Ел экономикасының 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді

2288

Инфляция келесі жылы 7,5-9,5% деңгейінде болады деп болжанады. 

Ел экономикасының 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдің 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жобасын таныстырғанда айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бірінші базалық сценарий. Мұнайдың орташа бағасы барреліне 85$ деңгейінде, ал доллардың есептік бағамы 470 теңге деңгейінде. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы 4% болады.

Екінші оптимистік сценарий. Мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110$, ал доллар бағамы – 440 теңге. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2% деңгейінде болжануда.

Үшінші пессимистік сценарий. Мұнай бағасы барреліне 60$ және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды.

Инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді.

"Бюджетті жоспарлауда базалық сценарий негізге алынады", – деді министр. 

"Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1 %-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9%-ды құрайды. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7%-ды құрайды. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд долларынан 84,6 млрд долларына дейін, импорт 45,7 млрд долларынан 53,5 млрд долларына дейін өседі", – деп сендіреді ол.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу