ЭКСПО тұмары мен Фин президенті аттас болып шықты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1940

Елімізге жұмыс сапарымен Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистё келді.

ЭКСПО тұмары мен Фин президенті аттас болып шықты Фото: akorda.kz

Бүгін мәртебелі мейманына Астананы көрсеткен елбасы Нұрсұлтан Назарбаев онымен бірге "Астана ЭКСПО-2017" көрме кешеніне барып, Финляндияның ұлттық павильонын аралап көрді.

Екі елдің президенттері Финляндияның ұлттық павильонындағы экспозициялармен танысты, "Нұр Әлем" кешенінде орналасқан Қазақстанның көрме павильонын асықпай тамашалады.

Айтқандай, финдер лидері саналатын Ниинистё мінген лайнер кеше түнде ұшып келіп, елорда төсіне бауыр төсеген болатын. Астана халықаралық әуежайында Финляндия президентін еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев, сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, Финляндиядағы Қазқстанның елшісі Мұрат Нұртілеуов және осы елдің біздегі елшісі Илкка Райсанен қарсы алды. Сол күні елордада мақпал түн тұнып тұрған болатын, осыны өз орайына пайдалаған президент қазақстандықтар үшін тосын шара ұйымдастырды: ол аяғына роликті коньки киіп алып, Астананың көрнекті жерлерін, Сулы-жасыл желекті бульварды аралады.

Сапар аясында Саули Ниинистё Қазақстанда жұмыс жасайтын финдік бизнесмендермен кездесті.

Бірақ әрине, жұмыс сапарының күн тәртібіндегі басты мәселе – ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесіндегі Финляндияның Ұлттық күнінің салтанатты рәсіміне қатысу болатын.

Осы орайда фин тарапы журналистерге өз президенттерінің есімі қазақшаға "Сәуле" болып аударылатынын білдіріп жатты. Ал ЕХРО-2017 көрмесінің үш тұмарының бірі "Сәуле" деп аталатыны мәлім. Қазақ-фин президенттері кездескен Конгресс-орталықтың қарсы бетінде орнатылған, күн энергиясын білдіретін оның алып бейнесіне президент қызықтай көз салды.  

Қос мемлекет басшылары көрме кешенінің осы Конгресс-орталығында екіжақты келіссөз жүргізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Сауле Ниинистёге елімізге сапармен келіп, Финляндия павильонын ашуға қатысқаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

"Біздің қарым-қатынасымыз – үлгі етуге тұрарлық. Біз бірнеше рет түрлі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу орнын таңдап, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алу кезінде бізге қолдау білдірді. Қазақстан да халықаралық аренада Финляндияны әрдайым қолдап келеді", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтты.

Сауле Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесудің ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды.

"Сіздің екіжақты қарым-қатынас мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге жаһандық проблемаларға қатысты пікіріңіз де мен үшін әрдайым маңызды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанда өтіп жатқан келіссөздерге көз тігіп отыр. Бұл – Астанадағы Сирияға қатысты келіссөздер, – деді Финляндия президенті.

Сауле Ниинистё мемлекет басшысына ұлттық павильонмен танысқаны үшін алғыс айтып, Финляндияға сапармен келуге шақырды.

Бір айта  кетерлігі, Саули Ниинистё қазақ еліне тұңғыш мемлекеттік сапармен 2013 жылы сәуірде келген болатын. Сонда екі ел "жасыл экономиканы" бірге құратын болып келісті. Сол сапар аясында өткен қазақ-фин бизнес форумында "жасыл экономика" саласындағы әріптестік туралы декларация қабылданды.

Суоми елі Ұлы Дала еліне озық технологияларын тапсыруға, республикамызда инновация мен инфрақұрылымды дамытуға, су және өзге табиғат ресурстарын тиімді басқаруды үйретуге ниетті.

Сондай-ақ фин бизнесмендері қазақстандық әріптестерімен бірге ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналыспақ, бірлескен тауарлық өндірісті құрмақ.

Екі ел арасындағы көлік, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы зор.

Астана мен финдік Оулу "бауырлас қалалар" болып табылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу