Сот алқасы прокурор Серік Төрехановтың шағымында көрсетілген алқабилердің шешімін жоюға еш негіз таппады, деп жазады inbusiness.kz сайты "Судебный репортаж"-ға сілтеме жасап.
"Жәбірленуші Кудиннің апелляциялық шағымы мен әскери прокурордың апелляциялық өтініші қанағаттандырусыз қалдырылсын. Іс бойынша сот үкімінің шешіміне әсер етуі мүмкін бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Сот тергеуі толық және жан-жақты жүргізілді", – делінген апелляциялық алқа шешімінде.
Еске сала кетейік, Айдын Алпысбаев, Сергей Логвиненко мен Мұрат Хасеновқа кәсіпкер Игорь Кудинді өлтіруге оқталды деген айып тағылды. Тергеу тарапы 2014 жылы 30 наурызда Кудинге қатысты қастандық жасалғанын айтты. Игорь Кудинге 3 рет (оның біреуі басына) оқ атылған, денсаулығына зиян келмеген.
Бұл іс 8 жыл бойы қаралды. Сол уақыт аралығында Айдын Алпысбаев, Мұрат Хасенов пен Сергей Логвиненко қамауда отырды. Олар өздерінің кінәсіздігін және айыптаулардың жалғандығын дәлелдеуге тырысты. Маусым айында алқабилердің үшінші құрамы ақтау үкімін шығарды. Олар тергеу тарапы кінәні де, қылмыс жасау фактісін де дәлелдеген жоқ деді.
Ақмола әскери гарнизонының прокуроры Серік Төреханов маусым айында экс-майордың ісі бойынша алқабилердің ақтау үкіміне шағым түсірген. Серік Төреханов үкімді біліксіз алқабилер шығарғанын айтып, үкімнің күшін жоюды талап еткен болатын.