Экспорт пен импорт қатар өсті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7182

Былтыр еліміздің сыртқы сауда айналымының 92,3%-ы Ресейге тиесілі болды.

Экспорт пен импорт қатар өсті

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда көлемі өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 15 599,2 млн долларға жетті. Нәтижесінде экспорт 31,3%-ға ұлғайып, 4600,3 млн долларды құрады, ал импорт 26,7% өсім көрсетіп, 10998,9 млн долларды еңсерді.   

Еліміздің сыртқы сауда айналымының 92,3%-ы – Ресейге, 4,2 %-ы –Қырғызстанға, ал 3,5%-ы – Беларусь Республикасына тиесілі болды.

Өткен жылы Қазақстан негізгі капиталға 8 749,3 млрд теңге инвестиция  салды. Сөйтіп алдыңғы жылғы көрсеткішті 5,5%-ға арттырды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның 34%-ы кен өндіру мен карьерлерді өңдеуге, 14,1%-ы көлік, қойма және жылжымайтын мүлік операцияларына бағытталды.

2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстандағы мұнай өндірісінің көлемі 72,932 млн тоннаға жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 11,2%-ға артты. Жалпы алғанда бір жыл ішінде 13,269 млн тонна - газ конденсаты,  52,934 млрд куб - табиғи газ, 111,117 млн тонна - көмір, 39,085 млн тонна - темір рудасы, 95,343 млн тонна - мыс кені, 19,725 млн тонна - алтынды кен  сонымен қатар 4,579 млн тонна - хром концентраты артық өндірілді.

Бөлшек сауда көлемінің қаржылық эквивалентіне келетін болсақ, былтыр қаңтар-желтоқсан айларында осы бағыттағы саудада 8847,1 млрд теңге ақша айналған. Статистика комитетінің дерегінше, көрсетілген сомма 2016 жылмен салыстырғанда 6,3%-ға артық болған. Осы уақыт аралығында көтерме сауданың көлемі 19 911,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 2016 жылмен салыстырғанда 1,5%-ды құраған.

Былтыр экспортталатын тауардың бағасы 2016 жылмен қатар қойғанда 16,3%-ға, ал импортталатын тауар 6%-ға өскен. Бұл туралы статистика комитетінің хабарламасында: "Өткен кезеңде экспорттық жеткізілімдер бағасы ферроқорытпаларға - 38,3%, мырышқа -27,2%, мысқа - 25,5%, көмірге - 20,8%, мұнайға - 20,4%, қорғасынға 14,2%-ға жоғарылады, марганец кендеріне 18,7%-ға төмендеді. Бағаның мақтаға 7,3%-ға жоғарылауы және  бидайға - 4,9%, жүнге 4,8%-ға төмендеуі тіркелді. Импортталатын өнімдерден кофе - 17,5%, шай - 10,8%, сүт өнімдері - 10,3%, макарон өнімдері - 7%, құс еті - 5,1%, дәрі-дәрмектер 2,8%-ға қымбаттады, көкөністер - 25%, жемістер мен жаңғақтар 2,4%-ға арзандады. Баға қағазға - 10,1%, текстиль бұйымдарына - 7,2%, аяқкиімге 5,4%-ға жоғарылады", – делінген.

Өткен жылдың қаңтар мен желтоқсан аралығында елімізде 241 771 тонна ет  өндіріліпті. Осыған қатысты статистика комитеті: "Бұл 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,7%-ға көп көрсеткіш. Көрсетілген мерзімде өндірілген сүт көлемі - 481 888 тоннаны, ұн - 4 121 728 тоннаны, нан - 720 510 тоннаны, жарма - 70 535 тоннаны құрады", – деген мәлімет таратты.

Былтыр желтоқсан айында Қазақстандағы жұмыссыздардың жалпы саны  441,8 мың адамды құрапты. Бұл еліміздегі жалпы жұмыс күшінің 5%-ы екен.

"Жыл соңында ҚР жұмыспен қамту органдарында 70,3 мың адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелді. Бұл жұмысқа жарамды халықтың 0,8%-ы", – деп хабарлады статистика комитеті.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу