Дегенмен, көпшілік бұл өсім халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер етпей отырғанын жиі алға тартады.
Былтыр елдің жалпы ішкі өніміндегі өсім 6,5 пайызға жетіп, 300 млрд доллардан асты. 2026 жылы 320 млрд долларға, тіпті 340 млрд-қа баруы мүмкін екені болжанады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мейлі, бұл пікірмен келісуге болады, себебі қазір жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан, елдің мұнай нарығы алға басып келеді. Оның үстіне Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты "қара алтынның" бағасы да өсті.
"Каспий құбыры арқылы мұнай жіберу қалпына келді. Мұнай бағасы жоғары, сондықтан 2026 жылы ЖІӨ 300 млрд доллардан асады деген ықтималдық бар. Үкіметтің негізделген болжамы бойынша, 2027 жылы бұл көрсеткіш 380 млрд, 2028 жылы – 425 млрд доллар болады. Демек, ЖІӨ-ні екі еселеу мақсаты шындыққа жақын, ал 2029 жылға қарай ол 450 млрд долларға жетуі тиіс", – дейді экономист Асқар Қысықов.
Қазір үкіметтің инвестициялық пулында мыңдаған жоба бар. Ірі өнеркәсіптік нысандарды іске қосу жоспарланған. Шамамен 2030 жылға қарай бұлар тиімділігін көрсете бастауы мүмкін.
Бірақ бәрін біржақты болжауға тағы болмайды. Өйткені халықаралық жағдай, геосаясат тұрақсыз. Оның үстіне жалпы ішкі өнімнің өсімін басқадан бұрын халық сезініп жатыр ма? Шынында көбі әсер етпейтінін айтуда. Мәселен, былтыр экономика көлемі 6,5 пайызға артты, бірақ 12,3 пайызға көбейген қымбатшылықтың кесірінен халықтың нақты табысы 6 пайызға төмендеді.
"Жалпы ішкі өнімнің мақсаты өздігінен, халық табысы мен әл-ауқатымен байланыстырылмаса, дұрыс емес. Қазір көптеген экономистер мен үкімет өкілдері ЖІӨ өсімі халық табысының артуына алып келетін трансмиссиялық механизмді қалай жақсартуға болатынын ойластыруда. Ең алдымен, инфляцияның өсу қарқынын төмендету қажет. Бірақ қосылған құн салығының өсуі мен тарифтердің қымбаттауы сияқты проинфляциялық факторлар болды. Мұның бәрі бір-біріне әсер етеді. Сондықтан алдағы жылдары инфляцияны 5 пайыздық межеде ұстап тұру қиын болады", – деп ашығын айтты экономист Асқар Қысықов.
Қазір еліміздің экономика құрылымында еңбекақы қорының үлесі бар болғаны 30 пайызды құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-60 пайызға жеткен, яғни, халықтың табысы аз. Ал біз өсіп жатыр деп ойлаған жалпы ішкі өнімнің көбі корпорацияларға, соның ішінде шетелдік инвесторларға тиесілі. Сондықтан ол өсім халықтың тұрмысына айтарлықтай пайдасын бермей отыр.
Үкіметтің болжамынша, 2026-2028 жылдары экономиканың орташа жылдық өсімі 5,5 пайыз деңгейінде болса, екі еселеу мақсатына жетуге мүмкіндік бар. Бірақ осы тұста Дүниежүзілік банк Қазақстанда 2026-2027 жылдары экономикалық өсім азайып, 4,4 пайыздан аспайды деп отыр.
Негізі экономикалық өсімдерге қарамастан халықтың жағдайы жақсармай отырғанын үкімет те мойындап отыр. Осыған дейін премьер-министр Олжас Бектенов елде жалақының өсу қарқыны тым баяу болып тұрғанын мәлімдеген еді. Сол үшін үкімет жалпы ішкі өнімдегі жалақының мөлшерін 31 пайыздан 40 пайызға көтеруді ойластырып отыр.
Қазақстандағы орташа жалақы мөлшерін қанша жерден боямалап, керемет секілді көрсеткенімізбен, шын мәнінде көп жұмыс орындары ұсынатын айлық 200 мың теңгеден аспайтыны жария болды. Оның үстіне, елде кедейлер мен байлардың алшақтығы артқан.
International Finance Corporation (IFC) ұйымының есебінше, 1990-жылдардан бері әлемде халықтың табысын тек 34 мемлекет қана лайықты деңгейде көтере алған. Негізгі кедергі – "орта табыс тұзағы", яғни, елдер белгілі бір деңгейге жеткен соң әртүрлі себептерге байланысты сол жерде ұзақ уақыт тұрып қалады. Осы жағдайды қазір Қазақстан бастан кешіріп отыр.
Әуелде Қазақстан рейтингте төмен позицияда болмаған. Алайда Вьетнам секілді елдер алға озып, көрші Өзбекстанның өзі бізден жоғары жайғасқан. Бір жағынан ұйым Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ екенін, сондықтан логистика тұрғысынан басқа елдерге тәуелді екенін атап өткен. Осыған байланысты ел бұл мәселені шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Жан басына шаққандағы ұлттық табыс 2008-2009 жылдарға дейін қарқынды өскенімен, кейін күрт төмендеген. 2014-2015 жылдардағы дағдарысқа дейін аздаған өсім байқалса, 2020 жылы COVID-19 пандемиясы жағдайды одан әрі қиындатты.
Одан бері де алтыншы жылға қадам бастық. Геосаяси қақтығыстар, құбылмалы нарық, жаһанды инфляция жайлауы секілді факторлар белең алды. Енді қандай саясат тиімді болатынын болжап білмейтіндей кезеңге келгендейміз.