ЭКСПО қарсаңында Астанаға көкөніс керуені аттанды

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
2307

13-14 мамырда Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. 

ЭКСПО қарсаңында Астанаға көкөніс керуені аттанды Фото: otyrar.kz

Жәрмеңкеге оңтүстіктің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері құны 135,6  млн теңге болатын 262 тонна  өнім жеткізбек.  Оның ішінде 22  тонна жылқы еті, 15 тонна күрке тауық еті, 10 тонна ұн өнімдері, 71 тонна қызанақ, 71 тонна қияр, 7 тонна сүт өнімдері, 3 тонна шұжық өнімдері, 3 тонна балық өнімдері, 1 тонна қымыран, 10 мың дана жұмыртқа бар.

Бұдан бөлек, 1099 тонна алма ( "Арсенал сад", "Түлкібас жеміс-жидектері" ЖШС), 542,8 тонна жүзім ("Арсенал сад", "Амангелді" ЖШС), 230 тонна  алхоры ("Түлкібас жеміс-жидектері" ЖШС), 4608 тонна қарбыз ("Арсенал сад", "Нұралы жол" ЖШС), 1155 тонна қауын ("Сая", "Ақниет" ШҚ ), 43 тонна  шие ("Амангелді" ЖШС ), 1148,8 тонна пияз ("Салтанат" ЖШС ), 900 тонна қияр ("Қарабұлақ Агро", "Көлкент"), 900 тонна қызанақ ("Қарабұлақ Агро", "Көлкент"), 10 тонна балмұздақ ("Балмұздақ" ЖШС, "Азия холод" ЖШС) әкелінеді.

"Өнімдерді Астанаға жеткізу үшін тоңазытқыштармен қамтылған 25 көлік сақадай сай тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдері  тиелген алғашқы  керуен елордаға 10  мамыр  күні жолға шығып отыр", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков.

Өнімдерді  Астанаға  жеткізу үшін көлік мәселесі, қойма мен  шаруалардың  жатын орны және  жол шығындары толығымен шешілген. "ЭКСПО" көрмесі аясында өтетін жәрмеңкелердің  тиімді тұстары көп. Біріншіден, шаруалар елордаға  барып  әлем назарына ие болған халықаралық  шараны  тамашалайды.  Екіншіден,  көрме қонақтары оңтүстіктің дәмі тіл үйірер табиғи таза өнімдерінен  дәм  татады.  Үшіншіден, шаруалар  бен  диқандардың  табыстарын еселеуіне мүмкіндік  туады.  

Ұйымдастырушылардың шешімімен "ЭКСПО" халықаралық көрмесінде отандық өнімдер қала тұрғындары мен қонақтарға жәрмеңке түрінде ұсынылатын болады. Оңтүстік Қазақстан облысы халықаралық көрме аясында  6  рет  жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр. Осы аралықта оңтүстіктің шаруалары елордаға 12976 тонна болатын  ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтеді. Бұл мақсатта облыстан 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары іріктеліп, дайындық жұмыстары күшейтілген. 

"Соңғы бес жылда облысымызда ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 445,0 млрд теңгені құрады. Республикадағы шаққандағы үлесі - 12,3%. Өндірілген өнімдер бойынша мақтаның - 100%, жүзімнің - 68,5%, бақшаның - 61,0%, жеміс-жидектің - 38%, мақсарының - 36%, көкөністің - 25%, жүгерінің - 23%, сүттің - 13,5%, еттің 12,3% Оңтүстік Қазақстан облысының үлесінде", – дейді облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов.  

Бұдан бөлек, өңірде терең қопсыту, интенсивті бау, жылыжай, тамшылатып суғару әдісін ендіруде  облыс алдынғы қатарда. Мал шаруашылығы бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес ірі мал бордақылау алаңдары мен замануи робатталған сүт тауарлы фермалар  және құс фермалары іске асырылуда.

Ағымдағы жылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, бүгінде облыста 40 мыңнан астам жеке және қосалқы фермерлік шаруашылықтарды біріктіретін 363 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу