Ел чемпионатында төрт-ақ команда ойнауы керек пе

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2869

Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турынан кейін федерация басшыларының біріне мәлімдеме жасауға тура келді.

Ел чемпионатында төрт-ақ команда ойнауы керек пе

Қостанайдан тағы да шу шықты. Өткен турда "Оқжетпес" клубы: "алаң иелері екінші голды офсайдтан соқты" деп зар илеп еді. Бұл жолы "Жетісу" клубының бас бапкері "төрешілер бұлай болысқанша, ел чемпионатын төрт команда арасында ғана өткізе салайық та, қалғандарымыз қарап отырайық" деп, мәселені төтесінен қойды.

"Жетісудың" тізгінін ұстаған отандық маманның пікірінше, біздің төрешілердің "Астана", "Қайрат", "Тобыл" және "Ордабасы" клубтары дегенде, көңілдері алабөтен екен. Иә, маусым басталғалы басқа клубтардың, әсіресе олардың бас бапкерлерінің төрешілердің шешіміне қатысты наразылықтарын естіп қалып жүрміз.

Сонымен не керек, "Жетісу" түзде "Тобылдың" қақпасына әдемі гол соқса да, бас қазы Бақыт Қызылбаев оны есепке алмады. Оның ойынша, "қонақтар алаң иелерінің қақпашысына қасақана бөгет жасаған". Негізі, Мантас Куклис допты ойынға бұрыштан қосып, оны асқан шеберлікпен доғаша иіп, қақпаға тікелей түсіріп еді...

Бірден айтайық, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин осы турдан кейін "төрешілер деңгейіне көңілім толмайды, олардың кейбір қателіктері ойын нәтижесіне әсер етіп жатыр, төрешілер комитеті мен әділетті ойын қағидаларын сақтауды бақылау комитетіне бәрін егжей-тегжей талқылап, кінәлілерді тәртіпке салуды тапсырамын" деп мәлімдеме жасады.

"Қайрат" пен "Астана" Алатау бөктерінде кездесіп, қонақтар жеңіске жетті. Жалқы голды 21-минутта Дорин Ротариу соққан.

"Осы гол соғылғанда, офсайд болды ма, жоқ па" деген сауал жанкүйерлер арасында қызу талқыланды. Рас, "Астана" осы матчта жеңіске лайық болды. "Қайраттың" ойын өрнегі енді жетіліп келе жатқандай. Десек те...

Біраздан бері жолы болмай, бағы жанбай жүрген "Оқжетпес" бүгін алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, Жайық жағасында "Атырауды" сан соқтырып кетті. "Шахтер" де түзде "Таразды" тізе бүктіріп, үш ұпай олжалап қайтты. Бір қызығы, осыдан 10 күн бұрын, дәл осы "Орталық" стадионда екеуі ел кубогы аясында кездесіп, онда тараздықтар басым түскен болатын.  

"Қайсар" мен "Ордабасы" Қызылордада тең түсті. Екі тур болды, Шымкент клубы жеңіске жете алмай, ұпай жоғалтып жүр. "Ақтөбе" болса керісінше, екінші тур қатарынан жеңіске жетіп, "-12" ұпайының тең жартысын жапты. Олар бүгін "Ертісті" жеңді. Павлодар клубы екінші ойында гол соға алмай, жанкүйерлерін жасытып жүр.

Қазақстан премьер-лигасы. 6-тур.

"Тобыл" – "Жетісу" – 0:0

"Қайсар" – "Ордабасы" – 0:0

"Қайрат" – "Астана" – 0:1

Гол: Ротариу, 21.

"Ертіс" – "Ақтөбе" – 0:1

Гол: Айымбетов, 12.

"Атырау" – "Оқжетпес" – 1:2

Голдар: Стоянович, 5 (0:1). Нөсербаев, 33 (0:2). Иванчич, 65 (1:2).

"Тараз" – "Шахтер" – 1:2

Голдар: Барановский, 8 (0:1). Шахметов, 34 (0:2). Ньюадзи, 37 (1:2).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу