Экспорт пен импорттың мәселесі "Бірыңғай терезе" арқылы шешіледі

4439

Бұдан былай кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды.

Экспорт пен импорттың мәселесі "Бірыңғай терезе" арқылы шешіледі

Елімізде 29 наурыздан бастап экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыратын "Бірыңғай терезе" порталы іске қосылады. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев осылай деді.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, "Бірыңғай терезе" порталы кедендік рәсімдеу шараларын жеңілдетеді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымын жеделдетеді және құжат рәсімдеу кезіндегі түрлі бюрократиялық кедергілерді жояды.

"Бұдан былай сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар қандай да бір  рұқсат алу немесе құжат рәсімдеу үшін бұрынғыдай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды. Біз адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу үдерісін жеделдетіп жатырмыз. "Бірыңғай терезе" порталы лицензия алу, кедендік декларация рәсімдеу, сыртқы экономикалық қызметті бақылау, реттеу және үйлестіру барысында тиімді болады. "Бірыңғай терезе" порталы адамдарға уақыт пен ақша үнемдеуге, ең бастысы мәселелерін шешуге мүмкіндік береді", – деді Руслан Еңсебаев.

Оның сөзінше, "Бірыңғай терезе" қағидаты бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушы жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдардан рұқсат алу үшін бір-ақ құжат толтырады. Осылайша әп-сәтте экспорт пен импорттың мәселесін шешеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу