекеттің бизнесті қыспауы ескеріледі.

Институттың хабарлауынша, Қазақстанның биыл алға жылжуына мемлекеттік басқаруды оңтайландыру саясаты мен жекешелендірудің жалғасуы және ДСҰ-ға енуі түрткі болған.

Ұзын саны 186 ел қатысқан тізімде мемлекеттер "Еркін", " Барынша еркін", "Қоңыржай еркін", "Еркіндігі төмен" және "Еркін емес" болып бес санат бойынша жіктелген. Қазақстан осылардың ішінде "Қоңыржай еркін" елдер қатарында. Мүмкін болған бес сатының үшеуін бағындырған. Яғни біздегі экономика еркіндігі "қанағаттанарлық" дәрежеде.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу