2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 9,9 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізге инвестиция тарту – Президенттің "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі. 2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 9,9 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға артық (8,3 трлн теңге)", – делінген хабарламада.
Үкіметтің ақпаратына сәйкес, 2025 жылдың 7 айындағы инвестициялардың негізгі үлесі тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік және қоймалау, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сияқты салаларға тиесілі.
"2025 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі соңғы жылдары 6,3%-ды құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құраса, қызметтер өндірісі 5,2%-ға артты. Негізгі драйверлер көрсеткіштері келесідей: көлік +22,5%, құрылыс + 18,5%, сауда +8,6%, тау-кен өнеркәсібі +8,5%, өңдеу секторы +6,1%", – деп хабарлады Үкімет.