Экспортқа ұлттық деңгейде қолдау көрсетіледі

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
16431

Жаңа ұлттық компанияның негізгі басшылығын КҰП-қа беру ұсынылып отыр.

Экспортқа ұлттық деңгейде қолдау көрсетіледі

Экспорт пен импорт жөніндегі ұлттық компания жақын арада құрылуы мүмкін. Мұндай тапсырманы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында берді.

"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жолдауында екінші бесжылдықты еңсеру жөніндегі негізгі басымдықтарды белгілеп берді: басым салаларда мол өнім беретін бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту. Жеңіс Махмұтұлы, салалық министрліктермен, әкімдермен бірігіп, президент айтқан 72 нысанның әрқайсысымен бөлек жұмыс істеп, тиісті шаралар кешенін әзірлеңіз. Сонымен қатар сізге мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдер және "Атамекен" КҰП-пен бірлесіп, жаңа жобаны таңдау жөнінде тиімді әдіс ойластыруды тапсырамын. Бәсекелестікке қабілеттілігін жоғарылатуға және экспорттық нарыққа шығуға нақты жоспары бар жобалар ғана мемлекеттік қолдауға ие болуы тиіс. Одан бөлек, екі аптада экспорт пен импорт жөніндегі ұлттық компанияны құру бойынша шешім шығарыңыз. Сондай-ақ сыртқы істер министрлігімен бірігіп, өнімімізді шетел нарығына экспортқа шығарудың жоспарын екі аптада әзірлеп, бекітіңіз", – деді премьер.

Үкімет басшысы күрделі индустриялық жобаның санын кеңейту қажет, ал кей жобаны мүлде жабу керек деп есептейді.

"Жалпы келесі аптада Асқар Ұзақбайұлы, осы 72 кәсіпорының картасын кеңейту керек. Әрқайсысын бөлек-бөлек, қандай қиындық бар екен, қандай қолдау қажет екенін білу керек. Мүмкін, кейбіріне қолдау мүлде қажет емес шығар, оларға қолдау көрсетіп қайтадан жандандырғаннан гөрі мүлде жапқан дұрыс шығар. Неге бұлай болғанын түсіну керек", – деді Бақытжан Сағынтаев.

3 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы инвестиция және даму министріне 72 проблемалы индустриялық жобаның бар екенін айтып, сынға алды.

"Бұдан бұрын іске қосылған өндірістердердің ішінде құны 150 млрд теңге тұратын 72 жоба мардымсыз жұмыс істеп жатыр немесе мүлде тұралап қалған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев, тіпті министрге "ақталу жолын" да ұсынды: - Жеңіс, бірінші жолға бәрін Исекешевке жапсаң болады (бұрын ИДМ басшысы болған Астананың әкімі Әсет Исекешев – автордың еск.). Екіншісі – өзіңнің жастығыңды сылтауратарсың. Ал үшінші ретте үш мүмкіндік сенен кейінгіге беріледі. (...) 72 кәсіпорынның құны 150 млрд теңге. Біз әр кәсіпорынмен жеке-жеке жұмыс істейміз бе? Бұл министрліктің жұмысы емес пе?".

Экспортты қолдаумен айналысатын компанияны құру "Атамекен" палатасына ұсынылды. Яғни "Ұлттық экспорттық орталық" АҚ (ҰЭО) КҰП-қа сенімді басқаруға 51%-ды тапсыру ұсынылды. ҰЭО-ға экспортты қолдау қызметін "ҚазЭкспорт Кепіл" АҚ, "Қазақстан Даму банкі" АҚ, "KAZNEX INVEST экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ (шетелдегі өкілдігін есепке алғанда), "Даму" қоры" АҚ, ҚР ұлттық экономика министрлігінің Ресейдегі сауда өкілдігінен алып беру ұсынылды.

Кейінірек инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек жаңа "Қазақэкспорт" ұлттық компаниясы "ҚазЭкспорт Кепіл" АҚ жанынан құрылатынын журналистерге мәлімдеді.

"Біздің "ҚазЭкспорт Кепіл" компаниямыз бар, оның жанынан "Қазақэкспорт" компаниясы құрылады. Барлық жұмыс экспортты дамытуға бағытталады. Бұл дегеніміз, экпорттық келісімшарттарды сақтандыру, экспортты ынталандыру, отандық өнімді экспорттау кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Экспортты қолдау жөніндегі барлық сұрақпен енді осы компания айналысады", – дейді ол.

Одан бөлек, "Kaznex Invest экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ жанынан инвестиция тарту жөніндегі "Казақинвест" ұлттық компаниясы құрылмақ.

"Бұл компания үкімет атынан барлық инвестормен келіссөз жүргізетін жалғыз мекеме болмақ. Екі компанияның алдына екі нақты міндет қойылды, бірі инвестиция тарту жөніндегі барлық қызметті өз мойнына алса, екіншісі өнімді экпортқа шығарумен айналысаады", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Сақтандыруды "ҚазЭкспорт Кепіл" АҚ-ға, ал қаржыландыруды қайта құрылатын Экспорттық-импорттық банкке жүктеу ұсынылды. Ал ҰЭО-ның басым елдерде (РФ, ҚХР, Иран, ТМД) өкілдіктері болады, сондай-ақ ол ҚР елшіліктерімен тұрақты ақпарат алмасып отырмақ.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу