Ел билігі ұлттық тағамтану саласына көңіл бөле бастады

285

"Ауру – астан" деп жатады көпшілік, медицинаның өзі қазір адамның денсаулығы мен өмір сапасы тікелей тағамға қатысты екенін дәлелдеп үлгерген. Сондықтан тағамтану саласы ел өмірінде маңызды орынға ие десек, қателеспейміз.    

Ел билігі ұлттық тағамтану саласына көңіл бөле бастады Фото: tuasaude.com

Жақында Астана медицина университетіне нутрицолог, академик Төрегелді Шармановтың аты берілді. Бұл бастама әуелде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдап, ұсынған болатын. Осы арқылы ел билігі тағамтану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қарқынды жүруіне ниетті екенін көрсетті. Бұл тұста "Төрегелді Шарманов негізін қалаған ұлттық тағамтану саласы қалай дамып жатыр?" деген сауал туындайтыны анық, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Расын айтқанда, Төрегелді Шармановтың бастамалары аз болған жоқ, көбі іске де асты. Мәселен, Қазақ тағамтану академиясы әйелдер мен балалардың тамақтану мәселесіне көңіл бөліп, мектептегі тамақтану жүйесін жетілдірді, ғарышкерлерге арналған рациондарды дайындады, тамақтану саласындағы мемлекеттік стандарттар мен ұлттық саясатты қалыптастыруға қатысты. Академик еліміздегі йод тапшылығын зерттеу, темір тапшылығы анемиясының алдын алу, балалар тағамын дамыту, емдік-профилактикалық және рационалды тамақтанудың ғылыми негіздерін қалыптастыру бағытында сүбелі еңбек етті.

Ғалымның ұлы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, осыдан 50 жыл бұрын әкесі негізін қалаған академия жұмысы қазір одан әрі жанданып-жаңғырып жатқан көрінеді. Оның сөзінше, кейінгі жылдары елімізде семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастардың саны артып жатыр, осы жағдайда рационның сапасы, тағамдық талшықтардың, дәрумендердің, минералдардың, басқа да биологиялық белсенді компоненттердің жеткілікті болуы – жыл өткен сайын өте өзекті мәселе.

Сондықтан да қазір Қазақ тағамтану академиясы тағамды D дәруменімен және басқа да микронутриенттермен байыту мәселесін реттеуді қолға алыпты.

– Жақында біз Қазақстан халқына арналған салауатты тамақтану бойынша жаңартылған ұлттық нұсқаулық дайындадық. Бұл – ұлттық денсаулық сақтау саясатының, аурулардың алдын алудың және болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтаудың ең маңызды құралы,  – дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті.

Оның айтуынша, академия еліміздегі отандық өсімдіктер мен жануарлардан алынатын тағамдық өнімдердің химиялық құрамының ұлттық анықтамалығын да дайындап жатқаға ұқсайды.

– Қазір "Нутриенттердің периодтық кестесін" дайындап жатырмыз. Ғылымда шамамен 135 өмірлік маңызды тағамдық компонент – ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер, минералдар және басқа да биоактивті заттар белгілі, алайда табиғатта оның көлемі одан да көп. Сол себепті де ең ірі ұлттық дерекқорды қалыптастырып отырмыз, бұл тізімде 27 мыңнан аса тағам мен тағамдық өнімдердің нутриенттік құрамына егжей-тегжейлі сипаттама бердік, – дейді Алмаз Шарман.

Қазақ тағамтану академиясы цифрлық технологиялар мен ЖИ жүйесіне де көңіл бөліп, жобаларын жетілдіріп жатыр. Мысалы, NutriSteppe-AI платформасы әр адамның жеке ерекшелігіне қарай жекеленген сауалатты тамақтануға арналған мәзір ұсына алады. Tagam-AI мобильді қосымшасы арқылы ішер асыңыз бен тағамдық өнімдердің құрамын, ақуыз, май, көмірсу, дәрумен, минерал, басқа да тағамдық компоненттердің мөлшерін біле аласыз, ол үшін тағамды суретке түсірсеңіз жеткілікті екен.

Төрегелді Шармановтың көзі тірі кезінде Ұлытауда, Алматыда бірнеше ұлттық медициналық жоба бастау алған еді. Ғалым Қазақ тағамтану академиясының экосистемасына кіретін VitAlem клиникасын ашты. Алмаз Шарман бұдан өзге де жобалардың жағдайы жөнінде толығырақ түсіндіріп берді.

Қазір бие сүтінен жасалатын "Ұлытау" шоколады өндірісінің, ашытылған сүт өнімдерін шығаратын Sharman бренді өндірісінің жұмысы жалғасып жатыр. "Ұлытау" атауы да кездейсоқ таңдалмаған екен. Бұл өнімдерді жарты ғасыр бұрын Төрегелді Шарманов жетекшілігімен Қазақ тағамтану академиясының мамандары ойлап тапқан.

Сонымен қатар Алматыдағы NutriTest зертханасын да 2000 жылдары Төрегелді Шармановтың бастамасымен Қазақ тағамтану академиясының базасында құрылған еді. Бүгінде зертхана Орталық Азиядағы ең заманауи зертханалардың біріне айналды. Зертхана кейінгі 30 жылға жуық уақытта тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мұнда озық аналитикалық жабдықтарды пайдаланатын жоғары білікті химиктер, биологтар, микробиологтар және басқа да мамандар қызмет етеді.

Қазір Астана медицина университетінде әлемнің бірнеше елінен келген 11 мыңға жуық студент білім алады. Жыл сайын оқу орнын шамамен 3 мың жас маман тәмамдайды. Ал жаңа бастамалар оқу орнының ел медицинасы мен ғылымындағы маңызын одан әрі айқындай түсеріне әрі тағамтану саласындағы тың жобалардың іске асуына ықпал етері анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу