banner

Ел чемпионатының финалистері анықталды

1285

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Дәулет" теннис орталығында теннистен еліміздің қысқы чемпионаты өтуде. Кезекті жарыс күні жекелей және жұптық сайыстар бойынша финалистер анықталды.

Ел чемпионатының финалистері анықталды

Осы турнирде бірінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан Жібек Құламбаева жас теннисші Аружан Сағындықованы 6:1, 6:0 есебімен жеңді. Ал Гозаль Айнитдинова Екатерина Дмитриченконы екі сетте де ұтты – 6:4, 6:3. Осылайша, финалда Айнитдинова Құламбаевамен сынға түсетін болды.

Дмитриченко жекелей жарыста жеңіліс тапқанымен, жұптық сайыста Құламбаевамен бірге алтын медаль үшін жарыс жолына шығады. Жартылай финалдық кездесуде Жібек пен Екатирина Садуғаш Кенжебаева/Дана Байдәулет жұбын 6:0, 6:0 есебімен жеңді. Жеңімпаздар финалда Аружан Сағындықова және Софья Чурсинамен кездесетін болды.

Ерлер арасында жартылай финалдық кездесулер тартысты өтті. Бірінші болып алматылықтар Денис Евсеев пен Тимур Хабибулин өзара мықтыны анықтады. Бір ғана брейктің арқасында Денис бірінші кезеңде жеңді – 6:3. Екінші сет қиынға соқты. Евсеев допты ойынға қосқанда, 5:5 есебімен Хабибулин бірнеше брейк-пойнт жасады. Бірақ қарсылас допты сәтті қайырды. Нәтижесінде, 15 минутқа жуық уақытқа созылған ойын Денистің пайдасына аяқталды. Ал келесі ойында ол брейк жасап, матчты өз пайдасына аяқтады – 6:3, 7:5.

Екінші жартылай финалдық ойында Бейбіт Жұқаевқа Григорий Ломакинді жеңу үшін екі сағатқа жуық уақыт кетті. Бірінші кезеңде жеңімпазды анықтау үшін тай-брейк қажет болды. Онда Жұқаев жеңіске жетті – 7:6 (8:6). Екінші сетте Бейбіт ойынды сенімді бастап, 6:4 есебімен басым түсті. Бүгін жанкүйерлерді Денис Евсеев пен Бейбіт Жұқаев арасында өтетін қызықты финал күтіп тұр.

Ерлер арасындағы жұптық сайыста чемпиондық атақ үшін Григорий Ломакин/Денис Евсеев жұбы Бейбіт Жұқаев/Тимур Мәуленов дуэтіне қарсы ойнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу