ЭКСПО көрмесінде қандай павильондар танымал?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
14788

Өзінің 150 жылдан астам тарихында ЭКСПО көрмесі ешқашан көшпелі өркениеттің киелі мәдениеті мен дәстүрлі өсиетін бойына жиған қалада өтіп көрмепті.

ЭКСПО көрмесінде қандай павильондар танымал? Фото: weproject.kz

Астана ЭКСПО-ны қабылдай алған әлемдегі 35 шаһардың қатарына енді. Оның үстіне Қазақстан президенті ЭКСПО-2017 елорданың келер жылғы 20 жылдығына лайықты тарту болатынын белгіледі.

Сондықтан билік жаһандық көрмені өткізуге барын салды. Сонымен бірге ресми Астана ЕХРО-2017-ге қатысқысы келетін елдерге жоғары талап қойды, олардың павильондарының ұлттық комиссарларымен байланыста болып, ең лайықты экспозицияларын паш етулерін өтінді. Осылайша, әсем нысандардың жиынтығы емес, бүкіл адамзаттың игі шыңына айналдыруға күш салды.

Демек, енді қазақстандықтарға "көргенде – арманда, көрмегенде – арманда" деген бір теңеумен-ақ сипатталатын жаһандық көрмені тамашалап, қызығына қану қалады.

Айтқандай, әлеуметтік желілерде елордадағы көрмеге шетелдік туристер келмепті деген қаңқу сөз тарады. Көрмені аралаған жан бұл байламның дұрыс еместігін ұғынады. Бұл жерден адамзаттың әртүрлі нәсіліндегі және діни ұстанымындағы баласын кездестіре аласыз және олардың қатары тіпті де аз емес. Әрине, ең көбі – Шың елінен қонақтар. Оларды топ-топ болып, қолдарына қызыл жалауша ұстап жүрген түрлерінен-ақ тануға болады. Олардың гидтерінің айтуынша, бұл біріншіден, бір-бірінен адасып қалмау үшін, екіншіден, тәртіп сақтау үшін қажет екен. Қытай туристері өздерін ұстамды, тәртіпті тұрғыдан көрсетуі керек деген нұсқау болса керек.

"ЭКСПО-2017" павильондарының қайсысы келушілер арасында кең танымал?" деген сұрақ туады.

Отандық және шетелдік қонақтар әрине, көрменің "інжу-маржаны" – Нұр Әлем аталған дөңгелек ғимаратқа, яғни Қазақстанның ұлттық павильонына асығуда. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне келіп, оның басты нысанын көрмей кетуге бола ма?!

Сфера пішіндес бұл нысан – көрменің символы болып табылады. Ол осындай қалыптағы және диаметрі 80 метрді құрайтын әлемдегі жалғыз  ғимарат болып табылады. Біздің ұлттық павильон "Болашақ энергиясының музейінен" тұрады, онда Қазақстанмен танысу аймағы орналасқан, сондай-ақ адамзат игере алған қуаттардың негізгі түрлері паш етіледі.

Мұның сыртында "Нұр Әлем" ішінде "Болашақ Астана – Қазақстанның елордасы 2050 жылы" атты футурологиялық экспозициясы, ғарыштық қуат залы, "Жасампаз энергия" аймағы бар. Соңғысына 28 қазақстандық ғылыми жоба, "Жасыл экономика" концепциясындағы жобалар кіреді. "Токамак" қазақстандық материалтану термоядролық реакторының моделі де осындай қойылған. Болашақтың қуаты саналатын термоядролық синтезді ғалымдар бұрыннан игеруге тырысуда. Осы реактор арқасында Қазақстан ондай жетістікке жеткен әлемдегі "жетілік" қатарына енді.      

Рас, кейбір қонақтар келушілерге "Нұр Әлемнің" тек бірінші қабаты ғана ашық болғанына шағымданды.

Сонымен бірге, ең танымалдары арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея және Қытай павильондары қарақұрым халық жиған көрінеді. Бұларға кіруге құштар адамдар ұзынсонар кезек тұрды. Монако Княздығы мен Германия павильондары да көруге ынтыққан жандарды магниттей тартуда. Көрме кешенін аралап шыққан көрермендер Въетнам павильонына да бас сұғуды ұсынады. Олардың павильонынан шығар жерде селфи жасауды ұсынып, егер электронды поштаңызды қалдырып кетсеңіз, артынан фотоңызды тегін жібереді.   

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаровтың айтуынша, көрменің барлық павильондарын аралап шығуға тура төрт күн керек болады. Еріктілер арнайы тапсырма бойынша зерттеп, соны анықтап шығыпты. Бірақ егер ЭКСПО-2017 көрмесі бойынша диссертация қорғайтын, не кітап жазатын зерттеуші болмаса, қарапайым келушілерге мұның қажеті де шамалы. Мәселен, өз көрмесін жайған 22 халықаралық ұйым өз павильондарына бұқаралық қызығушылықты ояту тұрғысынан емес, өз қызметтерін таныстыру тұрғысынан келген, тиісінше, экспозицияларының ресми жағы басым.

Сингапур павильонына жүрекжұтқан батылдар кіре алса керек, мұнда жыландар қойылған: террариумдар саны 250-ге жететін көрінеді. Өз елінің көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан Сингапур парламентінің спикері Халима Якоб астаналық көрменің тақырыбы өздері үшін аса өзекті екенін айтады.

"Әлемде климат өзгеруде, теңіздің суы көтеріліп барады. Біздің Сингапур жерінің біршама бөлігі кезінде кептіру арқылы теңізден тартып алынған. Қазір ол жерлерде инфрақұрылым, қала, кәсіпорындар кең қанат жайған. Біз арал-мемлекет ретінде ғаламшар бастан кешіп жатқан өзгерістерді елеусіз қалдыра алмаймыз. Сондықтан "Болашақ энергиясы" тақырыбы бізге жақын" дейді Халима ханым.

Сингапур өз павильонын "Small City, Big Ideas" (Кішкентай қаланың үлкен идеялары) деп атапты. Онда олар өз мемлекетінің экожүйені құру, кемел болашақ үшін тиімді шешімдер табу бойынша жетістіктерін паш етеді. Мұнда "энергопассивті үйлер", көлденең жатуға жер болмағандықтан, заңғар ғимараттардың қабырғасына жабыстырылып, аспанға тік шаншылатын жылыжайлар және басқа да технологиялар ұсынылған. Мәселен, бізде ұлан-байтақ даламыз күнге қақталып, желге бетін өпкізіп паң күйде жатады ғой. Ал Сингапурда ол жоқ, сондықтан олар күн қуатын өндіру үшін теңіз, су бетіне тасталатын қалқымалы күн панельдерін қолданады екен. Бұл ел Қазақстан үшін ЭКСПО аясында осы павильонда өз мамандарының қатысуымен семинарлар өткізетін болыпты.

Бұл ретте Сингапурдың "жасыл бақтар қаласы" екенін бүкіл әлем біледі, тіпті Голливудтың өзі осы елдегі атақты ботаникалық бақта кинолар түсіреді. Сингапурдың бұл бағыттағы да тиімді шешімдері Қазақстанға, әсіресе, шаңы бұрқырайтын Астанаға аса қызықты болса керек. Сингапурлық павильондағы бақта 250 "жылан торы" қойылған, оларды сол елдің жастары Астана үшін арнайы жасапты. Террариумдердің әрқайсысына олар қолмен жазылған хат және қаланың бір бөлшегін сипаттайтын шағын балшын мүсіндер салыпты. 

385 шаршы метрді алып жатқан Сингапур павильонын 2008 жылғы Венеция биенналесінің "супербағының" авторы Рэнди Чэн жасап шыққан. Демек, қазақстандықтарға мұнда көруге, үлгі алуға тұрарлық нәрселер жеткілікті.

Ұлыбритания да келушілерді, әсіресе қазақтарды қайран қалдырды. Британдықтан бізге "инновациялық киіз үй" алып келіпті. Қазіргі кезде "дөңгелек пішіндегі" үй ағылшындар арасында кең танымал көрінеді, себебі, "ғарыштық позитивті толқындар мен күн нұрын дұрыс қабылдайды" екен. Сондықтан бүгінде бұл елде мысалы, далада өтетін тойларға киіз үй тігу сәнге айнала бастаған деседі.

Ұлыбритания павильонындағы киіз үй жарық шашып тұрады: оның әрбір керегесі қол тигізсеңіз, неон жарығымен сәуле шаша жөнеледі. Себебі, керегелерге қолдың жанасқанына "үн қататын" микроскопиялық сымдар ендірілген екен. Осында британдықтар шам нарығындағы "жаңа сөз" – "графен" атты жаңа материалдан жасалған шам-лампочкаларды ұсынды. Гидтердің түсіндіруінше, біріншіден, ол басқа шамдардай қызып кетпейді, яғни ұзақ жанып тұрған шамға жалаң қолыңыз тиіп кетсе, теріңіз күйіп қалмайды. Екіншіден, мұндай шамдар 7 жыл бойы үздіксіз жанып тұра алады екен! Мұндай жаңалықтарды Қазақстанның меморгандары қабылдаса игі. Әйтпесе, жақында министрліктердің бірінің ғимаратындағы шамдарды ауыстыруға бір жарым миллион теңге жұмсалатыны белгілі болды. Үшіншіден, графен энергияны өз бойымен жақсы өткізеді, бірақ сонымен қатар жылуды жоғалтпайды екен.

Франция павильонының аумағы 1084 шаршы метрді құрайды. Бұл көрме кешеніндегі ең ірі павильондардың бірі. ЭКСПО бойынша Франция бас комиссары Паскаль Лороның айтуынша, көрмеге келушілер осында Франция мәдениетімен танысуға да мүмкіндік алады, ал көңіл көтеретін басты қызықтарға 21 маусым – "Франция күні" батады. Төл павильонында Франция болашақ энергиясы саласында жеткен үздік жетістіктерін, технологиялық инновацияларын көрсетеді.

Атап айтқанда, француз павильонының "Экоқала", "Жаңғырмалы энергия" және "Экологиялық көлік" тақырыбында жасалған 1-қабатындағы 7 бөлік келушілерге "жасыл энергетика" саласындағы жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді. Бөліктер галереялар арқылы қосылған, мұнда әлемдік өркениеттің дамуына өз үлесін қосқан, Францияның көрнекті қайраткерлері таныстырылады. Француздар жақсы әсер мен естелік сыйлауға уәде етеді.

Бүгін, 12 маусымда солтүстік көршіміз өз павильонында "Ресей күнін" атап өтті, дәмдерін ұсынып, келушілерді қызықтыруға тырысты. Ресей федерация павильонының елді елең еткізген бір дара экспозициясы барлығын да айтпай кетуге болмас. Оның ортасында біздің көкмұздан біраз ерекшеленетін, Арктикадан әкелінген нағыз айсберг-мұзтау бөлшегі қойылған. Көрермендердің кейбірі тек көзбен тамашалауды азсынып, қолдарын тигізіп көріп жатты. Ең батылдары болса керек, тіпті алақандарын басып, "қолтаңбаларын" қалдырып кеткендер де болыпты. Бір ескерер жайт, "айсберг" мұнда ұзақ тұрмауы ықтимал. Ресей тарапы павильон мазмұнын әр апта сайын өзгертіп, жаңалап тұратындарын хабарлады.

ЭКСПО көрме-кешеніне келушілер аш қалмайды. Мұнда әртүрлі халықтардың асханасы ұсынылатын қаптаған жазғы кафелер, тіпті мейрамханалар ашылған. Рас, олардағы бағалар да арзан емес. Бірақ ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық асханалардағы ас мәзірлерін сол елдерден келген үздік аспаздар даярлайды. Шетелге шықпайтын адамдар үшін әр елдің тағамын "түпнұсқа" түрінде татып көру мүмкіндігі берілуде.

Мұнда балалар да күнді жақсы өткізе алады. Павильондардан әріректе әр бүлдіршіннің көңілінен шыға алар көптеген ойын құрылымдары бар балалар алаңы қанат жайған. Аустрия павильонында да шағындау балалар алаңы жасақталыпты, бірақ мұнда бір қызықты жайт бар: механикалық атракциондарды пайдаланатын балалардың қуаты босқа кетпейді, атракциондар оны ары қарай жел генераторларына береді.

Жалпы, әрбір ірі павильоннан балаларға арналған экспозицияларды табуға болады. Онда олар ойын ойнап, би билеп, велосипед теуіп, әр елдің ұлттық аспаптарында ойнай алады.

Көрмеге келушілерге біріншіден, жылырақ киінуге кеңес беріледі: себебі, ЭКСПО көрме кешені қала сыртына жақын орын тепкендіктен, павильондар арасында жел соғып тұрады. Екіншіден, ұялы телефоныңыз үшін қосымша қуаттау құрылғысын ала барыңыз, суретке және бейнекамераға түсер көркем көріністер көп болғандықтан, тез отырады. Ал көрме кешенінен қуаттау орындарын таба алмадық. Үшіншіден, мейрамхана не дәмханаларға кіруді ойламасаңыз, өзіңізбен бірге печенье, шағын бөтелке су секілді жүрек жалғар тамақ ала барғаныңыз абзал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу