ЭКСПО: Бес елдің павильоны пайдалануға берілді

2888

31 қазан күні "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО халықаралық көрмесі нысандарының алғашқы легін шетелдік иелеріне табыстады. 

ЭКСПО: Бес елдің павильоны пайдалануға берілді

"Бұл күн ұлттық компания үшін атаулы күн. Көрменің маңызды 5 нысанының құрылысы аяқталды. Атап айтсақ, халықаралық павильондар, 1374 орындық ЭКСПО қалашығы, ЭКСПО-кеңсесі, ішкі істер мекемесі мен энергияны зерттеу орталығының құрылысы аяқталды. Бұл нысандардың жалпы көлемі 482 шаршы метрді құрайды", – деді А. Есімов.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, жоба күрделі дағдарыс кезеңінде жүзеге асырылып отырғанына қарамастан, бұл да Елбасының дағдарысқа қарсы бағдарламасының біріне айналып отыр. Ол осы халықаралық жобаны қолға алудың арқасында 300 отандық кәсіпорынның жұмылдырылғанын айтты. Нәтижесінде 50 мың жұмыс орны ашылып, құрылыс барысында 14 мың адам екі қолға бір күрек тапқан көрінеді.

Ахметжан Есімовтың сөзіне қарағанда, құрылыс кезінде 492 млрд теңгенің қызметі жүзеге асырылған.

"Көрменің өзге нысандарындағы құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ол – "Сфера" ұлттық павильоны, конгресс-холл және қонақ үй. Келесі жылы қоғамдық алаң мен аймақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі", – деді А. Есімов.

Жалпы, құрылыс мамандарының айтуынша, ЭКСПО нысандарының жалпы ауданы 68 мың шаршы метрді құрайды. Ал ғимараттар құрылысына қолданылған метал көлемі бар болғаны 4 мың тонна ғана. Әдетте мұндай құрылысқа анағұрлым көп метал қолданылатын болса, ЭКСПО құрылысының бір инновациясы да осы құрылыста қолданылатын метал көлемін азайту екен. Сонымен қатар жаңа технология бойынша салынған жылыту жүйелері де әдеттегі энергиядан алты есе үнемді көрінеді.

"Құрылыс барысында бұрын-соңды пайдаланбаған жаңа технология, соның ішінде аллюминий шатыр мен темірді алмастырушы өзге де заттар қолданылғандықтан, шыны керек, құрылысшылар үшін қиындықтар болды. Дегенмен, бұл жоба елдегі құрылыс саласын көптеген дүниеге үйретті," – дейді BI Group басқарма төрағасы Талғат Қожахметов.  

Осылайша, бүгін алғашқы бес мемлекеттің, атап айтар болсақ, Мажарстан, Германия, Франция, Қытай және Түркияның павильондары пайдалануға берілді.

Ең ірі нысандардың бірі - "Энергияға бастар жолда" деп аталатын неміс павильонының ауданы 1249,5 шаршы метрді құрайды. Павильон тақырыбы тұрақты энергияны пайдалану шеңберінде ел тарихы туралы баяндайды, сондай-ақ технологиялық инновацияларды және осы саладағы жетістіктерді көрсетеді. ЭКСПО-2017 аясында Германияның ұлттық күні 2017 жылғы 12 шілдеде өтеді.

Ал Франция павильоны ауданы 1069,1 ш. м. Тақырыбы - "Жасыл өсуге арналған энергетикалық бұрылыс". Ел "жасыл энергетика" саласындағы өз әзірлемелерін "Болашақтың қаласы", "Жаңартылатын энергия" және "Көліктің экологиялық түрлері" атты үш кіші тақырыппен ашады.

Келушілер көрме аясында Францияның ұлттық күнін 2017 жылғы 21 маусымда тойлай алады.

Қытай павильонының ауданы 1000 ш. м. "Жасыл жібек жолы" павильонының ерекшелігі "Болашақтың энергиясы арман театры" болады. Ол ҚХР-дың Жібек жолы бойындағы елдермен, сондай-ақ бүкіл әлем елдерімен арадағы энергетикалық ынтымақтастығының жаңа ойын көрсетеді. ЭКСПО-2017 көрмесінде Қытайдың ұлттық күні 2017 жылдың 5 шілдесінде өтуге тиіс.

Мажарстан павильонының ауданы 411,9 ш.м. құрайды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, павильонның "Болашақтың энергиясы баршамызды біріктіреді" атты тақырыбы елдің географиялық, экономикалық ерекшеліктері мен қолжетімді энергия көздеріне негізделген. Павильон су, күн және жел елі болып табылатын Мажарстанның сипатын атап өтіп, электр және қалалық жоспарлау саласындағы ең жаңа қондырғыларды көрсетеді. Сондай-ақ, көрме аясында 2017 жылғы 20 тамыз Мажарстанның ұлттық күні болып белгіленді.

Айта кетсек, осы күнге қарай 105 ел мен 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растапты.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу