Экс-министрдің шала ісі бизнеске қиындық әкелді

3177

Ата-аналардың жайбасарлығы кесірінен Алматы жақтағы кәсіпкерлер тағы да тақырға отыруда.

Экс-министрдің шала ісі бизнеске қиындық әкелді

Бұл тетік – Мәдениет және спорт экс-министрі Ақтоты Райымқұлованың мақтанышы болатын, оны ол былтыр түрлі есептер мен кездесулерде ауызға алған. Әңгіме жас ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында ел тарихында тұңғыш рет енгізілген, "балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі" жайында болып отыр. Оны қаржыландыру жергілікті бюджеттерге жүктелді.

Тетік қолданыла бастаған бірінші жылдың қорытындысы оның кемшілігі барын көрсетті.

Әрине, жетістігі де жетерлік. Бұл тапсырыс жасөскіндердің спортпен тегін айналысу, шығармашылық әлеуетін ашу үшін жағдай жасады. Оны енгізу мақсатында мәдениет, спорт және дене шынықтыру мәселелері жөніндегі заңдарға түзетулер енгізілді. Содан 2021 жылғы сәуірде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққанда қаржыландыру үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық акті қабылданды.

Арнайы Artsport.edu.kz порталы құрылды. Әр қаладағы тұрғындар сонда балаларын бокс, шығыс жекпе-жегі, жүзу, шахмат, би және басқа секциялар мен үйірмелерге тіркеді.

Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру 2021 жылғы 1 мамырдан басталды. Қазіргі кезде 4-17 жас аралығындағы 283 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер секциялар мен үйірмелерге тегін қатысады. Оның ішінде спорт бағытында – 150 мыңға жуық, шығармашылық бағыттарда – 133 мыңнан астам бала.

Алайда тетіктердің кемеліне жеткізілмеуі кесірінен қазіргі күрделі жағдайда мемтапсырысты орындаушы кәсіпкерлер сан соғып қалыпты.

Кәсіпкер табыссыз, бапкерлер жалақысыз отыр

Шағымданушы кәсіпкерлердің бірі – дзюдо, қазақ күресі секілді спорт түрлері бойынша жас дарындарды жаттықтыратын клубтың иесі Мәдина Демесінова.

"Біз 2021 жылғы желтоқсан айы үшін көрсеткен қызметімізге мемлекеттен ақы ала алмай қалдық. Мәселенің мәнісі мынада: бекітілген кестеге сәйкес, жаттығуларды 20 желтоқсанға дейін өткіздік. Сол күні кешке табельдерді толтырып, оларды мемтапсырыс аясында бізде тегін жаттығатын балалардың ата-аналарына келісімін алу үшін Artsport.edu.kz арқылы жолдадық. Алайда ата-аналар түрлі себеппен жыл соңында табельдерге уақытылы келісімін беріп үлгерген жоқ. Істің бұлай созбалаңға салынуы теріс салдарларға соқтырды. Біз ата-аналар тарапынан келісілген табельді оператордың бекітуіне кеш жібердік", – дейді кәсіпкер.

Түсіндіре кетсек, заңға сәйкес, өңірлік әкімдіктің Дене шынықтыру және спорт басқармасы өз облысы бойынша мемтапсырыстың "операторы" болып есептеледі.

"Енді оператор біздің табельді бекітуден бас тартып отыр. Ол құжаттардың желтоқсанның 20-сынан кеш жіберілгеніне сілтейді. Ал табель бекітілмесе, Artsport.edu.kz порталы орындалған жұмыстар актісін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Тиісінше, көрсетілген қызметке ақы төленбейді. Мұндай қиындыққа Алматы облысындағы көптеген жеткізушілер тап болып отыр. Біз осының кесірінен жалға алған залдарымыз үшін аренда ақысын төлей алмадық. Персоналға, жаттықтырушыларға жалақыны да сол төлемақыдан төлейтін едік, олар да жалақысыз қалды", – дейді Мәдина Демесінова.

Мұндай жағдай өзге де өңірлерде қалыптасуда. Кәсіпкерлер әкімдіктерге жүгініп, күрделі проблеманы шешуге ықпал етуді сұрайды. Бірақ әкімдер үнсіз. Олардың біразы "қасіретті қаңтар" толқулары кезінде өртелген, бұзылған әкімдік ғимараттарын қалпына келтіріп, қалыпты жұмысты жолға қою, тәртіпсіздік салдарынан туындаған түйткілдерді тарқату, тонау мен шабуылдан зардап шеккен кәсіпкерлерге көмектесу жайына бас қатыруда.

Оның үстіне Artsport.edu.kz порталындағы аталған талаптар бәріне ортақ. Демек талапқа сай үлгергендері алды, кешіккендері қалды.

Бірақ әділдік іздеген кәсіпкерлер әкімдіктердің ақ-адал қызметтің өтемін өтейтініне сеніп, арыздануын жалғастыруда.

Талғардағы спорт кешенінде секцияларды ұйымдастырған "Эсмира" жеке кәсіпкерлігінің басшысы Наргүл Юсупова да ұқсас проблемаға тап болды. 

"Бұл платформа жаңа: іске қосылғанына бір жыл да толған жоқ. Тетіктің олқылықтары бар. Сондықтан билік жаңа жобасын жетілдіріп, өмір шындығына, тәжірибеге сай келетіндей етіп, өзгертсе дейміз. Өйткені оның қағидаларының 11-бөлімінде өнім беруші 20 желтоқсаннан қалдырмай операторға электронды есепті бағыттайды деп жазылған. Алайда өмірде мемтапсырыс операторына желтоқсан айы үшін табельді 20-сына дейін тапсыру мүлдем мүмкін болмай шықты. Себебі кесте 20 желтоқсанға дейін созылады және одан кейін әрбір баланың қатысуының электронды табелін сол баланың ата-анасы не заңды өкілі цифрлық қолтаңбасымен немесе жеке кабинет арқылы растауға тиісті", – дейді ол. 

Кәсіпкер ата-аналардың бәрі бірдей жауапкершілік танытпайтынын, табельге қол қоюды 3-4 күнге ұзатып жіберетінін айтады. Бір айда кем дегенде әр секция бойынша 12 сабақ өтуі шарт. Ал желтоқсан мереке мен демалыс күндеріне толы. Адал жеткізушілер сабақ санын қысқартып, қараулыққа бармаған. Кестені де өзгерте алмаған, себебі мектептегі оқу кезеңінде балалар шектен тыс жүктеледі және кесте өзгерсе, қатыса алмай қалады. 

Оператор бұл жеткізушінің табелін бекітуден де бас тартыпты. Салдарынан кәсіпкер көрсеткен қызметі үшін бюджеттен ақысын ала алмады.

Мемтапсырыс орындаушы бизнес билікке екі өтінішпен жүгінді:

Біріншіден, электронды табельдерді  ұсыну объективті себеппен кешіккендіктен 2021 жылғы желтоқсанда көрсетілген қызметтер үшін тиісті ақысын аудару.

Екіншіден, Artsport.edu.kz порталына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге, "Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларына" тиісті өзгеріс енгізу.

"Мен бұл порталда 2021 жылғы 3 тамыздан бері тіркелгенмін. Жүзу секцияларын аштық. Оған 144 бала қатысады. Енді жаттықтырушыларыма жалақы төлей алмай отырмын. Секция жабылып қалса, 144 баланың ата-анасы билік органдарына шағымданады", – дейді Наргүл Юсупова.

Жеке кәсіпкер Давруш Лазгиевтің де осы мәселеге басы қатып жүр. Оның клубы мемтапсырыс негізінде 2 тамыздан бері дзюдо секциясында 180 баланы, грек-рим күресінен 80 баланы, көркем гимнастика бойынша 280 баланы, ал футболдан 120 баланы жаттықтырып жатыр. Портал қаншама кәсіпкерді, бапкерді, балалар мен ата-ананы сенделткелі тұрғандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу