Ел қауіпсіздігіне жауапты саланың есептері нашарлап барады

104

Мемлекет басшысының қатысуымен бірнеше жиын да өтті.

Ел қауіпсіздігіне жауапты саланың есептері нашарлап барады Фото: zakon.kz

Өткен қыркүйек айының соңы ел есінде қаралы хабармен қалды. Маңғыстауда өткен "Хазар қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Содан бері әскери жүйеге реформа қажет екені жиі айтылып жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Көп ұзамай Әскери-теңіз күштерінің басшылығы тергеуге алынды, Қорғаныс министрі болып тұрған Дәурен Қосанов қызметінен кетіп, орнына Айдос Мырзахметов келді. Ведомствоның жаңа басшысы қызметіне кірісе сала Ақмола горнизонына тосын, алдын ала ескертусіз тексеріспен барып, белсенділік көрсеткенін де байқадық.

Дегенмен саланың ахуалы қысқа уақытта реттеле салмайтыны тағы бар. Әскердегі түйткіл, сарбаздар арасында әлімжеттік барын ресми статистиканың өзі тайға таңба басқандай көрсетіп отыр. Таяуда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сандарын саралаған Finprom сарапшылары "Қазақстанда әскери қылмыстардан зардап шеккендер шарықтау шегіне жетті" деп мәлімдеді. Ресми деректің өзі жағдайды ашып көрсеткенде, ер жеткен ұлы бар әр ата-ананың уайымға салынуы бекер емес.

Сонымен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, биыл алғашқы 8 айда елімізде 261 әскери қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,5 есе көп. Ең зер салар тұс, 2023 жылдан бері әскери қылмыстар жыл сайын өсіп жатыр. Әрине, бұны біржақты бағалауға болмайды. Себебі екі сұрақ бар: қылмыс саны расымен артып жатыр ма, әлде әскери жүйе ашықтыққа көшіп, бұрын жасырулы қалатын істерді есепке қоса бастады ма?

Сұрақтардың жауабын толық білу үшін биыл тіркелген қылмыстардың әрбірінің бабын жеке саралаған абзал. Бірақ есептерді тіркеген шенділер дәл осы тұсына келгенде кері тартыныпты. Алғашқы 8 айда тіркелген 261 әскери қылмыстық құқық бұзушылықтың тек 47-сі бойынша егжей-тегжейлі ақпарат берілген. Әйтсе де 2026 жылдың алғашқы 7 айына арналған құжатта "Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар" бөліміндегі негізгі қылмыстық баптардың барлығы көрсетілген.

Біріншіден, әлімжеттік пен жарғылық емес қарым-қатынас жағдайларының саны 37 пайызға артып, 74-ке жеткен. Яғни осы тармақ бойынша ай сайын кемінде 10 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп отырады. Екіншіден, билікті асыра пайдалану фактілері 79,6 пайызға көбейіп, 49-дан 88-ге дейін өсті. Қызметке салғырт қараудың ресми тіркелген 16 жағдайы анықталды. Үшіншіден, гарнизонда ішкі қызмет атқару немесе патрульдеу тәртібінің жарғылық қағидаларын бұзудың 8 фактісі, билікті теріс пайдаланудың 5 жағдайы және биліктің әрекетсіздігіне қатысты 2 оқиға тіркелген.

Енді ең маңыздысына келейік, биыл алғашқы 8 айда Қазақстанда 363 адам әскери қылмыстардың құрбаны болған. Бұл да кейінгі 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Тіпті толық күнтізбелік жылдардың есептерімен салыстырғанда да, құрбандар саны бұрын-соңды мұндай деңгейге жетпеген. Өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырсаңыз 2,5 есе көп. Бір қызығы, әскери қылмыстардан зардап шеккендердің басым бөлігі – 20 жасқа толмаған азаматтар.

Мәселен, 2020 жылы 20 жасқа толмаған 42 сарбаз әскери қылмыстардан зардап шеккен және бұл жартысынан көбі. Яғни зардап шеккендердің жалпы саны 80 адамнан аспаған. Ал биыл 8 айда жалпы саны 256-ға жетіп үлгерді. Бұл қарқынмен жылдың қорытынды есебінде 400-ге жуықтап кетуі мүмкін.

Дегенмен есепте зарджап шеккендердің қаншасы қаза болғаны көрсетілмейді. Тек адам өліміне соқтырған 8 оқиға бар. Бірақ бір оқиғада бір немесе одан да көп адам қаза табуы мүмкін. Оның дәлелі – Каспийдегі 14 сарбаздың өлімі бір оқиғаға саналады.

Бұған дейін әскерилердің өз-өзіне қол жұмсауы жөнінде жиі мәселе көтерілетін. Кейінгі кездері де бұл мәселенің түйіні тарқамады. Биыл қаңтар мен шілде аралығында 6 әскери қызметші өзіне қол жұмсады. Үшеуі келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер. Себептері белгісіз. Ал себебі анық үш оқиға бар, үш сарбаз өз-өзіне қол жұмсамақ болып, ойы іске аспаған. Бірі жалғыздықтан қажыса, екіншісі материалдық жағдайына, үшіншісі жұбайымен қарым-қатынасына алаңдаған екен.

Иә, кей кезде әлемде бірінші саналатын АҚШ армиясының өзінде қылмыс пен өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары көп екені айтылып жатады. Дегенмен бұл тақырыпты жылы жауып қою керек дегенді білдірмесе керек. Әр оқиға қоғамның өз әскеріне сенімін жоя бастайтыны анық. Ал сенімді сақтаудың жалғыз жолы – мәселені жасырмай, қажет жерінде жұмыла шешу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу