ЭКСПО-2017: Көрме кезінде не көреміз?

10001

ЭКСПО-2017 көрмесіне 113 күн қалды.

ЭКСПО-2017: Көрме кезінде не көреміз?

Миллиондаған жұрттың көңілін табудың бір жолы – мәдени демалыс ұйымдастыру. Ендігі жерде келген қонақтарға қандай шоу ұйымдастырамыз, қазақтың қонақжайлығы мен өнерін қалай танытамыз деген мәселелер пысықталып қойды.

Сонымен, көрме өтетін үш айда қандай қызықтар болады?

Опера, балет, көрме, спектакль, мюзикл, концерт, фестиваль, спорттық іс-шаралар... Көрме кезінде бас-аяғы 3500-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылмақ. Мұның бәрі кешенді бағдарлама аясында әзірленген.

"Қазанатқа" қазақ ауылы қонады

Шетелдік қонақтар мен елордалықтар аумағы 2500 шаршы метр жерді алып жатқан "Қазанат" ипподромынан еліміздің ұлттық дәстүрін ұлықтайтын "Этноауыл" этномәдени кешенін тамашалайды. Көшпелілер өркениетінің ордасы келушілерді таңдай қақтырары сөзсіз. Бұрын Астананың туған күні қарсаңында ұйымдастырылса, бұл жолы сәні мен салтанаты бөлектеу болады.

Өткенге саяхат жасап, нағыз көшпелілердің өмірін көрсету үшін 24 киіз үй тігіледі. Сол дәуірдің рухы мен тұрмыстық сипатын 11 сектордан тұратын бірегей этникалық кешен арқылы шынайы жеткізбек. Әр адам сол киіз үйдің біріне тоқтап, нағыз көшпелі халықтың тұрмысын сезіне алады.

Сонымен "Этноауыл" аясында еліміздің сәндік қолданбалы өнерін паш ететін 10 киіз үй құрылады. Ол "Қолөнершілер" ауылы деп аталады. Шеберлер киіз басып, кілем тоқиды. Кесте тігіп, зергерлік пен ағаш өнерін ортаға салып, терінің қалай өңделетінін таныстырады. Келушілерге қыш және қару-жарақ түрлері ұсынылады. Қонақтар киіз үйдің айналасынан нағыз қазақ өнерін сезіне алады. Кәдесый ұсынатын шебер қазақтың қолөнер бұйымдарының жасалу жолын үйретіп, шеберлік сабағын өткізеді.

Ал "ұлттық салт-дәстүр" секторында ғажайып үйлесім тапқан қазақ халқының салт-дәстүрі көрсетіледі. Яғни баланың дүниеге келуі, шілдехана, тұсау кесу, қыз ұзату, бала тәрбиесі, қазақтың қонақ қабылдау ерекшелігі, ұлттық мерекелер және тағы басқа тұрмысымызға енген маңызды сәттер кеңінен таныстырылады. Сол сияқты, шығыс базары аталатын "Жібек жолы" ауылында қазақ даласы арқылы дамыған сауда-саттыққа маңыз берілмек. Кезінде Жібек жолы арқылы батысқа, Еуропаға жібек, қару-жарақ, дәрі-дәрмек саудасы кеңінен таралған. Мыңдаған керуен жолға шығып, айырбас сауданың іргесі қаланғанын білеміз. Көрме кезінде сол саудагерлердің бейнесін бүгінгі саудагерлер басады. Оларға сауда жасайтын арнайы орындар бөлініп, дүңгіршектер қойылып, қайнаған нағыз шығыс базарын көрсету көзделіп отыр.

Қазақ үшін аң атып, саят құрудың сайраны бөлек десек, "Ұлттық аңшылық түрлері" секторында қазақ жігіттерінің батырлығы мен біліктілігі, жауынгерлік өнері мен шабандоздығы шыңдалады. Көрмеге келген қонақтар "Бес қарудың" әдісін меңгеріп, "Жекпе-жек", "Аударыспақ" сынды қазақтың қоян-қолтық ұрысын, садақ ату, қылыштасу түрлерін іс жүзінде көреді. Киіз үй жанында аң аулағанда аңшының серігіне айналған тазы, төбет, бүркіт, сұңқар секілді ит-құстың тәлімбағы болады. Сонымен қатар "Дәстүрлі қазақ асүйі мейрамханасы", "Демалыс аллеясы, "Концерттік зона" және "Цирк аймағы" секторларында да қызыққа толы бағдарламалар ұсынылып, ипподром аумағы дүбірлі тойдың думанына айналмақ.

Бірегей бағдарлама – "Астана Балет ЕХРО GALA"

23 маусым күні "Астана Балет" театры "Астана Балет ЕХРО GALA" атты ерекше бағдарлама ұсынады. Бұл бағдарламаға отандық және шетелдік хореографтардың үздік қойылымдарынан үзінділер енгізілген. Дәлірек айтқанда, концерттің бірнші бөлімінде Э.Пиаф, Ч.Дюмонт және Ж.Брельдің музыкасына бельгиялық хореограф Рикардо Амарантенің "Love Fear Loss" атты бір актілі балеті көрсетіледі. Екінші бөлімде көрерменге "Ұлы дала мұрасы" атты бағдарлама ұсынылады. Ол хореографиялық миниатюра сипатында құрылған. Онда Ұлы даланың бойында болған оқиғалар баяндалады. Ал үшінші бөлімде Хекель Таварестің музыкасына қойылған бір актілі "Gaia" балеті көрсетіледі. Оның қоюшы-хореографы, жарық пен костюм суретшісі – Рикардо Амаранте. Айта кетейік, Gaia – заманауи хореография тілімен баяндалған жер шары туралы жан тебірентер оқиға.

Сонымен қатар бағдарлама аясында "Кармен", "A Fuego Lento/Баяу жалын" атты бір актілі балеттер мен ұлттық стильде қойылған "Арулар", "Әсем қоңыр" хореографиялық миниатюралары көрсетіледі.

Елорда төрінде Эрмитаж күндері

Эрмитаж – әлемдегі ең үлкен мұражайлардың бірі. 2017 жылдың 3 шілдесі мен 20 қыркүйегі аралығында еліміздің Ұлттық мұражайында "Эрмитаж күндері" және Мемлекеттік Эрмитаждан жиналған қару-жарақ көрмесін өткізу жоспарланған. Қонақтар осы көрме арқылы Эрмитажда сан жылдар бойы сақталған бірегей қару үлгілерін тамашалай алады. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарына берілген үлкен мүмкіндік. Өйткені сонау Эрмитажды тамашалауға мүмкіндігі жоқ азаматтар көрме экпонаттарымен елорда төрінде тұрып-ақ таныса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің хронологиялық аясы ХV және ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі уақытты қамтиды. Көрмеде Шығыс пен Батыстың 70-ке жуық қару-жарақ өнерінің заттары ұсынылмақ. Оның ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінің әскери, аңшылық және мерекелік қарулары да болады.

Пласидо Домингоның "Опералиясы"

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында "опера королі" – Пласидо Доминго елордаға ат басын бұрмақшы. Алғаш рет елімізде Пласидо Доминго негізін қалаған дүниежүзіндегі ең беделді "Опералия" байқауы өтеді. 2017 жылдың 24-29 шілде аралағында өтетін ауқымды шараға 40-тан аса өнер шебері қатысады. Үш кезеңнен тұратын үздік дода жеңімпаздардың гала концертімен аяқталады. Концертте Маэстро Домингоның өзі "Астана Опера" симфониялық оркестріне жетекшілік етеді.

Сөз арасында айтайық, аты аңызға айналған Пласидо Домингоның "Опералиясы" 1993 жылы құрылған. Ол опера әлеміндегі болашағы жарқын жандарды халықаралық байқау арқылы танытуды көздейді. Сол себепті қазылар алқасында тек кәсіби әншілер ғана емес, танымал менеджерлер, режиссерлер мен театр басшылары бар.

Жалпы жүлде қоры – 180 000 АҚШ доллары. Ерлер мен әйелдер дауысы арасында 1, 2 және 3-сыйлық иелерін марапаттаумен қатар, жүлделер қатарында Р.Вагнер және Р.Штраустың репертуарынан операны үздік орындағандарға Б.Нильсонның сыйлығы, үздік орындалған сарсуэлалар үшін Пепита Эмбил де Доминго мен үлкен Пласидо Домингоның сыйлығы және көрермен көзайымы жүлдесі тағайындалған.

"Барыстар" бақ сынайды

Жаңадан ашылатын "Барыс Арена" сарайында қазақ күресінің жетістіктері көрсетіледі. Әлемдік аренада ұлттық спортымыздың стратегиялық дамуын насихаттау мақсатында, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде "ALEM Барысы" қазақ күресінен халықаралық турнир өтеді. Жарысқа 60-тан астам елдің мықты спортшылары қатысады. Оған салмағы 90 келіден асатын балуандар қатысады. Жарыс форматы қазақ күресінің ережелері мен Олимпиада жүйесін басшылыққа алады.

Талайды таң қалдырған "Turkvision"

ЭКСПО қонақтарына тамаша мүмкіндік – "Turkvision" заманауи эстрадалық ән байқауы болмақ. Түркі халықтарының тамыры бір екендігін насихаттайтын байқауға қонақ ретінде бұған дейінгі байқауларда жеңіске жеткендер шақырылған. Қазіргі уақытта Түркия және Орталық Азия елдерінде байқауға қатысу үшін іріктеу жүргізіліп жатыр.

Өнер додасына түркітілдес мемлекеттер ғана қатыса алады. Оған "TÜRKSOY" түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы мен ТMB TV түрік телеарнасы қолдау білдіріп отыр.

Әрине, 3500 шараны түгел тізіп шығу мүмкін емес. Біз тек ең маңыздыларына тоқталдық. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші, еліміздің нағыз ұйымдастырушылық қабілеті көрме кезінде сыналады.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу