ЭКСПО-2017 құрылысындағы жанжал өрши түсті

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
28527

EXPO кешенінде орын алған төтенше жағдайдан кейін қаржы полициясы "Бәйтерек Development" топ-менеджерлері тобының ұсталғанын мәлімдеді.

ЭКСПО-2017 құрылысындағы жанжал өрши түсті

Олар құрылыс компанияларын тұрғын үй салу тапсырысымен, оның ішінде мемлекет қаржысы есебінен қамтамасыз ету үшін пара алған деген күдік туғызып отыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"Тергеу барысында "Бәйтерек Development" АҚ лауазымды тұлғалары Аслан Жақыпов (басқарма төрағасының орынбасары), Бауыржан Әйтімбетов (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің басшысы) және Ғазиз Сариев (басқарушы директор) жүйелі түрде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй кешенін салу қызметін көрсететін құрылыс компанияларынан ірі көлемде пара алғаны анықталды.

Қылмыстық топтың әр мүшесінің атқаратын нақты міндеті болыпты. Әйтімбетов құрылыс компанияларының өкілдерінен тікелей пара алып, содан кейін оны Жақыпов пен Сариевке беріп отырған. Ал Жақыпов пен Сариев келісімшарт, төлем есепшоттары мен атқарылған жұмыс актілеріне қол қоятын болған", – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның баспасөз хабарламасында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметіне сүйенсек, "Бәйтерек Development"-тың ұсталған қызметкерлері осындай қылмысты іске асыру үшін 13 кәсіпорынмен жұмыс істеген. Бизнестің бұл субъектілері мемлекеттік бағдарлама бойынша Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалаларында құрылыс салған.

"17 қараша күні 28 млн теңге көлемінде кезекті пара алып жатқанда Жақыпов, Сариев, Әйтімбетов ұсталды. Бұл қаражат "Project City Group" ЖШС-ның Павлодар қаласындағы құны 3,4 млрд теңге тұратын 9 қабатты 2 тұрғын үй құрылысына келісімшарт жасау барысына қамқорлық танытып және атқарылған жұмыс актісіне еш кедергісіз қол қойып беруге арналған", – делінедітағы да сол баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге ұлттық компанияның топ-менеджерлерінен басқа "Project City Group" ЖШС-ның басшылары мен құрылтайшылары – Б. Есмұханов, Е.Жұманазар, А.Комаров "Бәйтерек Development" АҚ-ның лауазымды тұлғаларына бірнеше рет пара берген деген айыппен ұсталғаны хабарланды.

"Бұрынғы басқарушы директор Анарбай да дәл осындай қылмыс жасап, пара алған еді. Қазір ҚР ҚПК-ның 128-бабына сәйкес ол да ұсталды", – делінеді баспасөз-хабарламасында.  

"Байтерек Development"-тің баспасөз қызметі топ-менеджерлердің ұсталғандығын растады. Бірақ, оқиғаға қатысты түсінік беруден әзірге бас тартып отыр.

Компанияның ресми сайтында Аслан Жақыпов үстіміздегі жылдың наурыз айында басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны көрсетіліпті. Ол парламент мәжілісінің депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлы.

"Бәйтерек Development" – "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының тұрғын үй құрылысы (еліміздің 11 өңірінде 22 тұрғын үйдің құрылысы бойынша жобаларды іске асырады) бағытының бір операторы. Сонымен бірге компания EXPO-2017 кешенінің аумағындағы 2 нысан – көп пәтерлі тұрғын үй кешені мен Mega Plaza сауда-сауықтандыру орталығын қаржыландырған болатын.

Дина Ермағанбетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу