Эквадорда Шыңғысхан дәуірінен бері болмаған сұмдық оқиға орын алды

12878

Сарапшылар ғасырлар бойы қалыптасқан жаһандық дипломатияға қауіп төнгенін айтып, дабыл қағуда.

Эквадорда Шыңғысхан дәуірінен бері болмаған сұмдық оқиға орын алды Фото: time.com

Уикипедияның халықаралық тілдердегі барлық сегментінде "тарихтың жаңа парағы" ашылды. Жаһан жұртшылығының жанын түршіктірген жаңа түйткіл-тақырып бұл энциклопедияда – "Эквадордағы Мексика елшілігіне шабуыл (2024)" деген атау алды.

Бірден айта кетелік, Мексика елшілігінде теракт болған жоқ. Бірақ болған оқиға одан да жаман және бүкіл әлемдегі зұлмат тенденцияға бастау салып беруі ғажап емес.

Мәселенің мән-жайы мынадай. 2024 жылғы 5 сәуірде Эквадордың астанасы, саяси, экономикалық және мәдени орталығы саналатын Кито (толық атауы San Francisco de Quito) қаласында орналасқан Мексика елшілігіне жергілікті полиция басып кірді.  

Соның алдында, 2023 жылдың 17 желтоқсанында Эквадордың бұрынғы вице-президенті Хорхе Глас өзін тұтқынға алуға талаптанған жаңа биліктің қуғын-сүргінінен қашып, Мексика елшілігіне тығылды. Елдің бұрынғы басшылығының өкілі Мексикадан саяси пана сұрады.

Эквадорлық вице-президент былтырғы 17 желтоқсаннан бері Мексика елшілігінде тұрып жатты. Елшілік ғимаратынан сыртқа шықса, полиция ұстап алатын еді.

Мексика билігі оның өтінішін қарай келе, тек өткен аптада оны қанағаттандырды және Хорхе Гласты Эквадордың құзырлы органдарына ұстап бермеу туралы шешім қабылдады.

Саяси пана беру туралы шешім белгілі болысымен, Эквадор билігі елшілікті шабуылмен алуға бел буды. Мексиканың елшілігіне басып кірген, мұздай қаруланған күш құрылымдары мексикалық дипломаттар мен оның қызметкерлерін соққыға жығып, еденге беттерімен қадаған. Шабуыл қорытындысында жергілікті арнайы жасақтар Президенттің қашқын орынбасарын жасырынған жерінен суырып алып, сыртқа сүйретіп шығарып, жабық көлікпен белгісіз жаққа алып кеткен.

Мұндай сорақы тірлікке шошынған Мексика Эквадормен дереу дипломатиялық қатынастарын үзді. Барлық дипломаттарын өз еліне эвакуациялады.

Жаңа тарихта болмаған прецедентке ықпал етіп, әлемдік дипломатияда дағдарыс туғызған Хорхе Глас кім? Ол бұрын отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын мықты саясаткер еді. Глас екі бірдей президент – Рафаэль Корреа (2007-2017 жылдар) және Ленин Морено (2017-2021 жылдар) тұсында вице-президент болды.

Сарапшылар оның сүттен ақ, судан таза екеніне сенбейді. 2017 жылғы желтоқсанда Глас сегіз жылға сотталды. Дегенмен, билік 2022 жылғы қарашада тосыннан Хорхе Гласты босатты. Оған тек қалған мерзімге дейін шетелге шықпау талабы қойылды.  

Алайда бертінде Бас прокуратура жаңа деректердің ашылғанын мәлімдеп, Гласқа қайтадан айып тағуға табандай бастады. Тергеу көрсеткендей, 2016 жылғы алапат жел сілкінісінде қираған Манаби провинциясын қалпына келтіруге арналған мемлекеттік қаражатты басқа жаққа қайта бағыттауға вице-президенттің қатысы болған.

Содан соң Хорхе Глас былтыр Мексика елшілігіне қашып кіріп, өзінің "саяси қуғындауға ұшырағанын" алға тартып, саяси пана сұрады.

Оған пана ұсынылмауы да мүмкін еді. Биылғы 2024 жылғы 3 сәуірде Мексика Президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор журналистермен кездесуінде көрші елге қатысты өздері қанық болған бір фактіні жайып салды.

Оның айтуынша, Эквадордағы 2023 жылғы соңғы президенттік додада кандидат Луиза Гонсалес қоғамдық пікір сауалнамалары бойынша алда келе жатқан.

Бірақ оның басты бәсекелесі – Эквадордың Ұлттық жиынының депутаты және президенттіктен кандидат Фернандо Вильявисенсио сайлауалды үгіт митингінен соң қастандықпен өлтірілгенде, халықтың Луиза Гонсалесті қолдауы күрт құлдыраған. Мексика Президентінің байламынша, көрші елдегі сайлаудың қорытындысына кандидаттың өлтірілуі ықпал етті.

Мұндай масқара мәлімдемені естігесін, 2023 жылғы сайлауда жеңіп шыққан Эквадордың қазіргі Президенті Даниэль Нобоа биылғы 4 сәуірде Мексиканың Эквадордағы елшісі Ракель Серур Смекті (Raquel Serur Smek) "персона нон грата" деп жариялады.

Сондай-ақ Эквадордың сыртқы істер министрлігі мемлекеттің ішкі ісіне көрші елдің қол сұғып отырғанын алға тартып, Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сілтеме жасап, Мексика елшісінен Эквадордан кетуін талап етті және соған қол жеткізді.  

Бұған ренжісе керек, Мексика билігі өз елшілігінде былтырдан бері бас сауғалаған Х.Гласқа саяси пана беретінін жариялады.

Бұған жауап ретінде Эквадор Президенті Д.Нобоа ​қылмыскер Гласты ғимараттан сыртқа аттап бастырмайтынын, елден шығуына рұқсат бермейтінін қайталады. Мексика тарапы саяси қашқынды барынша қауіпсіз жолмен тезірек алып кетудің қамына кірісті.

Осылайша, экс-вице-президент екі ел арасындағы дау-жанжалдың құрамдас бөлігіне, бір атрибутына айналып шыға келді.

2024 жылғы 5 сәуірде, түнгі 22:00-де Эквадордың Ұлттық полициясының элиталы бөлімшесі Мексика елшілігінің сыртқы қақпасын және есіктерін бұзып ашып, ішіне сау ете қалды.

Х.Глас Бас прокурордың кеңсесіне жеткізілгені анықталды. Ізінше ол әуежайға апарылып, Гуаякильге ұшып кеткен. Сол қалада Президенттің бұрынғы орынбасары қатаң режимдегі мекемеде ұсталады. Сол күні Мексика лидері Лопес Обрадор Эквадормен барлық дипломатиялық қатынастарды бұзатынын жария етті.

Мексика сонымен қатар халықаралық құқықты бұзғаны үшін Эквадордың үстінен БҰҰ Халықаралық сотына шағым түсіруді жоспарлауда. Мексика сыртқы істер министрі Алисия Барсенаның айтуынша, елшілікке шабуыл кезінде бірнеше мексикалық дипломат жараланған, жарақат алған.

Онымен ынтымақтастығы ретінде Никарагуа елі де елшілігін жауып, Эквадормен қарым-қатынасын доғарды. Елшілікке шабуылды АҚШ пен Ұлыбритания бастаған Батыс елдері, Аргентина, Боливия, Бразилия,  Чили, Колумбия, Доминикан Республикасы, Панама, Куба, Гватемала, Гондурас, Уругвай, тіпті көршісі Гайананың аумағын "қағаз жүзінде" басып алған Венесуэла да айыптады.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш екі елді өзара алауыздығын соғыспен емес, бейбіт жолмен реттеуге шақырды.

Өз кезегінде Эквадор Президентінің кеңсесі "Эквадордың – егемен мемлекет" екенін және "бірде бір қылмыскерге дипломатияны қалқан тұтып, еркіндікте тайраңдауына жол бермейтінін" мәлімдеді.

Халықаралық сарапшылар Китодағы Мексика елшілігіне полицияның шабуылы дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының талаптарын өрескел бұзғанын айтып жатыр.

Бұл дұшпандық акт, Associated Press агенттігі сарапшыларының байламынша, "Мексика және Эквадордың арасына тарихи сына қақты".

Екі ел арасындағы жанжал жаһандық жағдайға қалай әсер етуі мүмкін?

Тарихшы Дмитрий Чернышевскийдің түсіндіруінше, бұл оқиға осы заманда бүкіл әлемдік тәртіптің тұғыры күйрей бастағанын білдіреді.

"Қазіргі кезде мемлекеттердің тізгінін саяси сарабдалдықтан ада, популист, әр ісінің болашақтағы салмағы мен салдарын бағамдайтын көрегенділіктен жұрдай, жауапсыз саясаткерлер ұстай бастады. Эквадордың жаңа Президенті Даниэль Нобоа да не істеп қойғанын түсінбейтін сияқты. Вена конвенциясы сонау 1915 жылдан бері жұмыс істейді, онда елшілер мен елшіліктерге қандай да бір қол сұғуға тыйым салады. Кез келген елдегі елшілік – шет мемлекеттің территориясы саналады. Елшілікке басып кіру – Мексика территориясына шабуыл жасаумен бірдей. Елшілікке мемлекеттің қарумен шабуыл жасауы – Мексикаға соғыс жариялаумен тең! Осындай сорақылыққа барғанын Эквадор басшылығы түсінбейді, "қылмыскердің шетелге қашуына тосқауыл қойдық" деп табандауын қояр емес", – деді тарихшы.

Оның пікірінше, Мексика дипломатиялық қатынастарды үзумен шектелмеуі мүмкін. БҰҰ бас хатшысының қос мемлекетті бейбіт бітімге шақыруының астары да соны аңғартады.

"Эквадордың бұл қадамы бүкіл әлемді естен тандыра жаздап отыр. Сонда өзге елдер де саяси пана сұрағандардың ізіне түсіп, елшіліктерге басып кіре бастаса, не болмақ? Елшілерге тиіспеу – байырғы заманнан қалған қасиетті дәстүр. Шыңғыс хан өз елшілерін өлтіріп тастаған елдерге еш аяушылық көрсетпеген. Елшісі өлтірілген қаладағы барлық жанды қырып салған. Русь, Хорезм, Отырар және басқасы, тұтас мемлекеттер зардап шекті. Осы арқылы жаңа әлемдік тәртіпті түзген Шыңғыс хан қарсыластарына қандай жағдайда да елшілерді өлтіруге, тиісуге болмайтынын "ұғындырған". Елшінің мәртебесін биіктетіп, олардың дипломатиялық қол сұғылмаушылығы мен құқықтарын сақтауды баршасынан талап еткен. Біздің заманымыздың өркениеті ол дәстүрлі Вена конвенциясымен ауыстырды. Эквадор соны бұзып отыр", – деді тарихшы Дмитрий Чернышевский.

Мұның соңы неге соқтыратыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу