Ел футболындағы елеулі жеңістер

2201

18 жыл бұрын Қазақстан футболы Еуропаға ауысты.

Ел футболындағы елеулі жеңістер

Осыдан 18 жыл бұрын УЕФА-ның Стокгольмдегі 26-конгресінде тарихи шешім қабылданды. Біздің құрама команда сол шешімнен кейін Шри-Ланка, Түркменстан, немесе Вьетнам секілді құрамалармен ойнаймайтын болды. Себебі, Қазақстан футболы Еуропаға есік ашып, енді бұдан былай Англия, Бельгия, Нидерланды секілді алпауыт құрамаларға қарсылас атанды. Әлбетте, жеңілістер саны көп болғанымен, аракідік тәтті жеңістер де болып тұрды. Бірақ, ол кезде оны ойлаған ешкім жоқ. Ең бастысы Еуропаға өтуді қатты қаладық. Жанкүйерлер де қатты қуанды.

Еуропа футболына көшу үшін Қазақстан футбол қауымдастығы 2001 жылы Азия футболымен қош айтысты. Сосын біршама айлар бойы ешбір конфедерацияға мүше болмай әліптің артын бақты. Осы тұста көптеген мамандар Қазақстан футболының Еуропаға барғаны дұрыс деп ақыл айтты. Желтоқсан айында УЕФА делегаттары Қазақстанға келіп жағдайды тегіс тексерді. Артынша олар Қазақстанның өтінішін қарастырып, УЕФАға мүше қылып қабылдап алды.

Дегенмен, Қазақстан құрамасы мүше бола салысымен жарыстарға қатыса алмады. Мысалы, Еуро 2004 додасының жеребе тарту рәсімі өтіп кеткендіктен, құрамамыз бұл жарыстан сырт қалды. Алайда, қазақстандық клубтар еурокубок ойындарына қатысты. Елорданың "Жеңіс" командасы Чемпиондар лигасына қатысып, екі ойынның қорытындысы бойынша "Шерифтен" өте алмады. УЕФА кубогына қатысқан "Қайрат" пен "Атырау" "Црвена Звезда" және "Мотадор Пухов" командаларына жеңіліп қалды.

Батыс Еуропаның командалары Әзербайжан мен Израильді алыс санап, шалғайда жатқан елдер деуші еді, енді олардың қатарына Қазақстан да қосылды. 18 жылдың ішінде Қазақстан футболы Еуропада біршама жетістіктерге жетті. Мысалы 2016 жылы футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды. Какау бапкердің бастауымен алматылық "Қайрат" 2013 пен 2015 жылдары Еуропаның үздік клубы болды.

Ал үлкен футболдағы құрамамыз ешбір жарыста жетістіріп өнер көрсете алмады. Тек клубтарымыз легионерлердің арқасында еурокубокте топтық кезеңдерге шықты. Алдымен қарағандының "Шахтері" Еуропа лигасының топтық кезеңіне кірді. Араға 2 жыл салып "Астана" Виктор Кумыков шәкірттерінің жетістігін қайталап қана қоймай, артынша Чемпиондар лигасының тобына да енді. Оған дейін 2007 жылы "Тобыл" Интертото Кубогының жеңімпазы атанғанын да айта кетейік.

УЕФАға мүше болғанымыздың арқасында біз алға қарай көп қадам жасадық. Клубтарымыз мемлекет бюджетінен қаржы алса да, еурокубок ойындарына енді-енді еті үйреніп жатыр. Ал отандық футболшылар Еуропа алаңдарына барып доп тебуге әлі асығар емес. Сондықтан да, 18 жылдың ішінде тау қопардық демесек те, кішкене болса да алға жылжығанымыз рас.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу