Эксклюзив! "Қайрат" футбол клубының атауын даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев қойған

Бұл туралы жазушы, журналист Қаныбек Әбдуов айтып отыр. 

Эксклюзив! "Қайрат" футбол клубының атауын даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев қойған Фото: ФК "Кайрат"

Оның сөзінше, алматылық "Урожай" командасы осыдан 70 жылға жуық уақыт бұрын сырбойылық клубпен жолдастық кездесу өткізген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сол сапарда орта жолдан рекордшы Ыбырай Жақаевтың батасын алуға соққан футболшылар тағы бір оқиғаны алтын әріппен тарих қойнауына жіберді.

Бір қызығы, пленумда "Қайрат" атауы болмаса да, ұсыныс ретінде айтылған оншақты түрлі атауды артқа қалдырыпты.

– 1956 жылы Алматының "Урожай" футбол командасы қызылордалық командамен жолдастық кездесу өткізді. Қайтар сапарында команда мүшелері келісе отырып, Шиеліге соғып, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың батасын алуды көздейді. Сақырлаған сайдың тасындай сақа жігіттердің бұл құрметін ыстық ықыласпен қарсы алып, ақ күріштің атасы дастарқан көтеріп, шай-су ұсынады. Оларды жақсылап күтеді. Кетер сәті келгенде футболшылар қол жауып, киелі кісіден бата сұрайды, – деп бастады сөзін Қаныбек Әбдуов.

Сол сәтте еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген күрішші Жақаев еш тосылмастан: "Айналайындарым, допты қууға да қуат қажет, ол – дені сау, шыныққан, шираған адамның қолынан келетін шаруа. "Сен тұр, мен атайын" дейтін әбжіл қарсыласқа мықты қауқар керек. Сендердің жеңістеріңді күтіп, қаншама мыңдаған жанкүйер қолдайды. Демек, қазақ елінің бас командасына "Урожай" деген ат сәйкес емес, есімнің де ерекшелігі бар. "Қайрат" деген қандай жарасымды!? Жеңіске жетелейтін, ықыласқа ынта қосатын, намысты оятатын орайы бар. Реті келсе, осы жағын ойластырсаңыздар!" депті даңғайыр диқан батасында.

Енді "Қайрат" атауының қалай қойылғаны туралы ақпарға кезек берсек.

– 1956 жылы Бүкілодақтық кәсіподақшылар орталық кеңесінің президиумы (ВЦСПС) "Урожай" ерікті спортшылар қоғамын "Колхозшы" республикалық спорт қоғамымен біріктіру туралы қаулы шықты. Ол кезде КСРО кәсіподақшылар кеңесінің төрағасы В.Гришин болатын. Осыған орай, Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхаммед Қонаевтың да қаулысы шығып, 18 маусым 1956 жылы бірлескен пленум өтті. Пленумның алдына ерікті селолық спорт қоғамынан "Егінші", "Тұлпар", "Өнім", "Алтын дән", "Күресші", "Дала бүркіті", "Жастар" секілді атаулар ұсыныс етіп қойылған еді. Бір қызығы, күн тәртібіне іліккен әлгі атаулар назарға алынбады. Жиынның соңғы минуттарында "Қайрат" атын қою туралы ұсыныс құпталып кетті. Мұны әліге дейін ешкім кесіп айта алмайды, біреу Дінмұхаммед Қонаевтан түскен ұсыныс деп болжайды. Бірақ, мұның түпкі ұсынысы Ыбырай Жақаевтан болғанын, ол Қонаевқа сөзсіз жеткені анық болатын, – деп экслюзивті жаңалығын жеткізді Қаныбек Әбдуов.

Жазушы әрі журналист кейіпкеріміздің сөзінше, бүгінгі "Қайрат" футбол командасы да, спортсүйер қауым бұл тарихтан бейхабар болуы мүмкін. Бір белгілісі, "Қайраттың" қайратын қанаттандырған Сырдың қолдауы, Ыбырай атаның киесі екенін ескерген де жөн.

Әрі күні ертең атағынан ат үркетін "Реал Мадридпен" өтетін ойын алдында тарихи әрі осындай маңызды ақпараттарды біле түскеніміз, күллі қазақ болып жанкүйерлік еткеніміз дұрыс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу