Ел дамымаса, үздік ұлттық брендтен пайда жоқ

2665

"ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі брендінің авторы ұсынған жоба "Қазақстанның ұлттық брендін анықтайтын байқаудың" тіпті алғашқы айналымына да жіберілмеген көрінеді. 

Ел дамымаса, үздік ұлттық брендтен пайда жоқ

Ол туралы Орталық коммуникациялар қызметінде 20 қазан күні болып өткен арнайы брифингте мәлім болды. Ұйымдастырушылар қабылдаған осы шешімнің мән-жайын Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашып айтпады. Тек өтініш авторының өзіне жеке хабарлауға уәде берді.

Жалпы, министрдің мәліметіне қарағанда, биылғы 31 қыркүйек пен  15 қазан аралығында байқауға бас-аяғы 966 ұсыныс түскен екен. Алайда, олардың тек 794-і ғана байқауға жіберілген. "172 жұмыс ереже талаптарына сай келмегендіктен, келесі кезеңге өте алмады", деді министр Дәурен Абаев. Фотолар жібере салған қатысушылар да кездесіпті.   

Енді азаматтар 2 қарашаға дейін SMS-хабарлама жіберу арқылы қалған 794 ұсыныстың ішінен ең үздік әрі тартымды бесеуін таңдауға тиіс. Содан кейін құрамына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ресми органдардың өкілдері, мәдениет және өнердің көрнекті тұлғалары кіретін Сарапшылық кеңес ең көп SMS жинаған, сөйтіп, ақтық кезеңге жолдама алған бес жұмыс арасынан ең үздігін таңдап алады. 

"Біздің заманымызда кез-келген мемлекет ең алдымен елдің имидж-беделіне назар аударады. Себебі, бұл инвестицияны және туристерді тартудың бірден бір жолы. Әрине, ұлттық брендке ең алдымен сол мемлекеттің шынайы табыстары – халықтың білім деңгейі, экономикалық дамуы, мәдени-рухани жетістіктері негіз болуы керек. Елдің имиджін ілгерілету үшін бір көргеннен есте қалатын айрықша символика қажет. Қазақстанның ұлттық бренді байқауын жариялаудағы басты мақсат осы!" – деген министр Дәурен Абаев, сонымен қатар, "логотип Қазақстанның барлық ерекшелігін қамтитын, жеңіл қабылданатын әрі тартымды болуы керек", – дегенді айтты.

Жеңімпаз 5 млн теңгеге ие болады. Сонымен қатар байқаудың соңғы кезеңіне шыға алған үміткерлердің әрқайсысына 200 мың теңге сыйақы табыс етіледі екен. Байқауды ұйымдастыру және жүлде төлеу жалпы алғанда 8 млн теңгеге түспек және ол шығындарды министрлікке қарасты "Қазконтент" АҚ көтеретін көрінеді.

Осы байқау қорытындысында ұлттық бренд таңдалған соң, Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенконың хабарлауынша, Сыртқы істер министрлігі оны шетелде ілгерлету мақсатында "Коммуникациялық стратегияны" әзірлеуге жаңа халықаралық байқау жарияламақшы.

"Бұл байқауда Қазақстанның брендін және логотипін таңдау – үлкен және кешенді жұмыстың бастапқы кезеңі болып табылады. Үкімет жанындағы арнайы комиссия бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, келесі жылдың басында Сыртқы істер министрлігі "Коммуникациялық стратегияны" әзірлеу және іске асыру мақсатында ашық халықаралық байқау жариялайды. Оған ақпараттық науқандарды жүзеге асыруда жаһандық деңгейде жетістікке жеткен беделді, тәжірибелі, салмақты ұйымды тартуды көздеп отырмыз. Біз соның көмегімен ұлттық брендті ілгерілету мақсатындағы міндетімізді барынша тиімді, үнемді, сапалы іске асырамыз, сондай-ақ біздің брендті кең танытатын аймақтарды және аудиторияларды табуға тырысамыз", – деп сендіруге тырысты Роман Василенко.

Оның айтуынша, ұлттық бренд шетелдегі ресми және бейресми іс-шараларда жаппай қолданылатын болады.

Өз сөзінде Сыртқы істер вице-министрі ұлттық бренд логотипі қанша жерден заманауи және көркем-стильді болғанымен, ол халықаралық қоғамдастықтың жақтырмайтын көзқарасын жақсыға өзгерте алмайтынын ашық айтты. Ал өзгерту үшін не істеу керек?

"Біздің бәріміз – елдің өкіліміз. Біздің жеке тұлғалық және кәсіби қасиет-қабілеттерімізге қарап, шетелдіктер ой түйеді. Елдің халқы қаншалықты ашық, еңбекқор, адал? Біз өз мойнымызға алған міндеттемелерді қалай орындаймыз? Жоғарғы сапада өнім шығарып, қызмет көрсетеміз бе? Келетін қонақтарға, туристер мен инвесторларға жайлы және қолайлы жағдай жасай аламыз ба? Жолдардың сапасы қандай? Сервис деңгейі қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауаптар Қазақстан имиджінің құрамдас бөлігі болып табылады" деп сөзін қорытты Роман Василенко.

Әйтсе де Орталық коммуникациялар қызметінде болған осы шараның барысында журналистер арасында "біздің ел осындай байқаулармен әуестеніп кеткен жоқ па?" деген сауал еріксіз кезіп жүрді.

Б. Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу