Ел абыройын асқақтатқан Елена

2333

Құм құрсауындағы Әмірліктердің теннистен ұйымдастырған басты додасында Қазақстан теннисшісі сенсациялар сериясын жасады. 

Ел абыройын асқақтатқан Елена

Біріккен Араб Әмірліктері бұл турнирді ұйымдастырып келе жатқанына біршама уақыт өтті. Жарыстың мәртебесі де жыл сайын өсіп, жүлде қоры да артып келеді. Әлемнің алпауыт компаниялары "Дубай Дюти Фри" жарысының демеушісі болуға таласатындай жағдайға жетті. Алдымен қыздар додасы өтсе, артынша ерлер арасындағы дода басталады. Ол жарысқа әлемнің үздік теннисшілері келеді. Арасында Новак Джокович пен Роджер Федерерлер де бар. Қыздар сайысына да кілең мықтылар келді.

Мысалы, Қазақстанның намысын қорғап келген Елена Рыбакина алғашқы айналымда "Аустралиан Оупен 2020" додасының жеңімпазы София Кенинмен кездесті. Елена қыз еш тайсалмай, атақты қарсыласқа төтеп берді. Бірінші сетті жеңгеннен кейін, Кениннің кежегесі кейін тартты ғой дейміз, арт-артынан екі сетті жеңіліп қалды. Үлкен бір сыннан өткенін сезген Елена одан сайын күшейіп алды. Екінші айналымда Чехия теннисшісі Королина Синяковамен шықты. Кортқа көтерілгені сол еді, Синякованың сол қолы сыр берді. Білетіндердің айтуынша, бұл жарақат чех қызында бұрыннан бар көрінеді. Дегенмен, бұл жеңіліске сылтау емес. Екі сетте бірдей есеп тіркеген Рыбакина, 6:3, 6:3 нәтижесімен жеңіске жетті. Дубайда Қазақстанның көк туы көтерілді.

Ширек финалды тамашалауға жұрт жан-жақтан ағылып келіп жатты. Түскі сағат 2-де басталған ойында күн райының ыстықтығы суық ақылмен ойнайтын Еленаға еш кедергі емес еді. Қарсыласы әлемнің үшінші ракеткасы екені де еш маңызға ие емес. Қазақстан теннисшісі ешкімнен қаймықпайтынын анық көрсетті. Ол ендігі үздік ондық қатарында жүрген теннисшілерді жеңе бастады. Плишкова өзінің басымдылығын көрсетпек болып, өктем ойнады. Керек емес жерде артық күш жұмсап, алып тұрған таза ұпайының өзіне айқайлап эмоция көрсетті. Бірақ тордың арғы бетіндегі Елена сабыр сақтаған күйі жүре берді. Әлбетте, чехиялық теннисші оны тығырыққа тірегені, рас.  

Елена әлі жас қой, кейбір тұстарда қателік жіберетіні бар. Допты ойынға қосудан қиналып, қатарынан қателік жасады. Плишкова брэйк жасап, есепте алға шықты. Бірінші сетті алдым деп ойласа керек, артынша босаңсып сала берді. Рыбакина қайта-қайта торға қарай атылып, адуын көрсетті. Нәзік қыздардың  текетірес ойыны көрерменнің делебесін қоздырды. Елена камбэк жасап, жағдайды тай-брэйкке жеткізді. Алғашқы соққысы мығымырақ келетін отандасымыз тай-брэйкте Плишкованың тас-талқанын шығарды.

Екінші сетте Елена сенімді қимылдады. Өзінің геймінде қожайын болып, қарсыластың соққысына соққымен жауап қатты. Қатарынан жеңілген екі брэйк Каролинаны тұңғиыққа батыра берді. Төрешінің дауысы шығып, соңғы соққы – матч-болды хабарлағанында Рыбакина өзіне тоқтау қоя алмады. Ауыр соққымен дөп түсіп, Каролинаның әлсін жауабына тағы бір жойқын соққымен шабуыл жасап жіберді. Есеп 2:0, Елена Қазақстанның көк туын тағы бір көтерілді.  

Елена бүгін жартылай финалда хорват қызы Петра Мартичпен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу