ЭКСПО қонақтарын Lada тасиды

Артур Мискарян Артур Мискарян
3782

Астананың таксопарктері Қазақстанда құрастырылған 300 автокөлік сатып алады.

ЭКСПО қонақтарын Lada тасиды

"Азия Авто" зауытында жиналған алғашқы жүз автокөлік "Taxi ZHeBe" ЖШС және "Автокөлік шаруашылығы" ЖШС (ЭКО такси бренді – автордың ескерт.) компанияларына тапсырылды. Автокөліктерді тапсыру елорда әкімдігінің Astana Taxi жобасы аясында іске асырылуда. Аталған жобаның мақсаты – бірыңғай мәнерде безендірілген автокөліктері бар такси қызметін құру.

"Бүгін жүз жаңа Ларгус келді, мамыр айында тағы екі жүз осындай автокөлік түрлі такси қызметтеріне тапсырылады. Бүгінде жалпы такси паркі Renault Logan, SsangYong Kyron маркалы үш жүз автокөліктен құралған, бірінші маусымға дейін тағы үш жүз Ларгус жеткізіледі. Астанадағы таксидің барлық көліктері қайта жасақталады, енді қаламызда түрлі түсті таксилер болмайды, барлығы да бір үлгіде безендіріледі", – деп пікір білдірді Астана көлік қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.

Таксопарктер алып жатқан бір Lada Largus-тың құны қосымша құрылғыларсыз 3 470 000 теңгеге тең. Жоспар бойынша 300 автокөлік сатып алынбақшы, оның жалпы құны шамамен 1 041 000 000 теңгені құрайды. Елорданың таксопарктеріне автокөлік алуға несиені "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры береді.

"Жаңа автокөліктерді алуға несиені Даму қоры субсидия ретінде береді. Бізге 8,5%-бен несие берді – қазір бизнесте мұндай пайыздар жоқ. Жеке тұлғалар үшін жеңілдік қарастырылған, оларға 4%-бен несие беріледі, бірақ заңды тұлғаларға бұл қатысты емес. Бұл автокөліктер қазір қымбат тұратынын түсіну керек, бірақ бізге шамамен үш жүз мыңға теңгеге тарта жеңілдік жасалды. Бұл автокөліктер 3 жылда шығынның орнын өтейді деп жоспарлап отырмыз – бұл ең қысқа мерзім", – дейді "Эко Такси" компаниясының директоры Әділхан Жақыпбеков.

Астана көлік қауымдастығы төрағасының айтуынша, жеткізуші компаниялар мәміле жасасу үшін серіктес банкті өз еркімен таңдайды екен.

"Лада Ларгус 3 470 000 теңге тұрады, таксопарктер несие алады, оның үстіне пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түріндегі мемлекеттік қаржылық қолдау құралдары қолданылады. Қай банкпен мәміле жасасуды жеткізушілер өздері таңдайды", – деді Медет Құрманов.

ЭКСПО көрмесі басталғанға дейін таксопарктер пайдаланып отырған ескі автокөліктер арнайы құралдармен жабдықталып, бір мәнерде безендірілуге тиіс.

"Автокөлікті қайта жабдықтау, жаңа үлгіде безендіру құны әр көлік үшін әр түрлі. Шанақ қаптамасы – шамамен 25 мың теңге. Қалалық көлік басқармасымен жасасқан шартта әр автокөлік электрондық таксометрмен, POS терминал және бейнебақылау тіркеушімен жабықталуға тиіс екендігі көрсетілген. Ларгуста бұл жабдық шамамен 120 мың теңге тұрады", – деді "Эко Такси" компаниясының директоры Әділхан Жақыпбеков.

"Бипэк Авто" ЖШС Астана филиалы директорының орынбасары Санжар Әжіғалиевтің сөзінше, елорданың таксилері үшін автокөлік сатып алу және қызмет көрсету құнына байланысты таңдалған жоқ, оның бір себебі Lada Largus-ке дилерлерде және зауыттарда тапшылық болмайды.

"Таңдау автокөліктің сапалы сипаттамаларына байланысты жасалады, автокөліктің бағасы, қолдану құны және өзге сипаттамалар бойынша Ларгус тиімді автокөлік болып табылады. Одан бөлек, бұл автокөліктер дилерлерде үнемі болады. Әкімдік мәміленің үйлестірушісі болып табылады, себебі қазіргі таңда ЭКСПО-ны жақсы өткізіп, қонақтардың сынына қалмау үшін күш салынып отыр", – деді Санжар Әжіғалиев.

"Егер жеткізушілер автокөліктерді газ отынына қайта жабдықтаса, құпталады, – деді Астана көлік қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов, – бірақ бұл олардың өз еркі. Елорданың таски қызметтерінде бес жылдан астам уақыт бойы Renault Logan автокөліктері пайдаланылып келеді, бұл сыннан өткен көліктер. Лада Ларгус та сол өндірісте құрастырылды, сондықтан дәл осы автокөлік таңдалды. Біз отандық көлік өндірісін қолдау керегін жақсы түсінеміз. Сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да, пайдалану сипаттамалары тұрғысынан да тиімді автокөлікті таңдадық".

Жаңартылған таксиде жүруді ең төменгі құны – 500 теңге, бұл үш шақырымға дейінгі қашықтыққа жүру ақысы, одан кейінгі әр шақырымға 100 теңгеден қосылып отырады. Одан бөлек, жаңа мәнерде безендірілген таксилерге ЭКСПО басталарда автобус жолағымен жүруге рұқсат беріледі.

Артур Мискарян, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу