Ел чемпионы Еуропа лигасы добын елбасына сыйлады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
11490

"Астана" футбол клубы Еуропа лигасының плей-офф сатысына шығарған тарихи теңбіл допты Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етті.

Ел чемпионы Еуропа лигасы добын елбасына сыйлады Фото: kfb.kz

Жылдағыдай биыл да, Астанада ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жаңажылдық қайырымдылық кеші өтті. Көрнекті саясаткерлер, шенеуніктер, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары, КТК (КВН) Жоғары лигасының жеңімпазы "Спарта" клубы қатысқан дәстүрлі мерекелік кеште "Астана" футбол клубының ойыншылары да болды. Атап айтқанда, Абзал Бейсебеков, Асхат Тағыберген, Дмитрий Шомко және Сергей Малый сынды футболшылар еліміздің төрт дүркін чемпионының атынан барды.

"Астана" футбол клубының ойыншылары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше сыйлық табыс етіп, Абзал Бейсебеков 2017 жылы елорда клубының тарихи ерен жетістікке қол жеткізгенін баяндады. Сөз кезегі команданың вице-капитаны Дмитрий Шомкоға тигенде, ол:

– Нұрсұлтан Әбішұлы, осы мерекелік кеште Сізге ерекше сыйлық табыс етуге рұқсат етіңіз. Дәл осы доппен біз "Славия" клубының қақпасына шешуші және маңызды гол соғып, Еуропа лигасының 1/16-финалына шықтық. Бізді плей-офққа алып шыққан – осы доп. Осы сыйлықты қабыл алсаңыз, бұл біздің команда үшін үлкен мәртебе болар еді, – деп, Еурокубок добын елбасына табыс етті.

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев футболшылардың сыйлығын алып, тіпті "Астана" және Қазақстан ұлттық құрамасы ойыншыларымен доп теуіп, олардың көңіл-күйлерін көтерді.

Естеріңізге сала кетейік, "Астана" – қазақ футболы тарихында Еурпокубоктар додасының көктемгі плей-офф сатысына шыққан бірінші клуб. Төрт дүркін чемпионымыз тұңғыш рет Еуропа лигасының 1/16-финалына шығып, соны жетістікке қол жеткізген болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу