Ел аумағында бірнеше халықаралық рейтингтік агенттігі рейтинг шығарады – Мәдина Әбілқасымова

366

Ұлттық рейтингтік бағалау жүйесі қалыптаспаған. 

Ел аумағында бірнеше халықаралық рейтингтік агенттігі рейтинг шығарады – Мәдина Әбілқасымова Фото: Үкімет

Мәжілістің жалпы отырысында "Рейтингтік қызмет туралы" заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кредиттік рейтингтерді кредиттік тәуекелді бағалау және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде инвесторлар, банктер және реттеушілер кеңінен қолданады. Рейтингтер қаржы нарығы инфрақұрылымының негізгі элементі болып табылады. Олар борыштық бағалы қағаздарды шығару және айналысқа жіберу, сондай-ақ эмитенттердің кредит қабілеттілігі мен қаржы құралдарын бағалау кезінде пруденциялық реттеуде кеңінен қолданылады", – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Оның сөзінше, қазір капитал нарығы оң серпінді көрсетуде. Cоңғы бес жылда акциялар нарығын капиталдандыру 115%-ға ұлғайып, 44,7 трлн теңгеге жеткен. Қазақстан қор биржасында акциялар шығарылымдарының саны 2 есе өсіп, 111 шығарылымды құрады.

Агенттік төрағасының мәліметінше, облигациялар нарығының көлемі 16,5%-ға ұлғайып, 16,7 трлн теңге болды. Қазақстан қор биржасындағы эмитенттер саны 70-тен 158-ге дейін өсті.

"Бүгінгі күні Қазақстан аумағында Standard & Poor's, Moody's және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктері рейтинг береді. Сонымен бірге шетелдік рейтингтік агенттіктерді аккредиттеу арқылы ЭКСПЕРТ РА және АКРА пруденциялық реттеу мақсатында рейтинг береді. Бұл ретте ұлттық рейтингтік бағалау жүйесі және құқықтық базасы қалыптаспаған. Рейтингтерді негізінен қаржы ұйымдары мен ірі бизнес компаниялары алады", – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы ұлттық рейтингтік жүйені құру шағын және орта бизнес үшін капитал нарығына шығуды жеңілдететінін атап өтті. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық асимметрияны азайтуға және эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу